Ғасырда бір рет қана аса дарынды болып дүниеге келетін жандар болады. Ол бәлкім ақын, мүмкін суретші, әлде композитор, күйші, әртіс болуы да ғажап емес. Олардың қарапайым пендеден айырмашылықтары – бойларындағы ерекше қабілеттері. Жаратушы оларға басқа адамдарда жоқ қасиетті береді. Олардың жанын рухани байлыққа кенелтіп тастайды. Олар әлемді басқаша түспен, өзгеше өңмен қабылдайды. Олар көп емес. Сонысымен де бағалы болар, бәлкім…

Осындай аса талантты, қазағына өлмейтін, өшпейтін ән тастап кеткен Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірі болса биыл 95 жасқа толар еді. Қазақ вальсінің королі деген атқа ие болған Шәмшінің қалдырған мұрасын ұрпағы түгендеп, оның музыкасын тек аға буын ғана емес жастар та насихаттап жүргенін көргенде шыны керек жан дүниең ақтарылып түседі. Шәмшінің әні жалпы адамзатқа арналған. Оны жас та, бала да, қария да түсінеді. Жүректен шыққан шынайы дүние жүрекке жететінін дәлелдеп кеткен бір композитор болса, ол – Шәмші. Оның әуені санаңда еш қиындықсыз сақталады. Әнші болмасаң да оның әуені жаныңды тербеп жүреді. Ол сонысымен де мәңгілік.
Аудандық мәдениет үйінде Шәмшіге арналған «Әнмен өрілген ғұмыр» атты сазды кеш өтті. Аудандық мәдениет үйі жанындағы ансамбль мүшелері мен «Қарадала» театрының еңбегі. Шәмшінің өмірі көз алдымыздан өтіп, біресе қуандық, бірде көзімізге жас алдық. Өнер адамдарының Шәмшіні қаншалықты құрметтейтіндіктеріне көзіміз жетті. Тума таланттардың мына өмір қалыбына сыймайтындығын жақсы білеміз. Шәмші де өз кезеңінің қалыбына сыймаған дара тұлға.
Сахнада Шәмші жүр. Өз ойымен өзі арпалысып. Қойылым оның монологымен басталды.
Жоқ едім, жоқтан барға айналдым,
Бір тамшы қан едім, қаннан жанға айналдым.
Шыр еткен үнім шығып, түнектен таңға айналдым,
Күн өткен сайын дүние дидарына қанбай қалдым.
Азғырып ақылымды, аз ғұмыр арбайды әр күн,
Ауырлай берді-ау жолым, арылмай маңдайдан мұң.
Өмірге неге, не үшін келдім?
Қайдамын, кіммін, қандай жанмын?.. Жан күйзелісін өлеңдетті. Естайдың «Құсни-Қорлан» әніндей аса биік, сағыныш пен сұлулықты құс жолындай қиянға ұшырып әкететін бір ән жазсам…Мұндай керім әнді тудырған не сиқыр, неткен тылсым күш? Махаббаттың ғазалынан бөлек бір ерекше құдірет бар-ау! Естайдың «Құсни-Қорланындай» ән жазсам, арманым болмас еді-ау!
Сыртқы дауыс оның жанын жейтіндей сөз айтты.
Шәмші, сен бірыңғай вальс жазасың! Жаңалығың жоқ, ескі заманмен үндессің. Оратория, ең болмағанда контата жазуың керек еді. Оны да жаза алмайсың! Өйткені, консерватория бітірген жоқсыз! Біліміңіз жоқ!
Мына сөзге шамданған Шәмші: Сонда Ақан сері, Біржан салдар, күй атасы Құрманғазы консерватория бітіріп пе екен? Менің әндерімнен туған жерімнің жұпар иісі сезіліп тұрған жоқ па? Құдайым-ау, түсінсеңдерші! Түсінсеңдерші… Міне, қазіргі біздің бишікештердің өнерге деген көзқарасы осындай. Туған жер, Отан туралы ән жазсаң, шегірткедей қаптаған шенеуніктер жабыла кетеді. Құдайым-ау, түсінсеңдерші, а? Бұлардың ойларынша әнді өз жүрегіңмен сезініп емес, партияның нұсқауымен жазуың керек екен. Қанатыңды қайырып, жігеріңді құм етеді. Құдайым-ау, түсінсеңдерші! Менің әндерім халық әуендерімен сарындас. Ән жазу үшін алдымен халқымыздың өмір тарихын, салт-дәстүрін, киелі қасиеттерін қастерлей білуіміз керек қой. Онда ұлттық үн болуы тиіс. Ал мен сол үдеден шығуға тырыстым. Бар болғаны сол.
Сахнада кобыз бен саксафонмен Шәмшінің әндерінен попурри орындалып, жанымызды рахатқа бөледі. Жанға жайлы әуен жиылғандарды өзгеше бір әлемге жетеледі. Балалық шаққа саяхат жасап қайтқандай, өткеннің керемет көріністерін көз алдымызға келтіріп қойғандай болды. Отырардағы тойы жан сарайымызды сергітіп сала берді…
Шәмші, сенің «Ана туралы жырыңды» бүкіл әлем айтады. Монғолиядағы қазақ мектептерінің оқушылары күн сайын таңертең сабақ басталарда айтады екен. Шәмші, сенің әндерің қаңғыр-даңғыр әумесер емес. Сенің әндерің сезімге құралған. Аңқылдаған досының өзіне деген сенімі қамшылай түседі.
Сахнада «Ақмаңдайлым» әні орындалды. Әніне сөзі құйыла қалған әнге қол шапалақтарымен қолдау көрсетілді. Тағы да Шәмші сөйледі. – Кез келген шығармашылық адамы тәрізді менде де бір жалғыз арман бар. Арыс өзенін жағалап жүру үшін туған жеріме тартып кетсем де, қайдасың деп Сыр сұлуына сапар шексем де, Ақмаңдайлымды қайығыма отырғызып, Бурабайға барып қона жатсам да, «қасиетті халқымның алдындағы борышымды ел күткен дәрежесінде өтей алсам жақсы болар еді» деп жатсам-тұрсам толғандым. Бірақ… Біресе өзімнің басымдағы күйбең тіршілікпен алыстым. Біресе, шығармашылығымдағы қарама- қайшылықпен алыстым.
Көп қарғаның аңдығаны – өлексе,
Көрінгенге болған емен кіріптар.
Менде өйткені ешкімде жоқ ерекше –
Сағыныш бар, махаббат бар, үміт бар.
Сағыныштың сары уайым түбі, әттең,
Сабыр қашып, күзгі ормандай сыңсимын.
Біреулердей бұғып қалып бірақ мен,
Жалтақтамай шын сағынып, шын сүйдім…
Тағдырымды түсіне алмай түйсініп,
Тар көрініп көп кещеге кең мекен.
Менің сұлу ғұмырыма сүйсініп,
Бұл өмірден өтеді олар… Мен де өтем.
Жақсы ән үлкен тебіреністен, терең толғаныстан туады. Шығармашылық дарын иесі жаңа туындысын жазғанда сөз жоқ жанын жеп жазады. Мен өмірімде қанша ән жазсам, сонша жылаған болуым керек. Шәмші сыған қызына ғашық болып, сығандарға еріп кетіпті деген әңгіме бар халық арасында. Расында, менің онда барған себебім, бүкіл әлемде бытырап көшіп жүрген сығандардың қандай халық екенін білгім келді. Менің түсінігімде олардың музыкасы сан қырлы, әуезді, мұңлы! Сол мұңның ар жағында өз шаттығы, өз қуанышы менмұндалап тұрады. Ылғи бір еркіндікті аңсаған мұңлы, сазды әндер. Жоқ, мен сыған қызына ғашық болған жоқпын. Бір қыз бар еді. Изольда. Менімен жүрмекші болды. Қаласам, маған тұрмысқа шығуға да әзір еді. Бірақ мен мұндайды қазақтар да, сығандар да түсінбейді деп, оны райынан қайтардым. Қайран, Изольда! Қазір қайда жүр екенсің? Өзің аңсаған еркіндікке жете алдың ба, жоқ па?
Иә сығандар еркіндікті, азаттықты аңсап, көшіп-қонып жүрген еркін халық қой. Сахнада «Сыған серенадасы» орындалды. Залдың екі қапталынан сығандар шығып Шәмшіні ортаға алып, шыр айналдырды. Әннің қалай дүниеге келгенінен хабардар болған жұрт мәз болысты. «Дүнген қызы» әні шырқалғанда жиналған көрермен би билеп, қолдау көрсетті.
Шәмші жан сырын ақтарды тағы да. Бір күні анда, бір күні мында болып, бір күні Жайықта, бір күні қырда болып, Алматы мен Шымкенттің арасын шарлап жүргенде, өзіңнің дүниеден өткеніңді сезбей қалыппын. Міне, енді қайғылы хабарыңды естіп, қан жұтып отырғаным мынау. Кешір. Сенің қасыңда өткен әр күнім әр сағатым өмірімнің өшпес бақыты екенін енді ғана сезіп отырмын. Жер дүниені шарлап әркімге арнап талай ән жазғанымда өзіңе бір лебіз білдіре алмағаным қандай өкінішті! Енді сенің ақ дидарыңды айдан іздеймін бе, күннен іздеймін бе? Сенің бейнеңе теңесетін ештеңе жоқ.
Қайтыс болғаныңда, басыңа барып, бір уыс топырақ сала алмадым. Сондағы перзенттік парызым қайда? – деп анасынан кешірім сұраған сәті өте сәтті шықты. Көзімізге жас келді. Әрқайсысымыз аналарымызды еске алдық. «Ана туралы жыр» шырқалды. Әлемнің жарығын сыйладың сен маған… деп басталатын Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған ән Шәмшінің анасына қойылған ескерткіші болды десек артық айтқандық емес. Ішіндегі жан күйзелісін, өкінішін осы әнге сыйдырды. Тамаша орындау болды. Әдеби сазды кештің соңы Қалдыбек Құрманәлінің «Жан аға» әнімен аяқталды. Шәмші ағасына арнаған ән де шынайы сағыныштан туғаны анық.
«Қарадала» халық театрының көркемдік жетекшісі Еркебұлан Нұржақып сахнаға көтеріліп, көрерменмен байланысқа шықты. Қойылым туралы пікірін сұрады. Тамаша қойылым, керемет кеш екендігін жеткіздік.
Шәмшінің рухы аунап түскені ақиқат. Әттеген-айы залда көрерменнің аз болуы. Біздің рухани кедейлікке ұшырап тұрғанымыздың белгісі екендігін жасыруға болмас. Мына сахналық қойылымның артында қаншама еңбек, қаншама тер төгу тұрғанын қыз-жігіттер өздері жақсы түсінер. Ақысыз дайын моноспектакльді көруге көрермен келмей қалды деудің өзі ұят нәрсе. Шындығында қарнымыздың тойғанына мастанып, үйімізді боқ дүниеге толтырғанымызға мәз болып жүре берсек, қайда барып тірелеріміз белгісіз. Жарнама жетпеді ме, жоқ әлде мәдениет деген құндылықтан өте алыстап кеткеніміз бе, мынандай дүниені көруге адам келмеді деген өте ұятты болды. Шәмшінің аруағы қолдар еңбектенген ұл-қыздарды. Мүмкін спектальдер сирек қойылатындықтан халық үйренісе алмай қалды ма? Сұрақ көп… Дегенмен мәдениет ошағындағы мәдени шаралар көрермен үшін жасалатыны хақ. Шәмшінің қойылымын көрген де арманда, көрмеген де арманда дер едім өз басым.
Сәкен Сейфуллин ағамыз алғаш қазақ театрын ашқан кезде былай деген екен: «Театрға құлағы естімейтін адам келсе, ол сахнада болып жатқан іс-әрекетті көзімен көріп, түсініп, содан ләззат алуы керек. Ал егер көзі көрмейтін зағип кісі келсе, ол тыңдап ләззат алуы керек». Қазақтың ән әлеміндегі нағыз тұлғасы Шәмшінің өміріне арналған қойылымды аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері биік деңгейде сахналады. Ән де болды, монолог та оқылды, әр әнге лайықты би де биленді. Нағыз рухани демалыс, жан жылуын сыйлаған кеш болды. Мәдениет саласының мамандарына тек алғыс айту керек. Шәмшінің рөлін сомдаған Әділет баламыздың еңбегін ерекше атауға тұрарлық. Қайғы да, мұң да, сағыныш пен махаббат та, бақыт пен қуаныш та сыйлай алған кештен алған әсеріміз шексіз. Осындай қойылымдар көбейіп, халықтың рухани сарайын жақсылыққа толтыра түссе екен деген тілек қана тұрды көкейде.
Баян МАМЫРБАЕВА
