Басты бет Мәдениет және руханият АҚЫН ТАҒЫЛЫМЫНА ТАҒЗЫМ

АҚЫН ТАҒЫЛЫМЫНА ТАҒЗЫМ

0
886

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні 2020 жылдан бастап Қазақстанда мереке ретінде аталып өтілуде. Даналығы мен данышпандығы, ақылы мен кемеңгерлігі, өлеңі мен қарасөзі әр қазаққа бойтұмар болуы керек. Әр қазақтың төрінде оның сөзі ақылшы, бағдаршы болғанда ақынның өзі айтқандайын «Толық адам» бола алатын шығармыз. Болмасақ та ұқсап бағалық.

Абай 170 астам өлең мен 56 аударманың авторы. Оның қаламынан бірнеше поэма мен «Қара сөздері» туған. Абай аудармаларының арқасында әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары қазақ тілінде жарық көрді. Бұл мерейлі күн баяғыдан-ақ белгіленуі керек еді. Ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Руханиятымыздың ең жарық жұлдызы Абайдың туған күнін бүкіл қазақ елі тойлағанда мерейіміздің бұдан да биік асқақтары анық. Абай – құбылыс, феномен. Оған Жаратушы ием талантты да, биік рухты да, жоғары интелектіні аямай берген. Абай хакімнің бай мұра­сын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күн­ге байланып қалмайтыны белгілі. Туған күніне қатысты да біраз дау-дамай болғаны рас. 23 тамыз неге 10-ы бола қалды деген сыңайлы. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың дәлелін келтірейік осы тұста. «Аға сұлтан Құнан­байдың анкетасында балалары туралы мәліметтер көрсетіледі. Сол жерде Абайдың туған күні деп 10 тамыз жазылған. Одан Семейге саяси қуғынға ұшырағандар келгені белгілі. Олардың пікірлері де мұны қуаттайды. Абайдың 1845 жылы, 10 тамыз күні Ералы жазығында туғаны айқын. Ол кезде Семей халқы көшіп-қонып жүрді. Олардың бір жерге отырықтануы өткен ғасырда ғана жүзеге асты. Шортанбай ақынның айтатыны бар ғой: «Әуелі бас­тан ханды алды, Қамалып қазақ сандалды», деп. 1822 жылы хандық жүйе жойылған соң орыс губерниялары құрыла бастады. Олардың мақсаты бел­гілі еді. Әрине бұл ұзақ әңгіме. Біз­дің айтпағымыз, Абай сол тұста өмірге келді. Ұлы ақын өмірден өткен соң ке­ңес­тік саяси жүйенің ықпалымен қоғам­дық-саяси көзқарастарынан бастап өмір­баянына дейін бұрмаланды. Яғни туған күніне дейін өзгертілді. Осы күні аталып жүрген 23 тамыз қайдан шықты дегенге келсек, орыстарда ескі жыл мен жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Сол себепті ақынның туған күніне 13 күн қосылған».

Қытай Конфуций ілімімен дамып, өркендегендігін, неміс халқы ұлы философы Ницшенің бағытын ұстану арқылы әлемдік деңгейде мойындалғанын ескерер болсақ, біз Абайдың тағылымы арқылы өркениетті, алып елдермен тереземізді теңестіре аламыз. Абайдың ғылым мен білімге деген көзқарасымен ұрпағымызды тәрбиелегенде ұлтымыз да, рухымыз да асқақтай түсері анық. Абайдың туған күні барша қазақтың туған күніне айналғанда өміріміз де, қоғам да басқаша арнаға бұрылары ақиқат. Абай– бізге жол көрсетіп тұрған жарық шам­шырақ. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «бірің­ді қазақ бірің дос» тұтатын қас­тер­лі күн!

Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қада­мы! Тірісінде ақи­қатты, әділдікті жақтап, ғы­лымды ту көтерген, соңына жақұт­тай жар­­қы­­­раған қазына қал­дырған жанға қа­тысты дүниелердің еш­­­қай­сысына біз нем­құрайды қарамауымыз керек. Абай – өз шығармаларымен қазақ халқының ақыл-ой, жан-жүрек қазынасын  ғаламат байытқан дана ақын ретінде әлемдік өркениеттен ойып орын алған ұлы  тұлға.  Қазір өзі ұлы деген сөзді ұялмастан қалай болса солай қолдана беретін болдық. Ол тек Абайға тиеселі сөз. Ұлы Абай өзі шыққан биікке өзімен қоса туған ұлтын да өрлетіп, төр­летіп отыр. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, Абай жылын жариялап, елімізде қыруар шаралар өткізілді. Балабақшадағы сәбиден бастап, ел билігін ұстаған шенеунікке дейін Абай өлеңдерін жатқа оқығаннан челлендж ұйымдастырды. Өзге ұлт өкілдері де бұл шарадан тыс қалмады. Осылайша хакім Абайды қайта тірілткендей болдық.

Той тойлау үшін емес, рухани ой-өрісі­мізді өсіруді көздеген ниетпен Үкіметтің арнайы қаулысымен дүниеге келген бұл мереке ұлттық деңгейге жетуі тиіс. Өйткені күллі адамзат тарихының қаншама ғасырлық сан алуан белестерінен өткен әдебиеті мен мәде­ниеті, яғни халық даналығы мен сөз өнері барша әлем халықтарының рухани құн­дылықтар қазынасын құрайтыны белгілі. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді бұл баға жетпес байлықтың да әр ұлттар мен ұлыстардағы жекелеген ұлы тұлғалар шығармаларынан нәр алып, уақыт өткен сайын қордалана беретінін жақсы білеміз. Қайнар көзі қадым замандардан бас­тау алатын қазақ әдебиеті тарихында жинақталған ұлы мұраларымыздың бар­лығының да өзіндік ерек­шеліктері, ұлттық сипаты мол. Мұнымен қатар олардың басым көп­ші­лігінің бү­кіл әлем­д­ік әде­­­биет­тің классикалық нұ­сқа­ларымен де үн­дес­тігін, үзеңгі қа­ғыс­тыра алар бәсекелестігін бай­қамау мүм­кін емес. Осы орайда қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі, «сөз патшасын» ұлттық деңгейден әлемдік аренадағы биік шыңдарға дейін алып шыққан Абайдың алып тұлғасы күн өткен сайын асқақтай түсуі тиіс. Ендеше Абайды терең танып, оқыға­нымызды көңіл көкжиегіне Темір­қазықтай қонақтатып, айналамызға түсіндіре беру, баршамыздың азаматтық әрі патриоттық борышымыз деп білеміз.

Өлеңдері мен қара сөздерінде Абайды айрықша алаңдатқан мәселе – қазақ ұлты­ның болашағы екені талассыз ақиқат. Осы орайда кесіп-тіліп, сынап айтса да, уытты тілмен мінеп айтса да, тіпті асқақ пафос­пен жырлап айтса да көкейінің түпкірінде ұлтына деген ұлы махаббатының жатқанын бек түсіне аламыз.

4-қара сөзіндегі мына бір пікіріне назар аударайықшы: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғымен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уа­йым қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды қарекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күл­кі­менен азайтпа, орынды қарекетпен азайт!»  Орынды қарекетпен айналыспақ тұрмақ, мынау аласапыран тірлікте өз орнын таппай жүргендер аз ба бүгін? Жоғарыдағы пікірін данышпан ақын былай түйіндейді: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің раха­тының қайда екенін білмей, бірін бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, бос, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Хакім Абайдың қара сөздеріндегі адамзат баласына, оның ішінде қазаққа қарата айт­қан ғақлияларының басты кредосы – жама­ндық пен арамдықтан мейлінше алыс­тап, жақсылық пен адалдыққа барынша жақын­дау, еңбекті сүю, масылдықтан аулақ болу.

Біз ақынның осы айтқандарын қаншалықты дәрежеде орындап жүрміз. Ойланайық, өзімізге өзіміз есеп берейік. Масылдық деген өте жаман қасиет. Бүкіл өміріңді, арман, мақсатыңды біреуге артып қойып, соның арқасында күн көру қаншалықы ғұмырлы болмақ.

Данышпан Абайдың туған күні құтты болсын, халайық! Осы күні ақынның бір өлеңін немесе бір қара сөзін оқиық, санамызға сіңірейік. Абай тағылымына тағзым етейік. Ұлтын, қазағын аруағымен қолдап, ақылды сөздерімен жебесін.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

    Алаш қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы һәм ұстаз, педагог-ғалым Жүсіпбек …