
Петропавл қаласында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі республикалық «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған додада талантты, талапты деген 60 бала бақтарын сынасты. Сен тұр, мен атайын деген мықтылардың ішінде біздің ауданның ақын оқушысы Алматы облысының намысын қорғады. И.Искандеров атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мұқағали Нұрсұлтанұлы «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясы бойынша топ жарып III дәрежелі дипломмен марапатталды. Құтты болсын айтамыз.
Бұл додаға қатысқан мектептердің атын атаудың өзі жүрекке үрей әкеледі. Дарынды, орталықтағы тереңдетіліп оқылатын мектептердің оқушыларымен иық тіресіп, өзінің бойындағы қабілетін көрсетіп, ақындық дарынымен оқ бойы озық болған Мұқағалидың жеңісіне бәріміз қуаныстық. Қатысушылар үшін ерекше әсер сыйлаған сәт – ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына ұйымдастырылған экспедициялық саяхат болды. Олар Мағжан Жұмабаевтың музей-үйіне барып, ақын өмірімен, шығармашылығымен тереңірек танысты. Шара аясында қатысушылардың жетекшілері мен пән мұғалімдеріне арналған шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Байқаудың әділқазылар алқасының құрамына белгілі әдебиеттанушылар, мәдениет және білім саласының кәсіби өкілдері, мағжантанушылар енді. Олар ұсынылған жұмыстарды нақты талаптар бойынша бағалап, жас өрендердің өнері мен білімін әділ саралады. Байқау үш бағыт бойынша бағаланды:
- «Өлең менің Шолпаным, Айым, Күнім!» (Мағжан шығармаларын жатқа оқу);
- «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» (Мағжан шығармашылығын зерттеу);
- «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» (Жас ақындар байқауы).
Қорытындысы бойынша үш номинацияда барлығы 19 жүлделі орын берілді. Сонымен қатар, облыстық ұйымдастырушылар атынан жүлделі орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Байқау ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар дарыны» орталығы.
Мағжан оқуларының негізгі мақсаты — қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Мағжан оқуларының негізгі міндеттері – ақын шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, жаңа буынның интеллектуалды пайым-парасатын арттыру. Ұрпақ үшін өте өзекті, ал ақынжанды оқушылар үшін таптырмас өсу жолы десек болады. Дарынды балалардың бойындағы қабілетті аша түсуге бағыт-бағдар, әдебиетке деген қызығушылықты дамытуға кең жол. Мұқағалидың Алматы облысының намысын қорғап, жүлдеге ие болғаны біз үшін зор мәртебе. Шығар биігі әлі алда ақын баланың. Ауданымыздың, жалпы қазағымыздың атын шығарар ұл болатындығына бек сенімдіміз. Тасың өрге домалап, бағың жансын, Мұқағали.
Баян МАМЫРБАЕВА