Басты бет Ата Заң АТА ЗАҢЫМ — АЙБЫНЫМ

АТА ЗАҢЫМ — АЙБЫНЫМ

0
121

Ардақты ағайын, құрметті қауым, егеменді еліміздің жігіт жасына жеткен, азамат жасын арқалаған Ата Заңының 30 ға толғаны құтты болсын!

Осыдан 30 жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Негізгі заңы – Конституция өзінің өміршеңдігін, әрбір ел азаматының құқығы мен бостандығына кепіл бола алатынын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Демократиялық қағидаларға негізделген, заңдылық пен құқықтық тәртіпті басты орынға қойған Ата Заңымыз ел экономикасының, әлеуметтік-саяси жүйесінің жедел дамуына ықпал етіп, өзектілігін, өміршеңдігін танытып келеді.

Бір қызығы, биыл 180 жылдығын әлем болып әспеттеп, дүние болып дүбірлетіп отырған ұлы Абай осыдан 140 жыл бұрын қазақтың ертеден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр нормаларын ескере отырып жаңа заң ережелерін жазған екен. Абайдың заң ережелері 1885 ші жылы мамыр айында жүзден астам би-болыстардың қатысуымен жүзеге асырылған екен. Бұл жөнінде философ, ғалым Аман Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиясында: «Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би- болыстарға арналған ережені Абай 3-4 күнде бітірген. Сол 73 баптан тұратын жаңа дала заңын барша болыс-билер һәм ұлықтап, мақұлдап, астына қолдарын қояды, – деп жазады. Абай ережесі, Қарамола съезі – бүгінгі тарихтың шежіресі. Төбе би сайланып, әрі заң жазған данышпан, хакім ауылына қанаттанып қайтатыны жайлы заманының заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған әрбір оқырманның есінде болар.

Дәл осы сияқты, қанша уақыт өтсе де құндылығын, мән-мағынасын, маңыздылығын жоймай, керісінше, жалпы ұлттық деңгейге ұласып, халықтық қолданысқа еніп кететін өміршең дүниелер болады. Мұның айқын  мысалы 1911 жылы 13 ші маусымда жазылған Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» – атты Конституциялық еңбегі дер едік. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы АҚШ, батыс Европа елдерінің Конституциядағы мен жақсы таныс зерек заңгер адам құқығы туралы: «Қазақ елінде адам баласының барлығы тең құқылы. Дініне, қанына, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында ғана жауапты»- деп, әрі қарай ер мен әйел теңдігі, дүние-мүлікке иелік ету, білім алу т. б. демократиялық құндылықтардың мән-мағыналарын тарқата жазған. Үңілсек, осының бәрі бүгінгі күннің талабымен табысып, аңғарымен астасып жатқанын көреміз.

Ендеше, бастауын дала демократтарынан алған, өзегі данышпан Абайдың заң ережелерімен, Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставымен» әрленген Ата Заңымыздың айбыны асқақтай берсін! Мерейлі мерекеміз құтты болсын, ағайын!

Жәнет КЕРІМҚҰЛОВ,

аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Ұрпақ парызы»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ

Ата Заңымыздың 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Шарын ауылындағы 600 орынды мәдениет үйі рес…