Қырғызсай ауылындағы қарашаңырақта інім Нұрлан тұрады. Ата-анамыздан, бауырымыздан қалған үйдің шырағын сөндірмей, атадан қалған дәстүрді бұзбай түтінін түтетіп отыр. Нұрлан Мамырбаев – ауылдың аға жігітбасы. Лауазымды қызмет тұтқасын ұстамаса да, биліктің орынтағында отырмаса да ауылдың адамдарын жұдырықтай жұмылдырып, айрандай ұйытып, қоғамдық жұмысты ұйыстырып, бар тіршілігін дөңгелетіп, ауылдың бірлігі мен ынтымағы үшін түнді түн демей шапқылап жүрген бір жан. Бұл жұмысы үшін ақы алмаса да ауылдастарының сенімі мен батасын алып жүр. Оған да шүкір. Жігітбасылық – рақметі жоқ, керісінше сөзі көп, кейде ұрыс та естіп жүретін қоғамдық бастама. Қолдарында барлар, жағдайлары тәуірлер жігітбасының жұмысына кіріптар емес. Мұндағы басты мәселе жағдайлары төмен, аз қамтылған немесе үйсіз қалған ауылдастарға қол ұшын беру. Аяқ астынан бастарына қайғы түскен отбасыларының жағдайына жұрт болып жұмылып, көмек ұйымдастыру. Сондай шақтарда үлкендермен ақылдаса отырып бір мәмілеге келіп, ауылдың үлкен-кішісі, қыз-қырқынын жинау да үлкен шаруа. Қырғызсайлықтар мұндайда өте ұйымшыл. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алады. Осындай шаруалардың басы-қасында жүретін бауырым Нұрлан Мамырбаев бүгін 60 деген асқаралы жасқа жетіпті. Зымыран уақыттың зымырап өте шығатынын осындай сандармен бетпе-бет келгенде аңғарасың.
Нұрлан – атасы мен әжесінің бауырында өскен, кемпір-шалдың тәрбиесімен сусындаған бала. 30 шілде күні жайлауда кіндігі кесіліп, тауда дүние есігін ашады. «Кіндік қаны тамған жер» деген тәмсіл жайдан-жай айтылмағандығын осы інімнің бойындағы қасиеттеріне қарай бағалаймын. Тауды аңсап, таудың қатпар-қатпарларын аралап кететін мінезіне бұрындары таңғалатынмын. Бір тоқашын қойнына салып алып, жаяулатып Бесқарағайға дейін шығып кететін қылығы да қызықтыратын. Сөйтсем тауда туған бала тауға қарап өсетіні рас екен. Тіпті кейде қонуға келмей, тауда қонып қалатын. Ертесі бүлдіргенін теріп, мәз-мейрам боп келетін. Аңшылық та әуестігі бар. Жасы үлкен ағаларымен апталап таудан түспейтін. Құралақан келсе де көңілі көтеріңкі қайтатын. Ол да таудың қасиеті екен.
Әкем мен анам марқұм хат танымады, сауатсыз болды. Бірақ балаларының білім алуын қатты қадағалады. Нұрлан немеренің тұңғышы болғандықтан бауырларына салып алды да, ұлы мен келінге баланы қаратпады. Нұрлан да атасының бауырында малдың соңында жүріп тәрбиеленді. Қыста қыстауға, жазда жайлауда балалығы өтті. Атқұмарлығы бір төбе. Атасы кей атты Нұрланнан басқа ешкімге мінгізбейтін. Сол қасиет қазір де қалмаған. Өзіне тиеселі, меншікті атына ешкімді мінгізбейді. Мал сою, ет жаймалау, жіліктеу – үлкен шаруа. Қазіргілердің көбісінің тісі бата бермейді. Оған да онша мән де беріп жатпайды. Дайын цехтарға апарып сойдыра салады. Ал біздің үйде үлкен мал емес, қой мен ешкі сойылса да арнайы бата жасалатын, бауыздалатын малдың алдына ойнап жүрген балаларды да шығармайтын. Үй иелері еттен ауыз тимей итке қаны төгілмейтін. Жазылмаған қағида сондай болатын. Әкем Нұрланға мал бауыздауды үйретті. Сонда әлі мектеп қабырғасында жүрген кезі. Анам әлі бала ғой деп шыр-пыры шығып жүретін. Одан еттің боршалануы, қай жіліктің қандай қонаққа салынатыны, тіпті құймышақ пен мойынның да қасиеті айтылатын. Маған қатысы жоқ дүние деп мән бермейтінмін. Ал інім атасының әр сөзін құлағына құйып отыратын. Мал соярда оның арық-семізін, қанша ет беретіндігін сыртынан-ақ айтып отыратын. Соның бәрі оның бала санасында сіңісті болғандығы соншалықты, мал тануда інім алдына жан салмайды. Соғым соярда оның қазысының қанша елі шығатынын да айтады. Дәл келеді.
Арамдық, адалдық деген сөздер атасының аузынан жиі шығып отыратын. Нұрланның бойында да осы адалдық деген сезім қатты байқалып тұрады. Малшаруашылығы мамандығын таңдап, техникумды жақсы бағаларға тамамдағанымен ол салада еңбек етпеді. Ол қолынан келмегендіктен емес, қарт атасы мен анасының күтіміне байланысты екендігін бірге туғандар жақсы білеміз. Қазір зейнет жасына жеткен соң, қариялық деген мөлшерге келген соң басқаша ойланады екенбіз. Үлкен кісілердің күтімі дегеніңізге бір адамның шамасы жете қоюы неғайбыл. Апасы бір ғасырдан аса ғұмыр кешті. Алжымады, сөзінен жаңылмады. Соңғы сәтінде ғана аяғынан қауқар кетті. Өте кірпияз, талғампаз кісі еді жарықтық. Тазалықты жаны сүйетін. Кез келген асты жей бермейтін. Сөзден сәулет салатын, әншілігі де бар. Сондай мінезді апасының жағдайын жасап, бабын тауып, жеймін деген нәрсесін жегізіп, көтеріп таза ауаға шығаратын кезі көз алдымда. Апам да басқа балалары мен немерелерінің алдында Нұрланды ерекше әспеттеп отыратын. Ол көзінен таса бола қалса, көңілі пәсейіп, мазасы кететін. «Нұрланым, Нұрланым» деп айналып, толғанып, соның тілеуін тілеумен күнін өткізетін. Апасының көзі ілініп ұйқыға кеткенде Нұрлан ауылдың кітапханасына қарай зырлайтын. Ол оқымаған кітап қалмаған болар. Кітапханшылар сөзімді теріске шығара қоймас. «Мына шежіре жазғыш жазушылар қаптап кетіпті, сен не оқыдың?» – деп көңілі толмаған кезде менен кітап сұрайды. Өзімнің сүйікті жазушым Рақымжан Отарбаевты оқы деп насихат айтамын. Қайдан табатынын білмеймін, арада біраз уақыт өткен соң сол кітап туралы пікірін айтады. Мұхтар Мағауинның «Жармақ» деген кітабын ұсындым. Өзіме қатты ұнағандықтан. Інім онша жақтыра қоймады. Қиын оқылады екен, шынын айтсам қабылдай алмадым деп тұр. Мен де қоймаймын, бір адамның екіге жарылуы, бір беті жақсылық, екінші беті жамандық пен пасықтық, несі түсініксіз, – деп ойымды тықпалаймын. Қазіргі маска киген адамдардың пиғыл, ниеті туралы жақсы дүние ғой деп. Кітап оқудан алдына жан салмайтын інім тарихи дүниелерді жақсы қабылдайды. Жады мықты.
Бүгінде Қырғызсай ауылының белді азаматы деп мақтана аламын. Өлім, жітім, оқыс жағдайлар бола қалса ауыл әкімімен бірлесе отырып, ақылман ағаларынан ақыл сұрап сол шаңыраққа көмек көрсетуге құлықты болып тұратын қасиетін жоғары құрметтеймін. Ас беру, нәзір-шырақтар Нұрланның басшылығымен өтіп жатады. Оған да қуанамын. Кейде адамдар көп жиналған жаназаларда үй иелері сасқалақтай бастайды. Ондайда Нұрланның басу айтуы және табақ тартылуда бәрінің дұрыс болатындығына сендіруі көпшілікті сабырға түсіріп жатады. Іштей қуанып отырамын. Осындай аса жауапты, бірақ ұсақ-түйек боп саналатын шаруалардың басында жүреді. Бастысы – ауылдастарының кез келгені оның сөзін жерге тастамайтыны. Бұл да үлкен құрмет. Әкемнің тәрбиесінің жемісі деп іштей марқайып жүремін. Анамның қонақжайлылығы, берекесі де інімнің бойында қалған. Өзінен жасы үлкендерге де қалжыңдап тұрып, ақыл-кеңес бере алады. Екеуміз тете өстік, сабақты да бірге оқыдық, қой кезегіне де бірге барамыз. Гүл тереміз, жусаннан сыпыртқы жасаймыз. Әйтеуір үйдегі ата-анамызды қуантқымыз келіп, кез келген жұмысты бірге атқарамыз. Балалық шағымыз өте бақытты өтті дей аламын. Кешкі астан соң дауыстап кітап оқитынбыз. Мұқан Сәбитті оқы деп әкеміз тапсырма беретін. Ол Сәбит Мұқанов дегені. Мың бір түнді де қайдан тапқандарын білмейміз, оқып беретінбіз. Мағынасын, мазмұнын онша түсіне қоймасақ та.
Малдың бабын бір кісідей білетін інімнің бүгінгі ауылдың қоғамдық жұмысының басында жүргеніне шынайы риза боламын. Көптің көңілінен шығу өте ауыр дүние. Біреуіне сөзің жақпайды, енді біреуіне ісің ұнамайды. Ол – заңдылық. Кейде болар, болмастан ұлттық мәселе көтеріле қалады. Сондай сәттерде өзінің азаматтық пайымын дұрыс жеткізіп, қараша халыққа түсінікті тілмен жеткізіп, екі жақты да пәтуаға келтіріп жүретін жүрегі үлкен бауырымның тілекшісімін. Оған деген махаббатымды күнде айтпасам да, ағалық жасқа жеткен күні айтуым айып бола қоймас. Бауырымды қатты жақсы көремін. Өмір болғасын оның кедір-бұдыры, көлеңкелі тұстары болып тұратыны тағы бар. Сондай кедергілерден сүрінбей өтіп, отбасының тірегі бола алғаны үшін Аллаға мың шүкір деймін. Лауазымды қызметте болмаса да ауылдастарының қызметінде жүрген ініме ұзақ ғұмыр тілеймін. Қазіргідей барлығы материалдық құндылыққа байланып қалған дәуірде өзінің қоңырқай тіршілігімен-ақ айналасындағы адамдарға болған адал пейілінен айнымаған бауырымның бақытты болуын тілеймін. Еңбек адамы жылы деп жарияланған жылы алпыстың асқарына шыққан бауырымды нағыз еңбектің майталманы деймін. Ауыл адамдарының ынтымағы мен татулығы жолында тер төгіп, бір тұрғынның малы жоғалса да соны іздестірудің жолын қарастырып, ауылының тәртіпті, мәдениетті болғанын қалап жүретін жанның менің туған бауырым болғаны қандай бақыт деп мәз боламын. Ата-апасының махаббатына кір түсірмей, өзінің ата-анасына құрмет көрсетіп, балалық мейірімін туыстарына бере алған, атасынан алған тәрбие дәнегін ауылдастарына жеткізіп жүрген Нұрландай азаматтар әр ауылда бар. Дей тұрғанмен Қырғызсай ауылында өлім шыққан күні дастарқанның тоналмай, салафандардың салдырмауының ретке келгенінің өзі үлкен қызмет, тіпті тәрбие. Қайғы жұтып отырған отбасына көмек деуге болады. Бұл жағынан ауылымыз мақтана алады.
Ел алдында ашық-жарқын сөйлеп, туған жерінің жақсы болуына атсалысып жүрген кез келген адамның ең алдымен шаңырағында береке болуы керек. Нұрланның көптің шаруасымен күндіз, түні үй көрмей жүруіне мүмкіндік беріп отырған жан жары Зәуренің көрегендігі деуге болады. Нұрайы мен Раянасы мектептің ең үлгілі, белсенді оқушылары. Мұқағали мен Фаризаның кез келген өлеңін жатқа айтып бере алады. Мектепішілік әдеби оқулардың жүлдегерлері. Өзі кітапқұмар жан қыздарын да кітап оқуға үйретті. Үлкені оқыған кітабын кішісі міндетті түрде қайталап оқиды.
Еңбек адамы деген түсінік тек жалақы алып, қара жұмыс істеу дегенді білдірмесе керек. Ауылының көркеюіне кірпіш болып қалана алатын, қолынан келетін титімдей жақсылығын ауылдастарымен бөлісе алатын, мейірім, шапағатын айналасындағыларға төге алатын, әйтеуір бір адамға болса да жақсылығы жетіп жататын жандарды айтуға болар. Қырғызсайлық Нұрлан Мамырбаевты нағыз еңбек адамы дей аламын. Абырой мен беделді ақшаға сатып ала алмайсың. Ол сенің күнделікті жүріс-тұрысың мен сөйлеген сөзіңе байланысты жылдар бойы қалыптасатын мінезің. Кейде әкім, қаралар мен ақжағалыларға қарағанда қарапайым жұртшылық жігітағаларына жақындау жүреді. Солардың айтқандарына сенеді. Әкімнің көмекшісі, оң қолы ретінде қабылдайды. Егер олардың көпшілік арасында абыройы болса, әрине.
Қырғызсай ауылының тұрғыны, мен үшін ең сүйікті бауыр бола алған Нұрлан Жарқынұлын 60 жасқа толған күнімен құттықтаймын. Білімді мектептен алғанымен, өмірлік көзқарасын, азаматтық ұстанымын дала философтары саналатын ата-әжесінің мектебінен алғандығын растаймын. Атаның тәлімін, әженің тағылымын өз бойына сіңіріп, жақсы адам болғаны үшін оған ризамын. Ауылдастардың алғысын арқалап, бауырлардың батасын алып, ғұмырлы болуын тілеймін. Өзінің баққан апасы 103 жыл өмір сүрсе, оның да сол асуға жетуін сұраймын Жаратушыдан. Адам өмірге келген соң соңынан жақсы сөз қалдыруы керек. «Ешкімнің ала жібін аттаушы болмаңдар, кісінің ақысын жемеңдер, ол үлкен – күнә» деген сөзді санамызға сынадай етіп қағып кеткен ата-аналарымыздың аруақтары қолдасын. Шерхан ағам айтпақшы, алпыс – талтүс. Талтүсің түн жарымына ұлассын, бауырым.
Баян МАМЫРБАЕВА
