Басты бет Әр қилы БАСҚАН БАСПАЛДАҚТАРЫ – ШЫҢДАЛУ ЖОЛДАРЫ

БАСҚАН БАСПАЛДАҚТАРЫ – ШЫҢДАЛУ ЖОЛДАРЫ

0
202

Ең әуелі қазынашылықтың атқа­ратын қызметін, қазынашылықтың құрылу тарихы туралы қысқаша мәлімет беріп кетсем. Қазынашылық саласы тарихи тұрғыда алып қарағанда, мемлекет байлығының сақ­талуына жауап береді. Салықтар, са­лым­дар, баж салығын өндіріп алуды ұйым­дас­ты­рады, мемлекеттік мұқтаж­дық­тарға қаражат бөледі. Түйін­деп айтқанда, қазынашылық – ақша қаражаттарын тиімді жұмсауды және сақ­талуын қамтамасыз ететін қаржылық орган. Қазақстанның қазынашылық жүйе­сінің қалыптасуы мен дамуы Тәуелсіздік жылдарымен тікелей бай­ланысты. Мемлекетіміздің өсуі және нығаюы, бюджетке түсімдердің және қаражат шығыстарының бір­тін­деп өсуі мем­лекеттік қаржылық басқаруды және қаржылық жүйені қайта құруды реформалауды талап етті.

Қазақстан қазынашылығы кіріс­тер мен шығыстар бойынша ба­қы­лауды жүзеге асырады, бюджет қа­ра­жаттарының мақсатты жұмсалуына жауап береді, ақша ағынының қоз­ға­лысын оңтайландырады, бюджет­ қаражатын шоғырландыруды, оның жұмсалуының ашықтығын, тиім­ді басқаруды қамтамасыз ете­ді. Сонымен қатар бюджеттік заң­наманы әзірлеуге қатысады және оның атқарылуына ба­қы­лау жасай­ды. Қазынашылық мемлекеттің бюд­жеттік ағынын басқарудың барлық қыры шоғырланған, келешегі мол, да­мы­ған қаржы институты ретінде танылды. 2004 жылы бірыңғай ақпарат­тық ортаны қамтамасыз ету үшін­ қазынашылық органдары жаңа­ ақпараттық жүйеге көшті. Сарап­шы­лардың пікірінше, Қазақ­стан­ның қа­зынашылық жүйесінің тәжіри­бесі басқа елдерге үлгі болатындай, жо­ға­ры бағаланып, бірегей жүйе ретінде та­нылды.

2011 жылы осы орган жұмысының тиімділігін барынша жоғарылатқан, со­ған сәйкес бюджетті игеру сапасын арттырған, қаржылық құжаттарды онлайн-режимде өңдейтін «Қазына­шы­лық – клиент» жүйесі енгізілген болатын. 2012 жы­лы бюджет қар­жы­сының игерілуі мен мақсаты – бюджет қағидатына сәйкес­тігіне ар­налған квазимемлекеттік сектор­ субъектілерінің шоттарына қызмет көр­сету басталды. Одан әрі бюджеттік шы­ғыс­тардың тиімділігін түпкілікті жақсар­ту үшін 2017 жылы «Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қолдау» жобасы енгізілді. Аталған жоба­ның негізгі мәні − құрылысқа шарттарды іске асырған кезде бюджет шығыстары мониторингін жасау.

Бүгінгі таңда қазынашылық жүйе Қазақстанның қаржылық жүйе­сі­нің басты бөлігі болып отыр. Ол мем­лекеттік органдардың алдына қойған міндеттерін орындау үшін кірістерді уақ­тылы есеп­теп, қаржылық ресурс­тармен жеткі­лікті қамтамасыз ете отырып, ақша­лай ағын­ның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін қамта­ма­сыз етеді. Процестерді барынша ав­то­маттандыру, алдыңғы қатарлы озық тех­но­логияларды пайдалану, әкім­шілік және техникалық тәртіпті оңай­лату арқылы стратегиялық мін­деттердің бірі қоғамдық қаржы жағ­дайы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолже­тім­ділігін қамтамасыз етуді шешуге мүм­кіндік береді.

Біздің қазынашылық басқармасы аудандағы қаржылық саланың үлкен бір бөлігі деуге болады. 23 маусым мемлекеттік қызметкерлер күніне орай өзім басқарып отырған мекеме қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Әр маманның өзіндік алар орны бар. Дей тұрғанмен осы саланың ең төменгі баспалдағынан еңбек жолын бастап, бүгінде басшы орынбасарлығына дейін көтерілген қызметкерім Наргиза Таипова туралы сөз етпекпін.  №1 Шонжы орта мектебін аяқтаған соң Алматы үздіксіз білім беру университетінің «Есеп және аудит» мамандығын оқып бітіріп, «Экономика және бизнес бакалавры» дәрежесін алады. 2009 жылы аудандық қазынашылық басқармасының құжаттарды қабылдау тобының жетекші маман-жетекші қазынашысының уақытша міндетін атқарушысы, әрі қарай инспектор, маман, бас маман, бүгінде басшының орынбасары лауазымында отыр. Адам өз жұмысын сүйген кезде ғана белгілі бір дәрежеге, биікке шыға алатынын уақыт дәлелдеп берген. Наргиза Алимжанқызы да қазынашылық қызметінің ең төменгі баспалдағынан басшылыққа дейін өзінің талапшылдығы, жауапкершілігі арқасында жетті. Басқарманың бұрынғы басшысы Нурдинова Сайдям Бахаудинқызын өзінің ұстазы, тәлімгері санайды. Бүгінгі жеткен жетістігін сол кісінің өнегесімен байланыстырады. Бұл өте жақсы үрдіс. Алдыңғы буын аға, апалардың үлгісін алып өскен ұрпақ жаман болмайтындығы тағы шындық. Мен өз қызметкерімнің білімділігі мен біліктілігіне ризамын. Басқармада осындай адамдар абырой мен беделге кенелтеді. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында өз қызметкерім туралы жылы лебіз білдіргенді жөн көрдім. Басқалары жайында да жылы сөз артық болмас. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып барлық әріптестерімді құттықтаймын. Жұмысымыз табысты болсын. Ал Наргиза Алимжанқызының біздің басқармада еңбек еткеніне мақтанамыз. Өз ісінің нағыз білгірі. Оның жүріп өткен еңбек жолын кейінгі буынға үлгі болмақ. Қазынашылық саласының жұмысын жақсы түсіне қоймайтын адамдар да кездеседі. Бірақ бюджеттің әр тиынын қадағалап, оның мақсатты жұмсалуына септігін тигізіп отырған біздің қызметкерлер екендігін баса айтқым келеді.

Жүктелген міндеттерді сапалы атқару үшін уақытты тиімді пайдалану қажет. Біздің жұмысымыздың басқалардан ерекшелігі де сол. Қазынашылар үшін әр минут қымбат. Сондықтан қаржыға байланысты дүниенің жауапкершілігі де артық.

Мемлекеттік салада қызмет істеу –  үлкен мәртебе. Осы мәртебелі қызметтің үдесінен шығып, мемлекетке, елге қызмет етіп жүрген барша қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің іргесі сөгілмесін.

Қанат ЖАНҒАЗИЕВ,

аудандық қазынашылық басқармасының басшысы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…