Тұрар Рысқұлов десе Шерхан ағаның «Қызыл жебесі» санамызға сақ ете қалары рас. Қазақта біртуар азаматтар баршылық. Қайсар, батыр, батыл, намысшыл жігіттер көп. Бірақ солардың ішіндегі Тұрар Рысқұловтың бейнесі ерекше, өзгеше. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған мезгілдің өзінде қазақ ұлты үшін қыруар шаруаның басын қайырды. Ең алдымен ұлтын аштықтан құтқарудың жолдарын қарастырды. Қырықтан енді асқанда қыршын кеткен қазақтың Тұрары туралы тым көп айтылмады. Тек Шерхан Мұртазаның зерттеуімен, іздеуімен жазылған кітаптары болмаса. Киноға да, басқаға да лайықты дайын дүние жасап кеткен Шерхан ағаның еңбегі өлшеусіз. Тұрар бабамыздың аруағы Шерағаға риза болар.
Тұрар Рысқұлов 1894 жылғы 26 желтоқсанда бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында дүниеге келген. Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы патша билігінің көрсеткен әділетсіздіктерінен көңілі қалып, ХІХ ғасырдың 80-жылдары сонау Сырдариядан Жетісу облысына қарай қоныс аударады. Рысқұл сол кезде ауылды қанап, озбырлық көрсетіп отырған болысты атып өлтіріп, түрмеге қамалады. Кейін маңдайына біткен жалғыз ұлын қасына алдырады. Тұрарға «Түрме баласы» лақап аты беріледі. Жас бала түрме үйлерін сыпырып, түрме бастығының атын бағатын болады. Сол жерде жүріп елгезек бала орыс тілін жетік меңгеріп алады. Дегенмен, Рысқұлға 10 жыл беріледі де, Сахалинге жер аударылады. Ал кішкентай Тұрар нағашыларының қолына қалуға мәжбүр болады. Бала жасынан-ақ тағдырдың тәлкегін көп көргендіктен ерте шыңдалып, ақ пен қараны ерте ажырататын қабілетке ие болған шығар.
Білімділігімен қоса зиялылығы, оған мінезділігі бар нағыз нар тұлға, қоғам қайраткері, саясаткер, жазушы, журналист туралы біздің бірдеңе айтуға сауатымыз да, тісіміз де батпасы тағы анық. Дегенмен оның қандай азамат болғандығын, адами болмысын танып-білу, кейінгі өскелең ұрпаққа үйрету, жеткізу бәрімізге парыз. Оның ұлтжандылығына, өз еліне деген адалдығына қызыл империяның қатты өшіккені сонша, Тұрар Рысқұловты ату туралы бұйрыққа Сталиннің өзі қол қояды. «Халық жауы» деп айыпталған арыс 1938 жылы 10 ақпанда атылды. Тұрардың атылуына Сталин, Ворошилов, Каганович, Молотов сынды төрт адам бірдей қол қойды. Бұл оның кеңестік азулы һәм аяусыз саяси-әкімшілік билігінің негізгі нысанасына айналған дара тұлға екенін білдіреді. Ендігі бір деректерде ол Мәскеудің түрмесінде жүрегі тоқтап қайтыс болды делінеді. Ал жұбайы АЛЖИР-де 18 жыл айдауда болды, ұлы Ескендір түрмеде көз жұмды.
«Ел үшін туар ер озар» демекші, қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолдары мен көрнекті ерен еңбектері ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік болуына ықпал етуде. Бар өмірін ашық аспан астында ұрпақтарының еркін өмір сүруі жолына арнаған ұлы тұлғалардың есімдері мәңгілік сақталары хақ. Қазақ халқының осындай елін сүйген ер ұлдарының бірі де бірегейі – Тұрар Рысқұлов. Ол жиырмаға жуық кітап, брошюралардың авторы мен редакторы болды, жүздеген ғылыми және үгіт-насихаттық мақала жазып, жариялады. Қырыққа жетпеген жасында-ақ қазіргі тілмен айтқанда бір министрліктің шаруасын жалғыз өзі атқарыпты.
Т.Рысқұлов еңбектерін оқи отырып, оның тамаша насихатшы, тарихи және экономикалық мәселелердің зерделі зерттеушісі болғандығына көз жеткіземіз. Т.Рысқұловтың қазақ халқының ұлттық мәдениетін зерттеп-зерделеудегі еңбектері әлі күнге дейін өзінің мән-маңызын жойған жоқ. Тарихты тудыратын да халық, ұлттықты сақтап тұратын да – халық дейтін болсақ, онда ұлттығымыздың келісті келбеті – ана тіл, діл, дін, салт-дәстүріміз екені даусыз. Алмағайып замандарда, алпауыт күштермен арпалыса жүріп алты алаштың азаттығын көксеген арыстарымыздың аталы сөздері мен салиқалы пікірлері, батыл әрекеттері қазіргі таңда халықтық қазынаға айналып, ұлттық болмыстың үлгісіндей болғаны шындық.
Саясаткерлігінен, қайраткерлігінен бөлек Тұрар Рысқұловтың жазушылық, журналистік талантын айтпасқа болмас. «Еңбекші қазақ» газетінің басшылығына келгенге дейін басылым тізгінін Бейімбет Майлин ұстаған. Аптасына 6 рет шығып тұрған «Еңбекші қазақтың» әр санын Тұрар Рысқұлов өзі жіті қадағалаған. Алдыңғы редакторлар дәстүрін сақтай отыра, көптеген тың жаңалықтар әкелді. Ең алдымен газет таралымын ұлғайтты, газетті жаздырып алу, почта арқылы тарату мәселесін ретке келтіреді, газет ісіне қалам қайраткерлерімен бірге жас тілшілерді де тартады, газет бетіндегі жарнамалардың санын өсіреді, газеттің безендірілуін өзгеше қалыпқа түсіреді, бас редактор ретінде мақалалары үнемі жарияланып тұрды, ұзынсонар мақалалардың орнын қысқа ақпараттар ала бастайды. Жаратушы ием бір адамның бойына осыншама дарынды, талантты үйіп-төгіп бере салғанына таңданасың да қоясың.
Тіршілікте ұзақ өмір сүре алмаса да, көрген-білгенін түйіндеп баспасөз беттеріне жариялауды өзінің парызы санаған Тұрардың журналистикаға араласуы – құбылыс. Арнайы журналистік білім алмаса да, сол кезеңдердегі түркі балаларының бұлдыр болашағына күйзелді. Оны баспасөзде тамылжытып жазды. Мемлекет қайраткері, түркі халықтарының тәуелсіз, біртұтас Түркістан Республикасы идеясы авторларының бірі, қазақ халқының біртуар азаматы Тұрар Рысқұлов дәл біздің қоғамға керек болып тұрғандай көрінеді. Еліне қызмет етсем деген асқақ арманы, ұлтының болашағы үшін жанын шүберекке түйгендегі қайраткерлігі, намысшылдығы мен адалдығы бізге бүгін жетіспей тұрған қасиеттер. Бірақ әр заманның өз батыры болатындығын ескерер болсақ, мүмкін біздікі қиял, арман болар. Қоғам қайраткерінің, алаш ардақтысының еңбек жолынан қысқаша мағлұмат берейік.
1915 жылы Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясына құжаттарын тапсырса да, қабылданбайды. Қайсар бала осындай әділетсіздікке көз жұма қарай алмайды да, сол кездегі Оқу министрлігіне арыз жазады. Тек осындай бірбеткейлігінің арқасында арнайы рұқсатпен емтихан тапсырып, оқуға қабылданады. Ал 1916 жылы қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталады. Сол кезде Тұрар Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезінде орналасқан Меркі ауылына жол жүреді. Ащы ызаға толы халық пен әскердің қарулы қақтығыстары шарықтай түскен шағына тап болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Тұрар Рысқұлов Меркіге қайта оралып, «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Ал жазда РСДЖП құрамына мүше болып қабылданады. 1918 жылы сәуір айында Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш қызметте Тұрар Рысқұлов сол кездегі шиеленісушілік туындаған орыстар мен қазақтардың қарым-қатынасын реттеу, өткізілетін кеңес отырыстарына өңірлердегі халықтық өкілдерді тарту, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу арқылы қорғау жолында бар күш-жігерін салып, жұмыс істейді. 1918 жылғы 21 сәуірде Әулиеата қаласында Тұрар Рысқұловтың ұйымдастыруымен қазақтардың жиыны өткізіледі. Аталмыш жиынның басты мақсаты – уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау болып табылады. Аталмыш жиынның шешімімен Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і осы өңірдегі халықтық өкілдерден сайланды. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Әулиеата қаласы жанында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды.
Тұрар Рысқұлов 1918 жылғы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланады. Қызмет барысында Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисі ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн. сом салық төлейді. Ал сол жылдың қыркүйек айында Тұрар Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Аталмыш комиссариаттың мақсаты – өңірдегі денсаулық жүйесін қамтамасыз етумен қатар, аштықпен күресу болып табылды. Дегенмен, аталмыш комисариаттың әл-аухаты мен бар күш-қуаты сол кезде орын алған аштықпен күресуге мүлдем қауқарсыз болды. Осы себепті, Тұрар Рысқұлов елді жайлаған аштықпен жүйелі түрде күрес жүргізу мақсатында түрлі комиссариаттардың өкілдерінен тұратын арнайы ұйым құру қажеттігі туралы бастама көтереді. 1918 жылы қараша айының 28-інде Тұрар Рысқұлов талап еткен ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Ол аталмыш комиссияның төрағасы болып тағайындалады. Ерекше комиссия өзінің жұмыс барысында Түркістан автономиялық республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашады.
Ал 1919 жылдың 14 наурызында Түркістан Республикасы кеңестерінің VІІ-съезінде Тұрар Рысқұлов Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланады. 1920 жылғы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен жылдары Орталық атқару комитеті Түркістанның тарихи жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналады. Сондай-ақ, сол өңірдегі халықтың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне ие болады. Сонымен қатар, Тұрар Рысқұлов Түркістан Республиканың Конституциясына сай әрекет ету арқылы орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізеді. Тұрар Рысқұловтың Түркістан Республикасының егемендігі жолындағы қажырлы күресі – тарих беттерінде мәңгі сақталатын ерлік бейнесі. Ол Түркістан Республикасын түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыру, саяси-экономикалық, әскери және мәдени мәселелерге қатысты еркіндікке, егемендікке қолжеткізу, халықтың құқығы мен мүддесінің қорғалуы жолында бар күш-жігерін жұмсады.
1926 жылғы 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш лауазыммен қатар, Тұрар Рысқұлов Түрксіб темір жолын салу жөніндегі үкімет комиссиясының төрағасы болады. Осы қызметте жүріп, 6 жылда аяқталуы тиіс Түрксіб темір жолының 3 жылда толығымен пайдалануға тапсырылуын қамтамасыз етеді.
Тұрар Рысқұлов Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шыққан болатын. Сондай-ақ, ол кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.Сталинге нақты ұсыныстар жасаған қайраткер.
КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен Тұрар Рысқұловтың есімі 1956 жылғы 8 желтоқсанда ақталды.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының бір ауданы Тұрар Рысқұлов есімімен аталады. Ал Тараз қаласында Тұрар Рысқұлов есімі берілген демалыс саябағы бар. Алматы қаласындағы Басқару академиясына да аты берілген. Сондай-ақ, көрнекті қазақ жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Қыл көпір», «Жұлдызды көпір» атты романдарында Тұрар Рысқұловтың бейнесі жоғары дәрежеде бейнеленген. Ол ұлтының нағыз тұлғасы ретінде әр жүректе сақталары хақ.
Баян МАМЫРБАЕВА