Баспасөз – 2026
Келесі жылдың баспасөзіне жазылу науқаны басталды. Өзіміз жыл бойы оқитын газеттерімізге жазыла бастадық. Бағалар өсіпті. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерге өз қалауымызбен жазылайық деген ниетімізді білдіргіміз келді. Соңғы кезде газет оқитын оқырман қалмады, әлеуметтік желі тұрғанда газетті қайтеміз деген түсініктегі адамдардың көбейгені өтірік емес. Шұғыл, жедел хабар таратуда әлемжелінің ұтары анық. Дей тұрғанмен кейде оның анық, қанығына жете алмай дал болатынымыз да рас. Ұпай жинау үшін тірі адамды өлді деп, сау адамды ауру деп жазудан танбайтындар да шығып жатыр. Сондай сәтте баспасөздің, оның ішінде газеттің құнын бағалай түсетініміз шындық. Газеттегі сөз – тарих. Ол тайға таңба басқандай ұзақ уақыт сақталады және ресми түрде деректер мен дәйектерге құрылады.
Аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газеті бүгінгі таңдағы аудандық деген статусқа ие бірден-бір басылым. Яғни ауданның тыныс-тіршілігін, аудандағы жаңалықтарды тарататын, өңірімізде өтіп жатқан шараларда хабар беретін ақпарат құралы. Шынын айтсақ оқырмандарымыздың басым бөлігі – зейнеткерлер. Солардың айтқандарына құлақ түріп, ескертпелерін қаперімізге іліп, әдеби шығармаларға да көңіл бөлетін болдық. Жаңалықтардан бөлек ауданымыздағы ақын, жазушылардың дүниелерін аудан жұртшылығымен таныстырып келеміз. Тәуір деген әңгіме, өлеңдер газет бетінде жарық көріп келеді.
Басты мақсатымыз – мемлекеттік саясатты қолдау, Президентіміздің тапсырмаларын орындау, тәуелсіз еліміздегі жаңашыл бастамаларын насихаттау, аудан әкімінің ұстанған жолы мен бағыт-бағдарын оқырманмен таныстыру. Бұл жолда өзіміздің жұмыс әдісімізді қалыптастырдық деп айта аламыз. Жаңа Қазақстан құру жолындағы биліктің жүзеге асырып жатқан бағдарламаларын түсіндіріп, әлеуметтік сала бойынша қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың мәнін ұғындыру. Газетімізге оқырман боламыз деген аға буын өкілдеріне ризашылығымыз шексіз. Өздері келіп, бір жылға жазылып, еңбегімізді бағалап жатады. Одан бөлек мекеме, ұйымдар да бар белсенділік танытып жататын. Біздегі үлкен күш – мектептер. Мұғалімдермен тығыз байланыстамыз десек артық айтқандық емес. Олар да өздерінің пәндеріне қатысты мақалаларын ұсынып, білім саласындағы жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Біз де әр сала мамандарымен сөйлесу арқылы олардағы өзгерістермен танысамыз.
Ауданның ақпарат айдынында бірге болайық. Өзіңізге мәлім дүниелермен бөліскіңіз келсе, есігіміз әркез ашық. Ойыңызды білдіріп, пікір қалдырыңыз. Бізбен алдағы жылы бірге болғыңыз келсе, келіңіз, жазылыңыз. Оқығыңыз келетін нәрсені айтыңыз, шамамыз келгенше жеткізуге тырысамыз. Ғарыштай зулаған уақыт жылдамдығына ілесіп, тың бастамалар мен жаңалықтарды бірге бөлісейік.
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ
Заңды тұлғалар үшін индекс – 16056, жылдық бағасы – 7000 теңге, жарты жылға – 3500 теңге.
Жеке тұлғалар үшін индекс – 66056, жылдық бағасы – 6300 теңге, жарты жылға – 3150 теңге.
