«Жасыл ел» жастар жасағы соңғы 18 жылдың көлемінде тұрақты әрі нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан еліміздің ауқымды бағдарламаларының бірі. Атауы айтып тұрғандай айналаның айнадай тазалығы мен аймақтарды жасыл желекке айналдыру үшін жұмыс істейтін жастардың жасағын құрып, әр жылы ала жаздай осы жасақтың құрамына қабылданған әрбір жас жасыл келешек үшін, жарқын болашақ үшін, таза өлке, жасыл желекті елдің ертеңі үшін аянбай еңбектенеді. Бағдарламаның ең негізгі миссиясы да осындай. Ағымдағы жылы да аталмыш бағдарлама өз деңгейінде алғашқы қадамын жасады.
Үстіміздегі жылдың маусымының ашылуы еліміздің әр өңірінде аталып өтті. Сәйкесінше облысымыздың орталығы Қонаев қаласында барлық аудандардан жиналған жас патриоттардың басын қосып, Алматы облысының әкімдігі мен жастар ісі жөніндегі басқармасы және басқа да тиісті басқармалар «Жасыл ел» жастар еңбек жасағаның ХХ маусымын ашып, сауапқа әрі тәлім-тәрбиеге толы жұмыстың басын бастап берді. Эко-жобаның салтанатты бастауына біздің ауданнан 40 тан астам жастар арнайы барып қатысты. Келелі жұмыстың жаңаша серпінмен бастау алған сәтіне куә болған жастар үлкен ортаны көріп, айналаға деген көзқарастарының ауқымын кеңейтіп, қоршаған орта мен қоғамға деген мәдениеттің бойларында жаңаша қалыптасуына мүмкіндік алып қайтты. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне елімізге танымал ABBI&ALTAIR, Nursultan Nurberdiev, Nurmuhammed Jagyp, Qarnaq toby сынды өнер жұлдыздары келіп, жастарға керемет көңіл-күй мен ерекше кеш сыйлады. Ашылу рәсімінен кейін, «Жасыл ел» сарбаздары жұмыстарына бірден білек сыбана кірісіп, Қапшағай су қоймасының жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді. Осылайша Алатаудың етегіндегі алып аймақ – Алматы облысының көлемінде жүргізілетін биылғы сенбілік жұмыстарының шымылдығын салтанатты түрде түріп берді.
Жалпы бағдарламаның негізгі мақсатына қоса тағы да тиімді тұстарының бірі жастарды еңбекке тарту, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге үйрету. Ауыспалы кезеңнің шырмауында жүрген жас буынды бұғанасы қатқан сәтінен бастап жұмыс істеуге баулып, адал еңбек пен маңдай тердің қадірін ұғындыру. Ең бастысы еліміздің жарқын болашағы тазалық пен жасыл желекті аймақтардың қалыптасуында екендігін жіті түсіндіру. Осылайша жас буынды жан-жақты тәрбиелейтін «Жасыл ел» еңбек жасақтары 14-35 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамтуға өзінің айтарлықтай септігін тигізіп келеді. Жоғарыда атап өткендей жастардың мерзімдік жұмысқа орналасып, маусымдық жұмыспен қамтылуына бағытталғандықтан жыл сайын жаз айының демалыс кезеңдеріне әр аймаққа арнайы жасақ құру үшін бөлінген қаражатқа сәйкес адам санын белгілеп береді. Биыл біздің ауданнан маусымдық жұмысқа 80 адамға орын берілді. Жоба аясында жасақшылар өңірді абаттандырып, өз өлкесін көгалдандырып қана қоймай, тиісті еңбекақысын алып, арнайы киімдермен қамтамасыз етіледі.
Гульшат МУРТУЗАЕВА,
аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі