
АҚЫН ОРАЗАҚЫН АСҚАР – 90 ЖАСТА
Халықаралық «Алаш», түркі әлемнің «Ақбозат», Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, сыпайы мінезді лирик ақын Оразақын Асқар ағамыздың бүгінгі айтулы іс-шарасын әдеп пен рух алдындағы қарыз бен парыз деп санаймын.
Осыдан он шақты жыл бұрынғы әдеби жиында: «Сөздеріне алтын жалатқандай, қылпықсыз жазатын бір ақын бар. Ол – Оразақын Асқар. Ақын болу құдыреттің қалауы. Солай болған соң да мейірлі қазынасын Алла береді, шығармашылығына да бақыт құсын қондырады. Ол кісі елу келгенде:
«…Елуге жеткен де бар, жетпеген де,
Жасармын енді отыз жыл көп дегенде.
Арналған ойларымдай ес білгелі,
Ризамын ол жылдар да кетсе өлеңге» деп өлең үшін жоғары жақтан отыз жыл сұраған ғой. Айтқаны періштенің құлағына шалыныпты. Әдебиеттегі өзіне тиесілі ризықты алыпты. «Таудай бол!» деген кітабы әр қазақтың немересінің досы. Лаула кейіпкері әр қазақ баласының тәлімгері. 2014 жылы «Атамұра» баспасынан «Қос қоңырау» деген кітабы жарық көріпті. Кез келген беттегі өлеңін тосырқамай, мүкістенбей, өзіңіз жазғандай шаттанып оқисыз. «Киім», «Өшіргіш туралы өлең», «Балдырғанмен табысу» деген өлеңдерін шетінен оқи бересің, оқи бересің. Сөздің бояуы, сиқыры болады дегенді «Гүлдер әлемі» деген кітабынан анық аңғарасың. Дәрінің рецептін жасағандай өлшем, мөлшерінен ауытқымай, талантына маңдай терін қосып жазғанын сезесің де бұрынғы «О, Марк Твен», «О, Джек Лондон!» дегеніңнен айнып «О, Оразақын Асқар!» дейсің деп жазыппын.
Оншақты жыл бұрынғы сөзімді эмоцияның жетесінде кетіп айттым ба десем ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құлбек Ергөбеков те: «Жалын» баспасынан шығып жатқан Мұқағали Мақатаевтың шығармалар жинағының 3 кітабын алдым. Сүйегіме сіңіре оқыдым да Орекеңнің замандас ақын шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығаруда адалдық танытқанына риза болдым. Өлеңді нұсқалары бойынша академиялық стильде жасаған. Ақынның азаматтығына бас ұрдым» деп жазыпты. Оразақын ақын өз шығармаларын қалай аялайтын болса, өзгеге де сондай жауапкершілікпен қарайтын аяулы азамат еді. Ол кісі тіптен үйдегі Ажар жеңгейден бастап бүкіл әлемге таза көңілмен қарайтын эко-ақын дер едім.
Ең бірінші оқырман, сыншым да өзі,
Саған аян жанымның тылсым кезі.
Сөйтсе де оның мазасын мен аламын,
Бір кетіріп көрген жоқ тыншымды өзі.
Ол жүрген жер қыста да жаз болады,
Қанша мақтап жазсам да аз болады.
Оқта-текте туындым жарық көрсе,
Менен бұрын оқып ап мәз болады.
Қарайды өзі киімге, азыққа да,
Кетпесін деп тозып ер, азып бала.
Қыруар істен еншіме тиетіні,
Отыру тек жақсы өлең жазып қана», – десе кезінде Хамит Ерғалиев үйлену тойы үстінде «Айналайын, Ажар келінім, мен Оразақынды біраз уақыттан бері танимын. Талай іссапарға бірге барғанбыз. Оразақынға тұрмысқа шыққан сен бір есті бала екенсің. Мен егер қыз болсам Орекеңе тиер едім» деген сөзін жымиып тыңдаған апайымыз жылдар сынынан өткен соң: «Мен сені сүйдім» деген өлең жазады.
«Ат арылтып мені іздеп тапқаның үшін,
Ата-анама да ерекше жаққаның үшін.
Маған қиған ең қымбат шақтарың үшін,
Мен сені сүйдім.
Арақ-шарап аузыңа алмағаның үшін,
Шылым-шырпы қалтаңа салмағаның үшін.
Өлең мен маған өміріңді арнағаның үшін,
Мен сені сүйдім.
Жан сырыңды менен еш жасырмағаның үшін,
Сөз түгіл басымнан құс асырмағаның үшін.
Алғаш сүйген кезіңнен басылмағаның үшін,
Мен сені сүйдім.
Айтқан сөзден әсте бір танбағаның үшін,
Бастықтарға бас иіп бармағаның үшін.
Сұрап, сатып атақ, сый алмағаның үшін,
Мен сені сүйдім.
Ісімді елеп арқамнан қаққаның үшін,
Бар керекті үйіңнен тапқаның үшін.
Қыздарыңша ерке қып баққаның үшін,
Мен сені сүйдім.
Тамам қыздан мені тек таңдағаның үшін,
Қажетімді айтқызбай қамдағаның үшін.
Өзге ешкімге өртеніп жанбағаның үшін,
Мен сені сүйдім» деп жазыпты.
Қазір мұндай адамдарды табу мүмкін емес дейтіндер бар. Ажар апайымыз жарының бір-екі шумақ қысқа өлеңдерінен емес, философиялық мәні бар ұзақ өлеңдерін жатқа оқиды. Мұны неге айтып отырмыз? «Отан отбасынан басталады» дегендей шығармашылықтың бағалануы осы отбасынан басталатынының бір мысалы.
Сонау Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде туған Оразақынды әкесі 8-9 жасында ауыл шетіндегі қырға алып шығып: «Анау Ұласпалы таудан бөлініп жеке тұрған тауды көрдің бе? Ол –Доланқара. Төріндегі тау-Арқас тауы. Сол таудың сай-саласынан Өсек өзені ағып жатады. Өсектің бойында Жаркент деген қала бар. Арғы жағы Көктал, Қойбын, Қоңырөлең, Басши, Алтын-емел. Сол жер біздің атамекеніміз» деген сөзді құлағына құйып, содан кейін мектеп директорының үйіне ертіп келіп «туған жердің суретін көрсетемін» деп Қазақстанның картасымен таныстырады. Өз өлкесіне деген махаббатын сол кезде түпсанасына әбден шегелегеннен болар, шығармашылығындағы өлеңдердің 80-90 пайызы Отан, туған жер туралы. Бірде арнау, бірде сюжетті өлең, бірде-өлең дастан, бірде баллада. Түр жағынан, жанр жағынан сан түрлі. Оның кез келген өлеңінен өмір мен өнердің үйлесімін туған жердің фоны арқылы беріп отыратынын аңғарамыз.
Поэзия ежелгі өнер. Туған жылы жоқ, өлген жылы болмайтын мәңгілік муза. Поэзияда жаңалық жасайтындар бізге асау атты бастықтыратын шабандоздар секілді елестейді ғой. Олай емес екенін Оразақын Асқардың өлеңдерінен көреміз. Өлеңдерінен майда қоңырлатып, ұяң үнмен, жұмсақ ескен самалдай жазып-ақ Тұманбай Молдағалиевтан: «Өршіл, жаңашыл ақын» деген бағасын алған.
Қазір біраз ақындар оқырмандарын жатын бөлмеге ертіп барып, көрпелерін ашып жіберіп, әңгімелерін жайып салады ғой. Оразақын Асқар поэзияда әдеп деген мінезді қалыптастырып кеткен ақын.
1989 жылы «Қара өлең» деген жинақ шығарған. Қара деген сөз бұл жерде заттың түсін білдіруден әлдеқайда кең мағынада ,қара-әлемнің ежелгі қалпы, байырғы деген ұғымды білдіреді. Қара сөз, Қаратау, Қарадала, қаражол деген секілді. Талай кезеңдегі халықтың ой-арманын, мақсат-мұратын, қуаныш-сүйінішін бейнелейтін осынау қазынаны ел аузынан жинап, тұңғыш кітап етіп басып шығарған да осы Оразақын Асқар ағатайымыз. Өзінің естелігінде: «Әкем бәйіт, хисса, батырлар жырын домбырамен сүйемелдеп, әнге қосып, жатқа айтушы еді, ат жетер жердегі жиын-тойға арнайы шақырылатын өлеңші Жаңылқан деген нағашы жеңгемізге қосылып шешем де айтысқа қатысатын. Осындай ортада туып-өскендіктен халық өлеңі құлағымызда сіңісті болған жайы бар» — деп айтыпты. «Қара өлеңде» жүйелеп, жинақтап 2 рет шығарған. Ауыз әдебиетінен жинаушыларға арналған бәйгеде бірінші орын алады. Дүниежүзі халықтарының қара өлең тектес жырларын қазақ тіліне «Інжу-маржан» деген атпен аударып шығарған. «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі 50 томдығын шығару жұмысына атсалысқан. Өзінің 40 кітабы шыққан, соның оншақтысы балаларға арналған.
Оразақын Асқардың «Аттастар» деген поэмасы бар, ол шығарманы жүрек жыламай оқу мүмкін емес. Оқиғасы былай: «Ағайдың жұмыс істеп жүрген орнына сол кездегі Гурьев облысында тұратын бір анадан хат келеді. Онда: «соғыс кезінде немістердің бомбалары біздің де ауылға түсіп, мен ауруханаға түсіп, Оразақын деген баламның не тірі, не өлі екенін білмей, жоғалтып алдым. Әкесінің аты Асқар еді.
Қазір Алматыда Оразақын Асқар деген ақын азаматтың өлеңдері шығып жүр. Осы менің Оразақын деген балам емес пе екен?» деп жазады. Бұл ананың хатын жауапсыз қалдырмай, үмітін үзбейтіндей етіп жауап жаз дейді қызметтестері. Алғашында ойына тиянақты ой орала қоймайды. Кешкісін өз шешесімен әзілдеспекші болып: «Мама, сенің неге ұрса беретініңнің сырын енді түсіндім. Мен сенің балаң емес екенмін» дейді ғой.
– Қалай? – деп анасы таң қалады.
Гурьев облысынан келген хатты анасының қолына ұстатады. Оны оқыған анасы егіл-тегіл жылайды.
– Ойбай маматай, сеніп қалдыңыз ба? Гурьев қайда? Шығыс Түркістан қайда? мен өзімнің Іле аймағындағы Мүкей-Қаратаста туғанымды білемін ғой, – деп анамды әрең жұбатып алдым. Сонда анам:
– Балам, өзімдей ананың өзіңдей баласын жоғалтып, жылдар өтсе де үмітін үзбей жүрген жүрегінің лүпілін естідім мына хаттан. Ақын деген шын мәнінде халықтың адамы болса, осы анаға да бала бола алатыныңды білдіріп өлеңмен хат жаз! депті.
Сөйтіп, «Аттастар» деген поэма өмірге келген. Оразақын Асқар телевидениеде істеп жүргенінде атақты суретші Әбілхан Қастеевпен сұхбаттасуға барады. Ол кісінің үйінің кіреберісінде жаман шапан киіп, аула сыпырып жүрген жас жігіттің суреті тұр екен. «Бұл суреттің тарихы қалай?» деп сұрағанда. «Жаман шапанын босағасына іліп қоятын Аязбиді білуші ме едің». Сол секілді мен де байлардың ауласын сыпырып, ақша табатын кезімнің естелігі ұмытылмасын деп осы суретті кіреберіс жерге қойдым» дегенінде, Оразақын Асқардың өзінің есіне, редакцияға өлең апарған кезде табаны тесік аяқ киімінен су өтіп, еденде қалған ізі есіне түседі. Өлеңде із қалдыруды мақсат еткен ақынның арманы орындалды деп білеміз.
Оразақын Асқар кезеңіндегі ақын-жазушылардың арманы жоқ. Ол кісілердің шығармаларын ұры-қарыдан бастап шенунікке дейін оқып, мыңдаған тиражбен шыққан. Оспанхан Әубәкіров ағамыз бірде Алматының көкбазарына бара қалған ғой. Ағамыз қажетті заттарын алып жатқанда қолы жылмақай бір ұрысы қалтасына қол салмақшы болады. Ағамыз оның арам пиғылын біле қалып, қолынан шап беріп ұстап алады да: «Бауырым қоя тұршы, қажетті заттарымды алып алайын», – дейді түк білмегендей. Ұры тұрған орнында қаққан қазықтай қалшиып қалады.
– Оспанхан аға, кешіріңіз. Сізді танымай қалып, мені Құдай атып тұр, – депті әлден соң оған тіл бітіп.
– Ойпырмай, – депті Оспанхан, – мені ұры да танитын болып шықты. Көкбазардың жүлігі де кітап оқиды екен-ау! – дегендей, 3-4 жыл бұрын біздің үйге ұры түсті. Келесі күні бір шаруаға керекті деген ақшаны санап тұрып сөмкеме салып қойғанмын. Дайын күйінде алған, жатын бөлмеде тұратын құран кітабының кобдишасының астындағыны алған. 1989 жылы баспадан шыққан Оразақын Асқардың «Қара өлең» кітабын жатын бөлмеден алып, шыға беріс жерге қойып кетіпті. Алып үлгере алмады ма екен, әлде арасынан кетіп бара жатып ақша іздеді ма екен деп ойлаймын. Кезінде 40 000 данамен шыққан кітаптың оқырманы болуы да мүмкін.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА