Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы. Әлемдегі ең көп таралған тіл – ағылшын тілі. Себебі оның таралу және қолдану аймағы кең. Ал ең сұлу тіл деп француз тілін атайды. Дегенмен осы қатарға өзіміздің қазақ тілін де қосуға болады. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. Қазақ тілінің ерекшелігі мен байлығы, сөздік қорының молдығы, синоним сөздерінің көптігі әлемдік деңгейдегі тілдерден асып түспесе кем түспейді.
Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған. Ауылдың бұзықтарының мінезін де, қылықтарын да сөзбен түзеп отырған ғажайып тіл.
Адам өмір сүрген жерде оның тілі болады, сол ұлтпен бірге өмір сүреді. Тіл жоғалатын болса, онда біртіндеп ұлт та жоғалады. Сондықтан ұлт ретінде ана тіліміздің өміршеңдігі үшін тер төгіп, баба тілінің бағасын биіктету — парызымыз болмақ. Біздің «Тіл оқыту орталығының» басты миссиясы да қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту.
Тіл — асыл құндылық. «Дүниежүзілік мәдениетке ана тілі арқылы барамыз» деп белгілі қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов айтқандай, бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету, оның қолданыс аясын кеңейту, тілге деген сұранысты арттыру, қажеттілік жасау әрбіріміздің міндетіміз саналады. Тарих төрінен орын алатын ұлттың тілі — озық, мәдениеті — жоғары болатыны белгілі. Ықылым заманнан бері ата-бабаларымыз ана тіліміздің тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарап сол жолда аянбай күресті. Атап айтқанда, қазақ халқының тәуелсіз ел болып қалыптасу дәуіріндегі тіл үшін күрескен Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Құдайберген Жұбанов сынды арыстарымыздың еңбегі ерен. Қазіргі жаһандану заманында Ұлы Дала елінің алпауыт мемлекеттердің тасасында қалып қоймай, дербес ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық кодымызды, жалпы ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өсіп келе жатқан ұрпақтың заманға сай білім алып, бәсекеге қабілетті, ғылыммен шұғылданып, әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, жақсы үрдістерін үйренуі үшін тілді білу қажет екендігін атап өткен болатын. Яғни мемлекеттік тілдің маңыздылығы мемлекет басшысының назарында болуы жайдан-жай емес деген сөз. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Тіл – ең асыл құндылық.
Перизат СЕМБЕКҚЫЗЫ,
аудандық «Тіл оқыту» орталығының маманы