Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадасы Мемлекет басшысының қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның ауқымы да жыл сайын кеңейіп, оқушылардың білімге деген құштарлықтары артпаса кеміген жоқ. Биылғы төртінші кезеңде білімдерімен республикалық деңгейде өз бақтарын сынап қайтқан оқушыларды ақсақалдар, аналар, мұғалімдер, қоғам белсенділері зор құрметпен күтіп алды.
1 желтоқсан демалыс күніне қарамастан ауыл балаларының олимпиада жеңімпаздарын Әлмерек бабаның ескерткіші аумағында қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы білім бөлімінің, оқып жатқан мектептерінің, ауданның мерейін тасытқан дарынды оқушыларға жылы сөзін арнады. Топ жарып, білімдерімен биікке қол жеткізген оқушыларға ағалық ақ тілегін ақтарды. Оқушыларға жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген жетекшілеріне аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Тиірмен ұйғыр орта метебінің 11 сынып оқушысы Гузел Нурахунова химия пәні бойынша олимпиада жеңімпазы атанса, №1 Шонжы мектеп лицейінің 10 сынып оқушысы Амир Юрьев информатикадан көш басында болды. И.Искандеров атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Наиль Марленов математика пәнінен жеңімпаз атанып қайтты. Бұл оқушыларға аудандық білім бөлімі 100 мың теңгеден сыйақыларын ұсынды. Балалардың ата-аналары ризашылықтарын білдіріп, ұстаздарға алғыстарын жеткізді.
Осындай мерекелік көңіл-күйді пайдаланып аудан прокуроры Тұрманов Ғабит Қонысбекұлы “Бақытты және қауіпсіз балалық шақ” жобасы аясында жеңімпаз оқушылардың ата-аналарына рақметін айтып, өзінің Алғыс хатын ұсынды.
Мәре-сәре күй кешкен балалар да, олардың ата-аналары мен мұғалімдері де бақытты сәтті бастан өткерді. Білімді мыңды жығады деген тәмсіл бар. Бүгінгі талапты оқушыларымыз ертең еліміздің мақтаулы азаматтары атанарына сенім мол. Математика, химия, информатика пәндерін жеңіл деуге болмайды. Осындай қиын пәндерді бағындырып, болашақтарына жарқын жол ашылуына тілектеспіз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ