Басты бет Денсаулық БҮЙРЕК ДЕРТІ: АППАРАТҚА ТӘУЕЛДІ ТАҒДЫРЛАР

БҮЙРЕК ДЕРТІ: АППАРАТҚА ТӘУЕЛДІ ТАҒДЫРЛАР

0
129

Бір кездері бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған адамның ғұмыры санаулы күндермен шектелетін. ХХ ғасырдың ортасында медицинаға енген гемодиализ әдісі бүгінде миллиондаған науқастың өмірін ұзартып, олардың қайтадан қоғамның белсенді мүшесіне айналуына жол ашты. Замана көшінде бұл сала жаңа технологиялармен толықты, сапалы қызмет көрсету жүйесі қалыптасты. Дегенмен шешімін күткен түйткілдер әлі де бар.

Гемодиализдің тарихы өткен ғасырдың 40-жылдарында Нидерланды дәрігері Виллем Колфф жасаған алғашқы «жасанды бүйрек» аппаратынан бастау алады. Ол кезде мұндай ем санаулы клиникаларда ғана қолжетімді болып, бағасы да қымбат еді. Кеңес Одағында алғашқы орталықтар 60-жылдардың соңында ашылса, Қазақстанға бұл тәсіл 70-жылдары ірі қалалар арқылы жетті.

Сол кезеңде ауылдық жердегі науқастар үшін диализ – қашық жол, қосымша қаржылық шығын және ауыр дерттің үстіне қосылған психологиялық салмақ болатын. Бүгінде жағдай айтарлықтай өзгерді: еліміз бойынша мемлекеттік және жекеменшік 300-ге жуық орталық жұмыс істейді.

«Фрезениус», «Б. Браун», шведтік Diaverum сияқты халықаралық алпауыттардың келуімен қызмет сапасы әлемдік стандарттарға жақындай түсті.

1991 жылы Швецияда құрылған Diaverum бүгінде 24 елде 450-ден астам клиникасы арқылы жылына 6 миллионнан аса процедура жасайды. Қазақстан нарығына 2015 жылы «Нефрос Азия» желісін сатып алу арқылы кіріп, бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде қызмет көрсетіп отыр.

Қазір елімізде мыңдаған адам бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Олардың басым бөлігі өмірін ұзарту үшін аптасына үш рет диализге тәуелді. Әр орталықта 18 бен 80 жас аралығындағы науқастар ем қабылдайды. Кейбірі ондаған жыл бойы аппаратқа тәуелді өмір сүріп келеді. Алайда тариф мәселесі науқастарды да, мамандарды да алаңдатып отыр. Қазақстанда бір диализдің құны – 36 мың теңге. Аптасына үш рет процедурадан өтетін науқастар үшін бұл сома толық шығынды жаппайды. Салыстырар болсақ:Қырғызстанда – 100 доллар, Сингапурда – 300 доллар, Сауд Арабиясында – 500 доллар бөлінеді.

Профессор Абай Шепетовтің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі әлі де аурудың алдын алудан гөрі, салдарымен күресуге бағытталған.

Егер бұл үрдіс өзгермесе, 2030 жылға қарай диализге мұқтаждар саны екі есе артуы мүмкін, – дейді ол.

Нефролог мамандардың айтуынша, гемодиализ – өмірді сақтап қалатын амал ғана. Науқасты толыққанды өмірге қайтаратын жалғыз жол – бүйрек трансплантациясы. Қазақстанда жылына 250-300 трансплантация жасалады, алайда бұл қажеттіліктің аз ғана бөлігін өтейді. Қазір 5 мыңнан астам адам кезекте тұр.

Гемодиализ орталығындағы әр аппарат – жай техника емес, адамның тағдырын ұстап тұрған нәзік арқан. Оның бір ұшын дәрігерлер берік ұстаса, екінші ұшы қоғам мен мемлекеттің жауапкершілігінде. Бұл арқанның үзіліп

кетпеуі үшін тек аппарат пен тарифті жетілдіру аздық етеді. Науқасқа көрсетілетін қамқорлықтың сапасын көтеру – басты міндет.

Өйткені медицинаның түпкі мақсаты – өмірді ұзарту ғана емес, оған мағына беру. Ал мағыналы өмір аппаратқа тәуелділіктен емес, қоғамның шынайы жанашырлығынан басталатынын ұмытпаған жөн.

С.БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында АИТВ-ға қарсы күрес шаралары күшейтілді

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін…