Бүгінде бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі мәселесінің күрделене түскенін ешкім жоққа шығара алмайды. Отбасындағы тұрмыстық тауқыметпен қоса, сыртқы әсердің ықпалы да бала тағдырына көлеңкесін түсіріп тұр. Қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып жүрісінен жаңылған, маңдайы тасқа тиген жасөспірімдердің бұралаң тағдыры алаңдатпай қоймайды. Жалпы қоғамдағы жас ұрпақтың тәрбиесіне тек мектеп қана емес, құқық қорғау органдарының араласуы соңғы кезде жақсы жолға қойылған шаруалардың бірі деуге болады.
Прокуратура органдары құрған «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы шеңберінде ауданда мобильді топ жұмыс істейді. Жобаның аты айтып тұрғандай балалық шақ алаңсыз және бақытты болуы керек. Оған ең алдымен ата-ана жауапты. Сонан соң балабақша, мектеп, орта қалыптастырады.
Біздің ауданда «Прокурордың жас көмекшісі» деген атпен клуб жұмыс істейді. Оның мүшелері ауданның әр мектебінен жасақталған. Арнайы киім тіктіріп, прокуратура саласының жұмысымен танысып, болашақта осы мамандықты иеленгісі келетін балалар үшін жақсы үрдіс болғандығын айту орынды болар.
«Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында аудан прокуратурасы мен аудандық білім бөлімі бірлесе отырып, жазғы демалыстарын пайдалана отырып «Прокурордың жас көмекшісі» клуб мүшелеріне Шарын шатқалы мен Ерен тоғайын аралатты. Екі кезеңмен өткен экосаяхаттың «Құқықтық білім және экотуризм: Жас прокурорлардың миссиясы» атты экскурсия және оқыту семинарының бірінші кезеңі «Мен болашақ прокурормын» деген атпен жобалық сайыс ретінде өтті. Онда балалар өз армандарын жүзеге асыру үшін алдарына қойған міндеттерін айтты. Прокуратура мамандарына сұрақтарын көлденең тартты. Өте қызықты, тартымды өтті. Шараның екінші кезеңі Шарын ұлттық табиғи паркіне экскурсия жасаумен бастау алды. Туристік сайыстар да оқушыларды қанаттандыра түсті. Күні бойына жоспарланған шараның соңы жеңімпаз оқушыларды марапаттау, бір дастарқан басында кешкі асқа жалғасты. Кешкі алау маңында прокуратура қызметкерлері өз бастарынан өткен әртүрлі қызықты әңгімелер айтып, балалардың құқықтық қызығушылығын арттыра түсті.
Ат басын арнайы бұрып келген Бас прокуратураның кадр Департаментінің басқарма прокуроры Н.Н.Жиделбай, Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі М.Е.Абиров, ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы Кәсіби оқыту институты әдістемелік- ұйымдастыру жұмысы басқармасының аға прокуроры М.Б.Жылқыбаева, Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Б.М.Қибраевтар балаларға жүрекжарды тілектерін жеткізді. Прокурордың жас көмекшілерінен 100 ге жуық бала қатысқан шараның берері көп болды. Жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру үшін прокурордың құзіреті мен қызметі жайлы қойылған сұрақтарға шынайы жауап беріп, тәжірибелерімен бөліскен ағаларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сондай-ақ спорт пен экотуризмге қызығушылықтарын арттыру мақсатында спорттық жарыстарға балалармен бірге құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқаны тамаша болды. Прокурордың жас көмекшілері бір күндік таным жорықтан көкейлеріне көп дүние түйіп қайтты деп ойлаймыз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ