Басты бет Басты ақпарат ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛСАҢ – БИІКСІҢ

ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛСАҢ – БИІКСІҢ

0
28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан құруға, ол барынша ашық, әділетті болуға тиіс екенін айтты. Президент тапсырмасын орындау үшін оның жергілікті өкілдері де әділ, турашыл, халыққа  жақын болуы керек. Жалпы әкім, әкім болғанда да бүгінгі Жаңа Қазақстанның, жаңа дәуірдің әкімі қандай болуы керек? деген сұрақ кеудемізге келгенде ойымыз шартарапқа кетіп жататыны да жасырын емес. Бүгінгі әкім әмбебап болғаны жөн. Яғни, саясатты жаңғақша шағып, одан қалды шаруашылықты ұршықша иіріп, алдына келген адамның өтініш, тілегін риза көңілмен орындап, жан-жақтылығын танытуы керек. Неге алдымен саясат? Өйткені идеолог бола алмаған әкім шаруашылықты жандандырам деп жүріп өзі басқарып отырған елді қара жұмыспен қажытып жіберуі бек мүмкін.

Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Шыны керек, игі жақсының барлығы дерлік осы ауыл дейтін ұлы даладан шығады. Өзіміз де ауылда туып, өскендіктен ауылдың иісін, тыныс-тіршілігін жақсы көреміз. Басқаша өмірді елестете алмаймыз. Ауылына қарап, әкімін таны деген сөз де нақылға айналып кетті. Ауданымызға Бота Елеусізованың әкім болып келгеніне бір жарым жылдай уақыт болды. Әйел үшін өте ауыр жүк. Дей тұрғанмен саясаттан хабары зор, шаруашылықты шыр айналдыратын жан үшін бұл лауазымды атқару аса қиындыққа түспеген сияқты. Оны аудан тұрғындарының әкімге деген құрметінен, сырттай тілеуінен байқап жүрміз. Ылайым, көптің тілеуі оңынан болғай…

– Бота Серікқызы, мамыр айына еліміз үшін ең маңызы мерекелі күндер біріккен. Мамырдың алғашқы жұлдызы татулығымыз бен тұрақтылығымыздың белгісі – бірлік күнінен бастау алса, Отан қорғаушылар күнімен жалғасын тауып, артынша Жеңістің 80 жылдық мерейлі күнін атап өтеміз. Осы айтулы күндердің қарсаңында бір ауыз лебізіңізді ести отырып, әңгімемізді бастасақ.

– Барша халықты, аудан тұрғындарын мамыражай мамырдың күнтізбесінен орын алған еліміздің біртұтастығының, тұрақтылығының төл мерекесі 1 мамыр – бірлік күнімен, еліміздің қорғаныс саласының қуаты мен қиын да жауапты қызметінің құрметіне белгіленген 7 мамыр – отан қорғаушылар күнімен, әлемдік тарихтың қойнауына енген екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіс күніне 80 жыл толуына орай  аталып өтілетін мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Ауданның барлық тыныс-тіршілігі алақаныңызда десек артық айтқандық бола қоймас. Өзіңіз басшылыққа келген уақыттан бері ауыз толтырып айтатын дүниелер мен басы қайырылған шаруаларды айтсаңыз.

— Татулығы жарасқан осы өңірге қызметке келгенімен бір жарым жыл уақыттың жүзі болып қалды. Бұл жауапты қызметке білек сыбана кіріскелі бері экономикалық-әлеуметтік бағытта да, идеологиялық бағытта да бірқатар өзгерістер мен жетістіктер орын алды деп сеніммен айта аламын. Оның әрқайсысын жіпке тізбей негізгілеріне тоқталар болсақ, өткен жылғы негізгі көрсеткіштер межеден артық орындалып, дамуға қарай бет алғандығымызды дәлелдеді. 2024 жылы Өнеркәсіп өнімі 22 млрд. теңгеден астам соманы құрап, меже 137 пайызға орындалды.  Инвестиция көлемі 25 млрд.278 млн. теңгеге орындалып, 107 пайыздық көрсеткішке жетті. Тауар айналымы 12 млрд. теңгеден аса көрсеткішке көтеріліп, 100 пайызды құрады. Құрылыс көлемі 13 млрд. теңгеден аса нәтиже көрсетіп, 131 пайызға орындалды. Тұрғын үй бойынша 18 мың 608 шаршы метр қолданысқа енгізіліп, 2797 шаршы метр артығымен орындалды. Салықтың орындалуы да 8 млрд. теңгеден асып, 103 пайызды құрады. Осы аталған негізгі көрсеткіштердің өсіміне қарай ауданымыздың экономикалық тұрғыдан әлеуметінің артып келе жатқанын сеніммен айтуға болады.

Ал ауылшаруашылық саласы ауданымыздан ең басты көрсеткіштерінің негізі болып табылады. Ауданымызда 20 840 гектар суармалы егістік, 2483 гектар бақ, 651 гектар жүзімдік, 1337 гектар тыңайған жер,  5412 гектар шабындық және 125 036 гектар жайылымдық жерді шаруалар мен шопандар игеруде. Биыл осы шаруалар жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 пайызбен 167,3 млн.теңгеге 11 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы  2024 жылы ауданнан 109 құжат рәсімделіп, жалпы құны 1 млрд. 296 млн. теңгеге «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өткізілді. Сондай-ақ 7 кәсіпкер  26 млн теңгеге бал ара омарталарын сатып алып, өз жұмыстарын бастады. Ауданда тіркелген СПК «Мед КЗ» кәсіпорны  арқылы өнімдерін өткізуде. Ауданымызда ірі екі құс фабрикалары жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Otan Green Food» ЖШС, биылға 1 223 794 бас құс өсіруде. Сонымен қатар, 2022 жылы ашылған «Прима құс» ЖШС бүгінгі күнде 865 мың құс өсіріп отыр. Бұл да біздің агросектор саласына бейім, халқы еңбекқор ауданымыздың ауылшаруашылық саласындағы жеткен таудай жетістіктердің белгілі бір бөлігі ғана.

Адамдардың түсінігі, пайым-парасаты түрлі деңгейде болатындығы заңдылық. Сырт көз сыншы екендігі айтпаса да түсінікті. Ал сіз арагідік өзіңізді сынай жүресіз бе? Бүгінгі атқарып жатқан жұмысыңызға өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

Адам өзіне өзі көңілі толған сәттен бастап екпіндеп еңбек ету, үздіксіз ізденісте болу, талпыну, құлшыну деген процестердің барлығы тоқтайды деп есептеймін. Сондықтан нәтижеге қол созған адам іскерлік жолында өзін-өзі үнемі қамшылап отыруы тиіс деп ойлаймын.

Мемлекеттің, Президентіміздің саясатын жүзеге асырушы биліктің өкілісіз. Кейде тапсырмаларды орындауға мүмкіндік жетпей жататын кездер болады. Ол кез келген салада, құрылыс болсын, әлеуметтік сала, медицина, құқық қорғауда. Шығатын жолды қалай қарастырасыз?

– Халыққа адал қызмет етуге ант етіп, ауыр жүкті арқалап, үлкен жауапкершілікті алып осы лауазымға келген соң білімімді де, уақытымды да, тәжірибемді де барлығын мүмкіндігінше міндеттерімді дұрыс атқару жолында жұмсауға тырысуым керек. Уақыт пен мүмкіндік жетпей қалған кездерде «Шығатын жолды қалай қарастырасыз?» деген сұрағыңызға шығатын жол емес, шешімін табатын жолын қарастырамын деп жауап берейін. Өйткені осы өңірдегі Президентіміздің тікелей тапсырмалары мен мемлекетіміздің саясатын жүзеге асыратын лауазымды тұлға болғандықтан мен үшін жүктелген міндеттемелер мен тапсырмалардың уақтылы әрі сапалы орындалуы үшін жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуге көптеп күш жұмсаймын.

Тұрғындар алдында есеп беруге барғанда алдыңыздан көп шығатын сұрақ?

Тұрғындар алдына есеп беруге барған кездерімде де, тұрғындар менің қабылдауыма жеке кірген кездерде де ең көп қойылатын сауал – баспана мәселесі. Бұл әрине әр кезеңде өзектілігін жоғалтпаған күрделі сауал. Баспана мәселесінен кейін жер мәселесі, ауылдардағы мәдениет ошақтары мен ауылшаруашылық бағытындағы сауалдар көптеп қойылып жатады. Қойылған әр сауал – ол маған халықтың арқалатқан аманаты. Сондықтан кез келген мәселе айтылған жерде қалмайды. Оны ауданымыздағы өзекті сұрақтар тізбесіне енгізіп, алдағы уақыттағы шешілу жолдарын қарастырып, кезең-кезеңімен шешіп отырамыз.

– Қай ауылдың тұрғындары белсенді?

– Аудан бойынша белгілі бір ауылдың тұрғындары белсенді деп ерекшелеп атап көрсете алмаймын. Әр ауылдық өзіне тән ерекшелігі мен белсенділігі бар. Мен аудан халқының, ауылдардың өзге белсенділігінен бұрын еңбекқорлығын астын сызып айтқым келеді. Біздің аудан ауылшаруашылық саласына өте қолайлы және бейім болып келеді. Осы мүмкіндікті қалт жібермей егін шаруашылығын да, мал шаруашылығын да, бақ өсірудің де жілігін шағып, майын ішіп отырған еңбекқор жерлестеріміздің белсенділігін айрықша атап өткім келеді.

Қарапайым қарашаның билікке сенімін арттыру үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

Халық пен биліктің арасындағы сенім көпірі шайқалмас үшін мемлекетіміз түрлі сарабдал саясаттарды жүзеге асыруда. Президентіміз де халықтың сенімін бірінші орынға қойып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Тыңдаушы үкімет» деген сынды тың бастамаларды көтеріп,  жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтіп, халықтық бақылауды алға тартып отыр. Халықтың билікке деген сенімі әлсіреп кетті деп айта алмаймын, белгілі бір арандатушы топ болмаса, қазіргі кезде мемлекеттің атқарып отырған жұмысы барлығы ашық әрі әділ түрде жүргізіліп отыр.

Тұрғын үй құрылысы салынып жатыр, халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратының ауданда бой көтеруінің өзі үлкен жетістік деу керек шығар? Тағы қандай нысандар салынбақшы?

Аудан аумағында құрылыс қарқыны жоғарғы дәрежеде жүргізіліп жатыр. Халықтың әлеуметтік осал тобын тұрғын үймен қамту мақсатында өткен жылы 60 пәтерлі көпқабаты тұрғын үй қолданысқа берілген болса, ағымдағы жылы тағы бір 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бітуге жақын. Онымен қоса 40 пәтерлі үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл да бірқатар пәтер өз иелерін қуантатын болады. Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты, Ават, Диірмен, Кіші Диқан, Ақтам, Дардамты, Шырын ауылдарында  салынып жатқан жаңа емхана ғимараттары, толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Шарын ауылдық мәдениет үйінің, Шырын орта мектебінің ғимараты халықтың игілігі үшін мемлекет қолдауымен жасалып жатқан нәтижелі жұмыстар. Алдағы уақытта ғимараттары қатты ескірген ауылдық округтерге әкімдік ғимараттарын салу, мәдениет ошақтары мен спорт кешендерінің бой көтеруі, қажеттілігі жоғары ауылдық округтерге тоспа салу мәселелері жоспарланып тұр.

– Ауылшаруашылық саласына бейім ауданға жатамыз. Бұл саланың құлаш жайып өркендеуі үшін тың бастамалар бар ма? Өткенде бір жиында инвесторлармен кездесудің сәті түсті. Бірақ олардың діттегендері ауданды дамыту емес, жеке бастың пайдасындай көрінді. Мүмкін қателесермін. Камелина сатина өсімдігін өсіреміз деген ниеттерін білдірді. Аудан басшысы болғандықтан Сізге мұндай ұсыныстармен келетіндер көп болар? Олардың ойларының дұрыс, бұрыстығын бағамдай аласыз ба?

– Ауылшаруашылығы жоғарыда атап өткенімдей біздің өңірдің ең басты экономикалық тетігі. Бұл саланы жыл сайын жаңартып, оған сәт сайын серпін беріп отырмасақ, алға жылжу болмайтындығы айқын. Сондықтан алдағы уақытқа қойылған жоспар да, талап та күшті. «Кең дала», «Ауыл аманаты» сынды мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруаларымыздың шаруашылығын дамытуына мүмкіндіктер жасап, мал басын көбейтіп, өңірімізге және елімізге пайдасы тиетін инвест жобаларды тартуды алдымызға міндет етіп қойдық. Ал сіз атап айтқан инвесторлар жергілікті атқарушы органға арнайы ұсыныспен келді. Біз қоғамдық кеңестің келісімін алуға ұсынған болатынбыз. Алайда халық пен биліктің үні де, ойы да бір жерден шықты. Болашағы бұлынғыр, көксегені жеке бастың пайдасы, мақсаты айқын емес инвесторлардың жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермедік. Ондай түрлі жоспармен келетін кәсіпкерлер көп. Мұндай сәттерде шолақ шешім қабылдамай, «Жеті рет өлшеп бір кесеміз».

Облыстағы аудан әкімдерінің ішіндегі жалғыз әйел адамсыз. Аудан әкімі лауазымы мен үй шаруасын қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?Шаршаған, қиналған сәтте қандай әдісті қолданасыз, жаныңызды немен тыныштандырасыз?

Менің қазіргі арқалаған жүгім де, оның жауапкершілігі де жеңіл емес. Осыған орай үй шаруасына көңіл бөлуге уақыт табу қиынға соғып жатады. Алайда мен антқа адал болуды, халыққа қалтқысыз қызмет етуді алдыма мақсат етіп қойған соң атқарып отырған лауазымдық міндетімді бірінші орынға қоямын. Екі жауапкершілікті қатар алып жүру қиын болса да арагідік үй шаруасына мүмкіндігінше  уақыт бөліп, әйелдік міндетімді де атқарып отырамын. Шаршаған кезде көбінесе кітап оқу арқылы тынығуға тырысамын.

– Аудан орталығы Шонжының орталық көшелері тал, теректермен көмкеріліп, жазда көлеңкелі жерлермен жүруші едік. Тазалығы да келген қонақтарды тамсандыратын. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» деп арнайы акция қабылдауы да тегіннен-тегін емес-ау. Әр тұрғын өзінің ауласын, қала берді көшесін таза ұстауға тырысса, «Таза Қазақстан» акциясы науқандық қана болып қалмай үздіксіз жүргізілсе деген ниет біздікі.

Шонжы ауылдық округі және жалпы аудан аумағын күл-қоқыстардан тазарту үшін үздіксіз сенбілік жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында әр апта сайын сенбілік, тазалық жұмыстары жүргізіліп, оған ауыл халқы, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар жұмылдырылады. Осы аталмыш бағдарламаны газетіміздің әр санында сіздер де насихаттап, аудан халқын тазалыққа, сенбілік жұмыстарын жасауға, Президентіміздің бастамасын қолдауға шақырсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Ағаш отырғызу жұмыстары да аудандық орман шаруашылығы және Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мекемесімен бірге белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қоршаған ортаға қамқорлық пен айналаны таза ұстау және жасыл желекке айналдыру күн тәртібінен түскен емес. Бұл жұмысқа жұртшылық жұмыла кіріссе ауылымыздың ажары ашыла түсері хақ. Әр адам өз бойына тазалық мәдениетін қалыптастырып, экологиямыздың жақсаруына атсалысса нұр үстіне нұр болмақ.

–  Ауданның жақсылығы, көркеюі, дамуы бір Сіздің қолыңызда деуге келмейді, дей тұрғанмен соған мұрындық, ұйытқы болатын өзіңіз. Алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз?

– Аудандық бюджет есебінен Бахар ауылдық округіндегі Шырын ауылына өрт сөндіру бекетін орнату жұмыстарына    20,0 млн теңге қарастырылды. Ауданның шешімді талап ететін басымдылығы маңызды өзекті мәселелер бойынша жол картасы әзірленіп, 87 мәселе енгізілген болатын (жобалардың жалпы құны шамамен 94.6 млрд теңгені құрайды).

Бүгінгі күнге 14 мәселе (4,1 млрд теңге)  өз шешімін тапса, 2025 жылға 17 мәселе бойынша облыстық бюджет комиссиясының отырысында құрылыс-монтаждау жұмыстарына 9 млрд. теңге сомасында бюджет қаражаты бөлінді. 21 мәселенің жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 530 млн. теңге бөлінді. 33 мәселенің жобалық іздестіру жұмыстарының есебі дайын. Жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеуге бюджеттік өтінім тиісті басқармаларға кезең-кезеңмен берілуде. Осы ауқымды мәселелер оңтайлы шешімін тапса алға қойылған жоспардың бірқатар бөлігі орындалды деген болар едік.

         –  Бақыт Беделханның тойы дүрілдеп өтті. Шындығында қыруар ақша төлеп шақырта алмайтын қонақтар қасиетті жерімізге табан тіреді. Өз басым ауыздары дуалы азаматтардың келгеніне қатты қуандым. Олардың шапағаты тиері сөзсіз. Ауданның, қасиетті Қарадаланың аты жаңғырғандай болды? Осындай мерейтойлар өткізуге қаншалықты құлықтысыз?

– Төбесін көкке тіреген асқаралы Аспантаулардың құшағында көсілген қасиетті Қарадаланың киелі топырағына талайлаған танымал тұлғалар мен өнер саңлақтарының кіндік қаны тамған. Қамбасы дәнге, көмейі әнге, қойнауы құтқа толы қасиетті өлкенің өнер бесігінде тербелген кешегі Сәдіғожа Мошанұлы, Илья Бахтия, Шарғын Алғазыұлы, Мәшүр Жәлилов, бүгінгі Нұрлан Оразалин, Бекжан Тұрыс, Сәуле Досжан, Ардақ Балажанова, Ерболат Шалдыбеков, Нұркен Өтеуіл, Айгүл Жұмаділ, Жарас Сәрсек, Сафуан Шәймерденов, Мұрат Есжан, Қуандық Қыстықбаевтар ауданымыздың атын дүйім елге асқақтатып, туған жердің мақтанышына айналды. Өнердің осы соқпағына өзіндік ат ізін салып, қайталанбас туындыларымен еліміздің поэзия әлемінің төрінен ойып тұрып орын алған ақын, драматург, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері  Бақыт Беделхан да біздің жерлесіміз екендігі біз үшін асқақ мәртебе, айрықша мақтаныш. Бақыттың тойы халықтың тойына айналды. Дүйім ел қасиетті Қарадалаға ат терлетті. Оның ішінде аты аңызда қалатын ел ағалары бастаған халық қалаулылары қоштаған танымал тұлғалар біздің өлкенің перзентінің мерейтойына келгендігі барлығымызды бір көтеріп тастады. Әрине мұндай тойларды өткізуге қашан да құлықтымыз.

         – Бір жарым жыл үлкен өлшем емес. Ауданның халқы өзіңізді жақсы танып, біліп алатындай мерзім. Мәселен бір кездерде әкім атындағы жүлде қойылып, волейболдан, баскетболдан аудандық жарыс өтетін. Әр округтен жиналған құрама командалар түннің бір жарымына дейін додаға түсетін. Әр ауылдың жанкүйерлері келіп алатын. Кәдімгідей думанға айналатын. Біріншіден ересектерге жақсы мотивация болатын. Жеңіліп қалғандары қайтарым ойынға шақыратын…

         – Қазіргі таңда да спортқа көптеп көңіл бөлініп жатыр. 2023, 2024, 2025 жылдары ұлттық ат спортынан облыстық турнир біздің ауданда өткізілетін дәстүр қалыптасты. Еліміздің тарихында ойып тұрып орын алатын, енді ғана қанат жайып келе жатқан «Алыптар сайысы» да өткен жылы біздің өңірде өткізілгендігі елдің есінде. Ағымдағы жылы да ұлттық ат спортынан облыстық сайыс біздің ауданда өткізілді. Алатау лигасының да жарыстары біздің өңірде өткізіліп жатыр. Ал жергілікті спортшылар арасынан жақсы бір үрдіс қалыптастырып, спорттық байқаулар өткізем деген ұсынысымен келіп жатса біздің тарапымыздан мүмкіндігінше қолдаймыз. Өйткені спорт саулықтың және жарқын келешектің кепілі екендігі айқын!

         – Биліктің адамына сын көз көп. Жаратушы ием өзі қолдасын. Адамның ниеті мен пиғылы дұрыс болса ол міндетті түрде қолдауға ие болады. Қолдаушыларыңыз көп болғай…

Әңгімелескен Баян МАМЫРБАЕВА

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ГЕЗИТ – ӨЙНИҢ БӘРИКИТИ!

         Француз императори, реформатор, тарихтики әң атақлиқ қолбашчиларниң бири Наполен …