Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына – 70 жыл
Байқоңыр десе ғарыш, ғарыш десе Байқоңыр санамызға сақ ете қалады. Ол әлемдегі ең ірі ғарыш кешендерінің бірі. Байқоңыр – ғарыш алаңы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу себебі бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы. Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы өткен ғасырдың еншісіне жазылған адамзат баласының ең бір теңдесі жоқ жетістігінің бірегейі десек артық болмас. Сол арқылы адам табиғат құпиялары мен ерекшеліктерін игеру үрдісіндегі өзінің алар биігі мен жетер асуын нақты істермен дәлелдеп берді. Қазiр адамзат өз өмiрiн ғарышсыз елестете алмайды. 1961 жылдың 12 сәуiрiнде Ю.Гагарин алғаш ұшқанда, ешкiм де дәл бүгiнгiдей бәрi мобильдi, бәрiн де ғарыштан бақылауға болатын заманға жететiнiн ойламаған болар. Ғарышты игеру өмiрдiң барлық саласына жаңалық әкелдi. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамыту керек дейiк. Ол үшiн ауа райының құбылысы, мал жайылымы, ауыз судың жеткiлiктiлiгi бақылануға тиiс. Ал оны бақылау тек ғарыш арқылы жүзеге асады. Жалпы Жердiң жасанды серiктерi елдiң географиялық жағдайын, геофизикалық өзгерiсiн, атмосферасын зерттейдi. Жер шарына қаупi бар апаттардың алдын алады.
Аңызға айналған Қорқыт бабамыз жер жәннатын iздеп, дүниенiң төрт бұрышын аралап, туған топырағы – Сыр өңiрiне қайта келедi. Сонда «бұл жер – жердiң кiндiгi» дептi. Тас алып, аспанға лақтырса, тас аспанда ұзақ айналып жүрiптi. Жылдар өте ғалымдар «Байқоңырда жердiң тартылыс күшi аз, экваторға жақын, ғарышты ұшыруға ең қолайлы орын» деген қорытынды жасады. Академик С.Королев ғарыш айлағына орын iздегенде, бiрнеше өте күрделi шартты ескерген. Ғарыш айлағына айналатын жер бiрiншiден, экваторға жақын орналасуы тиiс әрi жерден ұшқан зымыран орбитаға барынша төте жолмен жетуге тиiс. Екiншiден, оның қасында мол сулы өзен болуы керек. Ондай мол сулы өзен сол кездегi Сырдария болатын. Сондай-ақ, ғарыш алаңына темiр жол өтiп, солтүстiк-батыс шалғайда кең жазық дала жатуға тиiстi едi. Байқоңырдың табиғаты осы шарттарға сай келдi. Демек, Қорқыт бабаның болжамы шындыққа айналды.
Дегенмен, Байқоңырдың пайдасы емес, зиянына қатысты мәлiмет көп. Оның пайдасымен қатар қоршаған ортаға тигізер зияны да жетіп артылады. Бұл процесс суы тартылып, табаны кеуіп, тұзға айналған Арал аймағы үшін қаншалықты кері әсері барын айтпасқа болмайды. Біріншіден, «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан аймақтың басты экологиялық мәселесі – Арал теңізі деңгейінің төмендеуі және жердің тұзданып құрғақшылыққа айналуы. Сондықтан ғарыш айлағының жұмысы қоршаған ортаға қосымша кері әсерін тигізуде. Айлақтан әрбір ұшақ ұшқан сайын, табиғаттың күрт өзгеріске ұшырауы, атмосфераның озон қабатын бұзады, қышқылды жаңбырдың жаууына себепші болады. Аймақты ұшу аппараттарының қалдықтарымен, сынықтарымен ластайды. Екіншіден, Аралда бола ма, Семейде бола ма экологиялық апаттың зардабын шегетін – жергілікті халық. Бұл жағынан келгенде экологиялық зардап шегетін де қараша халық.
1957 жылдың 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін орбитаға шығарды. Ал, 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Ю.А.Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты. Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» басқа да жердің жасанды серіктері ұшырылды.
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ал, Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 2 рет (1994, 1998) болды. Бұл екінші қазақ ғарышкері ретінде тарихта қалды.
Ғарыш әлемі – қызықты да, құпияларға толы сала. Бұл ғарыш кеңістігін зерттеу, ғарыштық технологияларды дамыту, ғарыш аппараттарын ұшыру және ғарышқа қатысты басқа да ғылыми зерттеулерді жүргізу бағытындағы ғылым мен индустрияның жалпы атауы. Ғарыш саласы мақсаттарының бірі ғарыштық аппараттарды жасау: зымырандар, ғарыш кемелері, спутниктер, жерсеріктерді жобалау, іске қосу, қажетті құрал-жабдықтарды орбитаға ұшыру. Бұл ғылыми сала адамзаттың ғарыш кеңістігін зерттеу мен игеру жолындағы ғылыми-техникалық прогресінің маңызды бөлігі болып табылады және оның болашағы әлемдік ғылым мен техникаға елеулі ықпал етеді.
Биылғы жылдың мерейлі күндердің қатарында Байқоңыр ғарыш айлағын құру туралы шешімінің 70 жылдығы. Байқоңырдың құрылысы басталған кезде оның бірінші кезектегі міндеті – зымырандық және әскери мақсаттағы ғарыштық ұшыруларды ұйымдастыру болды. Бүгінде ғарыш айлағының ауданы 6750 км2 аумақта орналасқан қуатты ғылыми-сынақ кешені. Айлақтың әкімшілік орталығы – Байқоңыр қаласы. Өз тарихында ол бірнеше атауға ие болды. Заря кенті, Звездоград, Ленин кенті, Ленин қаласы және 1995 жылдан бастап ресми түрде – Байқоңыр қаласы.
Алғашқы зымыран ұшыруы 1957 жылы 4 қазандағы «Спутник-1» жасанды спутнигін орбитаға шығару миссиясымен жүзеге асты. Бұл оқиға бүкіл адамзат тарихындағы ғарыш дәуірінің басталуын белгілейтін әлемдік сенсацияға айналды. Шетелдік газеттердің алғашқы жолақтарында ғарышқа шығу туралы жаңалықтар жарияланды: «Ғасырдың ұлы сенсациясы», «Адамзаттың асқақ арманы», «Ғаламға терезе ашқан кеңестер», «Бұл Ұлы Жеңіс өркениет тарихындағы бетбұрыс болып табылады» – бұл әлемдік баспасөздің бірнеше тақырыбы ғана. Алғашқы ғарыш аппаратын құру арнайы конструкторлық бюрода 1956 жылғы қарашада басталды. Спутник өте қарапайым құрылғы ретінде жасалды және зауыттық құжаттамаға сәйкес «ПС-1» – Қарапайым спутник деп аталды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік жинағының материалдық мәдениет заттары топтамасында Жердің алғашқы жасанды серігі – «Спутник-1»-дің және басқа да зымырандардың макеттері сақтауға алынған.
Байқоңыр ғарыш айлағы – ғарышкерлердің ұшу алдында дайындық өткізетін «ғарышкерлер мекені» деп айтуға толық негіз бар, себебі ғарыш айлағынан Юрий Гагарин, қазақстандық Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сияқты танымал ғарышкерлер ұшып шықты.
1991 жылы 2 сәуірде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты, қазанның 10-ында Жерге қайтып қонды. Әлемнің 265-ші ғарышкері, КСРО-ның соңғы 72-ші ғарышкері. Музейлік жинағымызда тұңғыш ғарышкер Т. Әубәкіровтың 1991 жылғы 2-10 қазанда ғарышқа ұшуы кезіндегі скафандрының қолғабы сақталынған.
Сонымен қатар, Музейлік топтамамызда ерекше жәдігерлердің бірі – полимерлі материалдан жасалған арнайы вакуумдық пакеттерге герметикалық оралған және қолдануға дайын сублимациялық сусыздандыруға ұшыраған өнімдер, яғни ғарышкерлерге арналған азық-түліктер де сақталынған.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ашық ғарышқа шыққан тұңғыш қазақ, әлемнің 309-шы ғарышкері Талғат Мұсабаевтың да рөлі ғарыш саласында өте зор.
1994 жылғы 1 шілдеде «СоюзТМ – 19» — 1994 жылғы 4 қарашада «Союз ТМ-19» кемелерімен ұшты. Бортинженер ретінде «Мир-Наса» ресейлік-америкалық бағдарламасы және «Полет-М» қазақстандық бағдарламасы бойынша 10-нан астам институттың қатысуымен 8 ғарыштық эксперимент орындады. Т.Мұсабаевпен бірге ғарышта болған құнды, тарихи жәдігер еліміздің бір уыс топырағы салынған капсула музейлік топтамамызда сақтаулы.
Қазақстандық ғарыштың алғашқы және әлемнің 545-ші ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа «Союз ТМА-16М» кемесімен 2 қыркүйек күні аттанып, 4 қыркүйек күні «Союз» халықаралық ғарыш станциясына автоматты режимде сәтті түйісті. Он күнге созылған сапар барысында ол бірқатар физикалық-ғарыштық эксперименттер мен Арал және Каспий теңіздерінің экологиясына мониторинг жүргізіп шаңды дауылды зерттеді.
Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік топтамасында ең бірегей, тарихи жәдігерлердің қатарында ғарышкер Айдын Айымбетовтен сыйға тарту етілген ғарышта болған мемлекетіміздің туы да ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Байқоңыр – бұл тек қана ғарыштық алаң емес, ол біздің ұлы тарихымыздың және ғылыми жетістіктеріміздің айқын көрінісі. Бұл аймақ Қазақстанның ғарыштық әлеуетін арттырып, әлемге ғарыш саласындағы жетістіктерімізді паш етуде маңызды рөл атқарады» деп, Байқоңыр ғарыш айлағының Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтеді. Бұл сөздер Байқоңырдың тек ғарыштық зерттеулер мен ұшырулар үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық деңгейде ғарыштық мемлекет ретінде танылуына ықпал ететінін көрсетеді. Байқоңырдың маңыздылығы – бұл Қазақстанның ғарыштық бағдарламалары мен халықаралық ғарыштық ынтымақтастық үшін ең басты элемент.
70 жылдық тарихы бар «Байқоңыр» ғарыш айлағы көптеген маңызды жетістіктерге, ғарышкерлердің ұшырылуына және ғарыштық технологиялардың дамуына негіз болды және адамзаттың «ғарышқа» деген қызығушылығы тұрғысынан маңызды кезеңдерді одан әрі қамтитын болады.
Баспасөз беттерінен дайындаған Баян МАМЫРБАЕВА
