Басты бет Әлеумет Аманат арқалаған мамандық иесі

Аманат арқалаған мамандық иесі

0
18

        Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Ондағы мақсаты жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау деп қабылдадық. Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Бұл биылғы Жолдауда айтылған сөз.

Кезінде шопандар мен диқандар, темір тұлпар тізгінін қолына алғандар және пошташы деген өте сыйлы, құрметті мамандық иелері болған. Қазіргі жастар түсінбеулері де мүмкін. Алыстан хабар алғызған сол пошташыларды ауылдың қариясы да, баласы да күтетін. Ең алдымен олар түрлі басылымдарды, республикалық деңгейде шығып жатқан газет, журналдарды әкелетін. Сосын алыстағы туыстан хат-хабар таситын, арасында «посылка» дейтінбіз ағаш жәшікпен шалғай қаладағы ағай-апайлардан тәттілер мен киім-кешектер келетін. Ауылдағы мәртебелі мамандық иелерін көшенің итіне дейін танып алатын. Алдарынан үй иелерімен бірге жүгіріп шығатын. Бұл да бір қызық дәурен еді.

Ауыл тұрғындары төрткүл дүниенің жаңалығын газеттен тұшына оқып, хат алып, ағайын-туыстың амандығын біліп, қуанатын.  Ауылдастардың асыға күтетін адамы осы пошташы еді.  Ал бүгінде оның маңызы жоғалғандай. Себебі, бұрынғыдай газет-журналды жаздырып алатындар қатары азайып, хат жазысып, хабарласу деген қалды. Оның орнына айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ұялы телефон бар.   Бір кездері хат тасушы зейнеткерлердің зейнетақысын тарататын еді. Қазір оның орнын банкомат картасы алмастырды.

Дей тұрғанмен заманның талабы дейміз бе, өркениеттің заңдылығы болар, пошташы сияқты көптеген қарапайым мамандық иелерінің жұмыстарын электронды пошталар алмастырды. Тек қана газет-журнал таситын пошташы ғана өз жұмысын әлі атқарып жүр. Маған әртүрлі басылымдарды көтеріп Әлия атты келіншек келеді. Жүрісі өте ширақ. Жып-жинақы. Қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң. Биылғы шілденің шіліңгір ыстығында аптасына үш рет пора-порасы шығып, газет салған дорбасын арқалап келеді. Шаршағандығын түк сездірмейді. Алдағы қыстың суығына қарамай дәл осы жұмысын жалғастыратындығын білемін. Сөзге тарттым. Жүзі жылыдан түңілмейтін халықпыз. Ол да бірден сырын ақтарды. Шонжының Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебін аяқтапты. Арманы – заңгер болу екен. Талдықорған қаласындағы сол кездердегі заң техникумына құжаттарын тапсырады. Соңғы емтиханнан сүрінеді. Көңілі қалып, ауылға қайтады. Бір жыл ата-анасына қолқанат болып, жұмыс істеп, келесі жылы Алматыдағы байланыс техникумына барады. Тағы да жолы болмайды. Жұмысшы болу да жаман емес деген қағиданы басшылыққа алып, сол кездегі дүрілдеп тұрған ет комбинатының шұжық шығаратын цехына орналасады. Сосын әйел адамға ауырлау болғандықтан жаңадан ашылған тігін фабрикасына барады. Олар Түркістан қаласына бір жылдық тігіншіліктің оқуына жібереді. Көп-көрім сырт киімнің капишонын тігуші деген мамандық бойынша еңбек етеді. Фабрика жабылған соң қайда барарын білмей біраз сергелдеңге түседі. Сонда өзінің сыйлас апайы Шәкен тәте пошташы бол, –деп қасына ертіп жүріп, хат-хабар тасудың қаншалықты маңызды екендігін түсіндіреді. Елдің алғысын арқалайды. Әсіресе үлкендер жағы баталарын беріп, ризашылықтарын айтқанда қанаттанып, Шәкен тәтеме алғыс айтатынмын, – деп ағынан жарылған Әлия Әкімханқызының әңгімесіне риза болдым. Ұлы Әбіләкім екеуі кезекте ұзақ тұрып баспаналы болыпты. Қазір жаңа салынған үйлерден өздерінің пәтерлері бар екен. Қарт анасының күтімі де Әлияның мойнында екендігін әңгіме арасында ұқтым. Қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінің және өз жұмысына деген аса жауапкершілігінің арқасында 20 жылға жуық пошташы болғандығына мақтанып алды.

Кез келген жұмыстың өзіне тән қиындығы болары ақиқат. Ал елдің аманатын арқалап жүрген пошташылардың еңбегі ерен. Ми қайнататын ыстықта, қақаған суықта көшеде жүру дегеніңіздің өзі қиямет-қайым. Көпшілік жұмыстың ауырлығына шыдамай,  шығып  кетеді. Ал Әлия осы жұмыстың зейнетін көргісі келеді, осы салада зейнетке шыққанша еңбектенгісі келеді.

Десек те жұрт жаппай интернет әлеміне енгенімен, аға буын өкілдері әлі де баспасөзге тапсырыс береді. Олар үшін газеттен ақпарат алу қалыпты құбылыс. Технология қаншалықты дамығанымен, поштаның орнын ештеңе алмастыра алмайды. Газет оқитын оқырман үшін пошта тасушының орны тіпті бөлек. Мен үшін солай. Сондықтан қарапайым еңбек адамы және аманат арқалаған Әлия туралы жазғым келді. Адамгершілігі жүзінен байқалатын, өзінің міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын Әлия Әкімханқызына Құдай қуат берсін деп тіледім.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…