Басты бет Қазақ елі ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

0
71

Ел арасында қазір баласын әскерге жіберуге қорқатындар саны артқан. Бойларын үрей билеген. Оған себеп те жоқ емес. Сарбаздардың оқыс жағдайда қаза табуы, түрлі жарақаттар алуы, бәрі де осыған алып келді. Әрине, бауыр еті баласын кім көпекөрнеу ажалға қарай айдағысы келсін?! Әскердегі атышулы оқиғалар туралы Мемлекет басшысы да арнайы тапсырмалар беріп, заңсыздықтардың алдын алуды ескертті. Бірақ Отанды қорғаусыз қалдыруға тағы болмайды. Сондықтан да әр азамат әскерге баруы керек.

Ол талқыға салынбауы да тиіс. Күзгі әскерге шақыру науқа-нында Райымбек ауданы бойынша әскери бөліміне 500 сарбаз Отанын қорғауға келді. Енді еліміздің түкпір-түкпірінен келген жалындаған жастар жарғақ құлағы жастыққа тимей, шекара дегеннің не екенін ұғынып, ондағы өмір мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бір жыл бойы жаттығады. Табандылық пен төзімділіктің ер азаматқа қажеттігін әскерде ұғына алады. Бірақ оның бәрі тек ант қабылдау рәсімінен кейін ғана жүзеге асатыны анық. Сондықтан жуырда әскери бөлімде сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Бұл шараға ҚР ҰҚК шекара қызметі Алматы облысы бойынша Департаментінің бастығы полковник Әлібек Амангелдіұлы Каюпов, аудан әкімі Елеусізова Бота Серікқызы, ауған соғысының, шекара қызметінің ардагерлері қатысты. Сонымен қатар сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары да осындай ерекше сәттің куәгері болуы үшін ауданымызға арнайы келген екен.

Сап түзеген сарбаздар кезек-кезек ант қабылдады. Жас жауынгер сынынан өткен бес жүз сарбаз Отан қор­ғаушылармен теңқұқылы сапта бой түзеу үшін Отанға адал болуға, қалт­қысыз қызмет етуге, әскери өмірдің қиындықтары мен ауыртпалықтарына төтеп беруге салтанатты түрде серт берді. Халыққа, ел мен Мемлекет басшысына, сондай-ақ, өзіңе серт беру – тамыры тереңде жат­қан ерекше жауынгерлік рәсім. Қазақ­стан Республикасының әрбір аза­маты Қарулы Күштер қатарына енер алдында әскери ант қабылдауы тиіс. Осы бір маңызды сәтте біз де сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне куәгер болдық.

Сарбаздар ант берген сәтте ата-аналардың толқуы басым болғандай. Бірі көзіне жас алып, көңілі босап тұрса, енді бірі баласының нағыз азамат болғанына марқайып тұр. Сарбаздар да өзіне сенім артқан ең әуелі Отаны мен туған-туысы алдында жаңылмауға, шалыс баспауға, елі мен жерін табандылықпен қорғауға қасқая тұрып ант беріп жатты.

Сарбаздардың ант беру рәсімі аяқталған соң алғашқы құттықтау сөз ҚР ҰҚК шекара қызметі Алматы облысы бойынша Департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюповқа берілді. Әлібек Амангелдіұлы шекарашы сарбаздарға анттарына адал болып, жауынгерлік-даярлық қызметінің үздігі атану үшін табандылық пен шыдамдылық, еңбекқорлық қажеттігін айтып, қазақстандық шекарашылардың үздігі атануларына тілектестігін білдірді. Ал Отан алдындағы борыштарын өтеуге балаларын жіберген ата-аналарға алғысын айтып, олардың ұлдары нағыз патриот екенін, елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы осындай батырлар арқылы дамитынын, өркендейтінін айтты. Сонымен қатар Әлібек Амангелдіұлы өз сөзінде биыл Алматы облысы мен Кеген ауданы әкімдерінің қолдауымен қазақ-қырғыз шекарасының бойында су жаңа шекаралық жылыту пунктері ашылғанын сүйіншіледі. Бұл да болса шекарашыларымыздың шекараны қырағылықпен күзетуіне әсер ететін бірден-бір фактор екенін де жеткізді. Жаңа келген шекара қызметінің сарбаздарына сәттілік тілеп, ел қорғаны болатындарына сенім білдірді.

Ал ақжарма тілегін ақтарған аудан әкімі Бота Серікқызы әр сарбаздың артында үміт артқан ата-анасы, бауырлары, туған-туысы бар екенін, сондықтан сол үмітті ақтап, әскерді абыроймен аяқтап, отбасыларына аман-есен жетулерін тіледі сарбаздарға. Ел басына күн туса, етікпенен су кешкен бабалар ерлігінің арқасында ие болған ұлан-ғайыр даланы қорғау әрбір Қазақстанның азаматының борышы. Сол борышын атқаруға келген әр азамат ел мақтанышы екенін де тілге тиек етті. Ел шетін жау баспасын деп күні-түні көз ілмейтін шекарашылардың ерлігін әсте жоғары қою керек. Ал жас шекарашылар сол аға буынның қабілет-қарымын өздеріне өнеге етіп, дарыта білуі қажет. Осындай ізгі тілектерден соң сөз ата-аналар атынан қатардағы жауынгер Тұрсын Қуаныштың анасы Батырбекова Жазираға берілді. Өз ұлымен бірге әскер қатарында жүрген әр бала өз баласындай екенін елжірей айтқан ананың тілегі көптің көңілін босатты. Ұлының азамат болып, әскерге өз еркімен барып, Отан алдындағы борышын өтеуге талпынысына мақтанатынын айтты. Ел қорғаны болар азаматтарымыздың амандығын тілеп, аналық жүрегімен әр сарбазға жүрекжарды лебізін арнады.

Мінбеге көтерілген қатардағы жауынгер Тілектес Диас Нұрмағамбетұлы әскери өмірді көру, оны сезіну, оның қиындығы болса, төзе білу әрбір ер-азаматтың борышы екенін айтып, сол қасиетті борышты өтеуге келген жауынгер жолдастарына сәттілік тілеп, антымызға адал болып, ел сенімін ақтайық деген ұранды сөзімен қорытынды жасады.

Салтанатты шара аяқталған соң басқарманың арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл бөлімшесі жеке құрамының орындауында «Мемлекеттік шекараны бұзушыларды ұстау» оиперациясы және қоян-қолтық ұрысының әдістері мен тәсілдері көрсетілді. Арнайы жаттықтырылған иттердің көмегімен шекара бұзушыны ұстау операциясы жас сарбаздар мен ата-аналардың көңілінен шыққаны анық. Қауіпке бас тігіп, қылмыскерді тұзаққа түсірген шекарашылардың ерлік істері өмірде де өте  көп. Олардың кірпік қақпай ел шебінде еңбек етіп, тер төгуі де мақтарлық іс. Осыны көзбен көруге мүмкіндік бұл жолы сарбаздардың жақындарына да бұйырды. Арнайы жасақтың ұрыс тәсілдері, түрлі кедергілерді бағындыруы да сәтті шықты.

Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Шекара – жас сарбаздардың шеберлігін шыңдап, Отанының нағыз патриоты етіп шығаратын орта. Сарбаздар шекарада нағыз әскери өмірді сезінеді. Қиындығын да, қызғын да көре алады. Бастысы Отан қорғауға бейімделеді. Ал Отан қорғау – әркімге бұйыра бермейтін бақ.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕМЛЕКЕТ ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ

Мемлекет шекарадан басталады. Еліміздің ішінің ырыс, сыртының тыныш болуы шекара күзеткен …