الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)адамзат тарихында өнегесі биік, күллі мұсылман үмбеті үлгі тұтан бірден-бір тұлға. Оләділдіктің, мейірім мен кешірімділіктің жарқын үлгісі әрі өнегесі. Алла Тағала оны адамдарды ақиқат пен тура жолға бастауы үшін Өзінің елшісіретінде жіберген. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)ұлы мұраттарды арқалап, адамзатқа әділдік, теңдік пен өзара кешірімге негізделген асқақ үндеуін жеткізу арқылы бүкіл әлемнің бет-бейнесін өзгерткен екі дүниенің де сардары болған ұлы пайғамбар. Алла Тағала қасиетті Құранда:
لَقَدْ مَنَّ اللَّهُ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولًا مِّنْ أَنفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِن كَانُوا مِن قَبْلُ لَفِي ضَلَالٍ مُّبِينٍ
«Расында Алла мүминдерге өз араларынан бір пайғамбар жіберу арқылы үлкен жақсылық жасады. Пайғамбар оларға Алланың аяттарын оқып түсіндіреді(ой-саналарын теріс ойлар мен қате түсініктерден, жүректерін жалған сенімдерден және өмірлерін күні атаулыдан), арылтып тазартады, сондай-ақ оларға Кітап пен хикметті үйретеді. Шүбәсіз, бұдан бұрын олар анық адасуда еді», – деген («Әли Имран» сүресі, 164 аят).
Алла Тағала қасиетті Құранда:
قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللَّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ
«(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы шынымен жақсы көрсеңдер маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді», – деген («Әли-Имран» сұресі, 31 аят).
Алла Тағала қасиетті Құранда:
لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا
«Шүбәсіз, Алла Елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан(Алланы және ақырет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алатындар үшін (қай жағынан алсақ та) теңдессіз үлгі-өнеге бар», – деген («Ахзаб» сүресі, 21-аят).
Ибн Касир аяттың тәпсірінде: «Бұл аятта Пайғамбарымызға, оның айтқандарына,амалдарына, әртүрлі жағдайда өзін ұстауына еруге үлкен дәлел, анық айғақ бар», –деген. Демек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне еру, оның болмысымен танысу әрбір мүмин-мұсылманның мойнындағы борышы, дініміздің бөлінбес бөлшегі екені хақ.
Бірінші: Алла Елшісінің болмысы
1.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыртқы келбеті
Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) риуаятында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тым ұзын да, тым қысқа да емес, орта бойлы еді. Жүзі өте аппақ та һәм қара да емес. Мүбәрак шаштары бұйра да, теп-тегіс те емес, орта хәлде өзіне жарасымды еді. Алла Тағала оған қырық жасында пайғамбарлықты жүктеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он жыл Меккеде, он жыл Мәдинада тұрды, һәм алпыс үш жасында дүниеден өтті. Мүбәрак шашындағы және сақалындағы ақ талдар жиырмаға да жетпейтін еді.
2.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаш тарауы
Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) риуаятында: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак шашын көп майлайтын еді. Сонымен қатар мүбәрак сақалын да көп тарайтын. Басына арнайы матаны (қинағ) пайдаланатын. Майды көп пайдаланғандықтан әлгі мата май сатушының киіміне ұқсап қалатын еді», – деген.
3.) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әтір себуі
Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әтірге арналған құтысы бар еді. Егер хош иісті нәрсе пайдаланар болса, содан пайдаланатын еді», – деген.
Хош иіс –ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак денесінен үнемі хош иіс аңқып тұратын болған. Әнас (Алла оған разы болсын): «Мен Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алақанынан жұмсақ жібек не шәйі (матаны) ұстап көрген емеспін және оның иісінен жағымды иіс иіскеген емеспін», – деген. Біреумен қол беріп амандасқанда Пайғамбарымыздың(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алақанының иісі бірнеше күнге дейін әлгі адамның қолында сақталып қалатын. Қандай да бір баланың басынан сипаса, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алақанының иісі әлгі балада біразға дейін сақталып, өзге қатарластарынан ерекшеленіп тұратын.
Хош иісті әтір жағу Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғана емес, барша пайғамбарларға берілген нығмет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әтір жағу – барлық пайғамбарларға тән сүннет», – деген. Тағы бір риуаятта: «Төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеттерінен: ұят, әтір иіс қолдану, мисуак (тіс тазалығы) және неке (үйлену)», – делінген.
Екінші:Алла Елшісінің мәмілесі
1.)Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен жасаған қарым-қатынасы
Адамдармен мәміле жасауда Алла Елшісі өзгелер үшін ең көркем үлгі-өнеге екенін айтпау мүмкін емес. Қандай жағдай болмасын, қарым-қатынас жасауда жоғарғы деңгейден көріне білген. Қарапайым адамдар сияқты қандай да бір істе басқа адамдармен серіктес болған. Алла Елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарым-қатынаста болған адамдар еш уақытта шағымданбайтын және ол кісіден артық қайырлы серік кездестірмейтін. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Сіз менің серіктесім болған жоқсыз ба? Сіз айтыспайтын, дауласпайтын ең жақсы серік болдыңыз», – дейтін. Адамдарға сыйлық берген, сыйлық алған. Қарыз алып, қарыз берген. Бөліп төлеуге зат сатып алған және сатқан. Біреуден бір затты уақытша алса, сол затты бұрынғыдан да жақсы күйде қайтаратын. Затты қайтарған соң, иесіне: «Алла сіздің отбасыңызға және малыңызға береке берсін. Расында, заттың сыйы – Аллаға мақтау айту және қайтару», – деп дұға жасайтын.Өзінің иелігінде болған жерді Алла жолында садақа жасағанкездері де болған. Біреуден көмек сұраса, басқаларға көмек берген. Алла Елшісі де өзгелер сияқты қалжыңдасатын. Алайда қалжыңында шындықты ғана сөйлейтін.Алла Елшісі басқалармен жүгіріп жарысатын және күресетін.Тіпті кейде үй жұмыстарын өзі атқаратын. Аяқкиімін жөндеп, киімдерін тігетін. Қой сауатын. Осылай еңбек етіп, үй шаруашылығына да қолғабыс жасайтын. Мешіт құрылысы жүріп жатқан кезде өзгелермен бірге жүріп, кірпіш тасып, құрылысқа атсалысатын. Науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұрақты істері һәм сүннеті. Шақырған жерге міндетті түрде баратын. Жетім-жесір, көмекке мұқтаждар мен әлсіздердің жанынан табылатын.
2.)Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) науқастың көңілін сұрауы
Айналасындағы адамдардың науқастанып қалғанын көрсе немесе естісе, әрдайым көңілін сұрауға асығатын. Алла Елшісінің кітап иелерінен болған бір қызметшісі бар еді. Сол қызметші ауырып қалған кезде Алла Елшісі оның халін сұрап барған-ды. Науқастың көңілін сұраудағы негізгі мақсат – көркем мәміле жасау, исламды жеткізу. Нәтижесінде кітап иелерінен болған қызметші ислам дінін қабылдайды. Халін сұрағанда, науқастың қасына жақындап, бас жағына отырып: «Өзіңізді қалай сезінесіз?» – деп алдымен жағдайын сұрайтын. Кейін оң қолымен науқастың басын сипап тұрып: «Адамдардың Раббысы болған Аллам! Ауруды кетіре гөр, оған шипа бер. Сен шипа берушісің. Ауруды кетіретін сенің дауаңнан басқа дауа жоқ», – деп айтатын.
3.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасымен мәмілесі
Отбасылық құндылық – ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ бір-бірін түсініп, адал жар болып өмір сүру – ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі. Отбасындағы тәрбие, мәміле қоғамға да әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені отбасы – кішігірім қоғам, соның негізінде үлкен қоғам қалыптасады. Әр отбасы – өзінше жеке мемлекет. Сол мемлекеттің берік болуы ерлі-зайыптыларға тікелей байланысты. Ал отбасының бақытты не бақытсыз өмір сүруі, негізінен, отбасына тірек болуы тиіс ер адамдарға тікелей байланысты. Олар нағыз ер ретінде өз отбасының тұтқасын берік ұстаса, түтіні түзу шығатын отбасын құра алады. Ондай отбасыда тәрбиеленген ұл – ізетті, қыз – инабатты болмақ. Отбасы жауапкершілігі әсіресе, ерлерге қатысты екені қасиетті Құранда:
فَقُلْنَا يَا آدَمُ إِنَّ هَذَا عَدُوٌّ لَّكَ وَلِزَوْجِكَ فَلَا يُخْرِجَنَّكُمَا مِنَ الْجَنَّةِ فَتَشْقَى
«Сонда Біз Адамға: «Уа, Адам! Шүбәсіз, мынау (ібіліс)саған да, әйеліңе де (қулығына құрық бойламайтын) қас дұшпан. Сондықтан абайла, екеуіңді бірдей жәннаттан шығарып жібермесін. Ондай жағдайда (күйбең тіршіліктің жүгін арқалап)бақытсыздыққа ұшырайсыңдар»», – деген («Таха» сүресі, 117-аят).
Егер аятқа мән беріп қарасақ, «ол (ібіліс) екеуіңді де жұмақтан шығарып жіберіп, сен бақытсыз болып қалма – осы жерде басында сен екеуің деп, кейін сен бақытсыз болып қалма» делінген. Демек, отбасы бақыты, отбасы жауапкершілігі ерлерге көбірек байланысты.
Алла Елшісі мұсылмандардың анасы деген мәртебеге ие болған жұбайларыменбақытты өмір сүрді. Кіммен болса да, көркем мәміле жасай білген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларымен де көркем мәміледе болды. Алла Елшісіне Хақтан келген бұйрықтың шеңберінен шықпай, өнегелі іс жасады. Ұлы Алла қасиетті Құранда:
…وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ…
«…Олармен (әйелдермен) жақсы мәміле жасаңдар…», – деген («Ниса» сүресі, 19-аят).
Осы аяттағы «жақсы мәміле» деген сөз барлық жақсы сөздер мен мінезді қамтиды. Құран осылай деген болса, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأهْلِهِ ، وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي
«Сендердің жақсыларың, отбасына жақсы болғандарың. Ал мен сендердің іштеріңде отбасына ең жақсы қараушымын», – деген (Имам Термизи).
4.) Алла Елшісінің жұбайларымен әңгімелесуі, сырласуы
Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта былай делінген: «Алла Елшісі таң намазын оқығаннан кейін намаз оқыған жерінде отыратын. Айналасын қоршаған адамдар да күн шыққанға дейін үйлеріне тарқамайтын. Содан кейін жұбайларына жеке-жеке кіріп, амандасып, олар үшін дұға тілейтін. Қайсысының кезегі болса, соның үйінде болатын». Бұл –Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнделікті істейтін іс-амалы. Кешке қарай да жұбайларынан хабар алып, тағы бір мәрте кіріп шығатын еді. Оған дәлел Айша анамыздың риуаятында: «Алла Елшісі асыр намазын оқып шыққан кезде әйелдеріне баратын», – деген.
Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) былай деген: «Таңертең амандасып, дұға жасаса, кешке олармен бірге отырып, көңілдерін аулап, әңгімелесетін». Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бір риуаятта: «Алла Елшісінің әйелдерін аралап шықпаған күні өте сирек еді», – деген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осының барлығын олардың көңілдерінжұбатып, жүректерін жібіту үшін істейтін.Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат жүгін арқалап жүрсе де, әйелдерімен бірге түнді ұйықтамай өткізіп, көңілдерін аулап, қызық әңгімелерін де тыңдайтын.
Бүгінгі таңда кейбір ер кісілер отбасы құрып алған соң, әйеліне уақыт бөле бермейді. Отбасылық өмір, негізінен, ақ некеден кейін басталады. Осы сәттен ер адам бас қосқан жұбайына жауапты. Отау құрмайынша, көңілін аулап, мауқын басуға, сырласуға, әңгімесін тыңдауға міндетті емес. Бұл міндеттер ақ босағаны аттағаннан кейін басталады.
Қисса
Бірде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла Елшісіне Умму Зәр деген әйелдің әңгімесін айтып береді. Он бір әйел өз күйеуі жайында жасырмай айтамыз деп уәделеседі. Сөйтіп, әр әйел өзінің күйеуі жайында айтады. Солардың ішіндегі күйеуін жақсы сипаттап,жақсылықтарын көп айтқан ӘбуЗәрдың әйелі болады. Сол кезде Алла Елшісі Айша анамызға: «Әбу Зәр Умму Зәрмен қалай болса,мен саған сондаймын», – деген екен.
5.)Алла Елшісі жары ішкен ыдыстан да ас ішетін
Айша анамыз былай дейді: «Алла Елшісі мен ішкен жерден(ыдыстан) ішетін». Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға деген махаббатын көрсетеді. Ал осындай болмашы іс-әрекеттің өзі әйелге едәуір шабыт сыйлайды. Әрі ердің құрметі арта түседі. Әйел құдды бір гүл іспетті. Күтімі жақсы болса, құлпыра түсетіні анық. Ал оның құлпырып, жайнап жүруі айналасын бақытты етеді. Оларға осындай қарым-қатынаста болу – нәзік жандылар үшін үлкен көмек. Өйткені олар моральдық тұрғыда жәрдемге зәру болады. Әйелдің күйеуінен күтетіні де осы.Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті осындай болатын.
Құрметті жамағат!
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болмысы мен мәмілесібіз үшін сарқылмас үлгі-өнеге. Оның кішіпейілділігі, мейірімділігі, отбасына деген қамқорлығы мен адамдарға жасаған мәмілесі – нағыз мұсылмандықтың айнасы.
Бүгінгі бізге міндет – сол өнегені өмірімізге сіңіріп, мінез-құлқымызды көркемдеуге ұмтылу. Қазақта«Жақсының жолы – жарық күн»деген. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күндей жарық болған жолға ілескен жан екі дүниеде де бақыттабады.
Алла Тағала баршамызды Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем сүннетін берік ұстанған бақыттыжандардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін!
Аширбаев Алмат Абдімүтәліпұлы,
ауданның бас имамы
