Басты бет Саясат АСТАНА – ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕКЕНІ

АСТАНА – ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕКЕНІ

0
348

       Батыр бабаларымыз бізге тұлпары шапса – тұяғы, қыраны ұшса – қанаты тала­т­ын кең-байтақ даланы мирас етті. Сол қайсар, рухты батырлары­мыздан мұра боп қалған киелі жердің шынайы егемендігіне, нағыз дербестігіне ХХ ғасырдың аяғында қол жеткізіп, әлем аренасында тәуелсіз жаңа мемлекет пайда болды. Ол жаңа мемлекет өзінің дербестігін танытатын елтаңбасын, туын, гимнін жасап, шекарасын бекемдеді. Жаңаша ұлттық үлгімен жаңа астанасын салды.

Есілдің жағалауын бойлай салынған жаңа қаланың қарқынды жүрген құрылысына қазір дүйім жұрт таңғала қарасады. Бүгінде жазиралы Сарыарқаның сайын даласына, тоғыз жолдың торабына ғаламат жылдамдықпен кескін-келбеті бөлек мәртебелі шаһарға келушілер көбейді. Бұл күнде «Астана» деп айшықтап атау берген елордамызға 26 жыл толып, ажарлы қала Тәуелсіз Қазақ елінің бет-бейнесіне айналды. Астана – қалыптасқан, дамыған Қазақстанның ажары. Жасыратыны жоқ, Астанаға қарап дүние жүзі Қазақстанның болмыс-бітімін таниды. Мемлекет басшысының бас­тамасымен дүниежүзілік маңызы зор басқосулардың, атап айтқанда әлемдік діндердің саммиті, Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форум және де көптеген ірі-ірі шаралардың дәл осы Астанада ұйымдастырылуы – Қазақстанның әлемнің саяси сахнасындағы рөлін айқындайды. Қазіргі күннің өзінде Қазақстанды – Астанасыз, Астананы «Бәйтерексіз» елестете алмайтын деңгейге жеттік.  Аста­нада бой көтерген әрбір ғимараттың түс-тұрпаты ерекше. Тәуелсіз Қазақстанның тірегі мен жүрегі болған Астана – әлемдік дең­гейдегі озық қалаға айналғандығына бәріміз куәміз. Білім мен ғы­лымның, өнер мен мәдениеттің ошағы Астана – Қазақстанның мәң­гілік елордасы болып қала береді.

Шетелдік қонақтар мен ресми тұлғаларды қабылдайтын орталық ретінде де өзін мойындатты. Күні кеше ғана Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Саммиті де Астана төрінде өз жұмысын бастады. Ұлы держава саналатын мемлекеттердің Президенттері келді. Олардың барлығының мақсаты – татулық пен достықты сақтап, экономикалық тиімді байланыстарды әрі қарай дамыту. Еліміздің дамуына зор үлес қосқан көптеген тарихи құжаттардың Астана төрінде қабыл­дануы да жайдан-жай емес. Астанамыз бейбітшіліктің, достықтың мекеніне айналғандығының белгісі. Достықтың жаршысындай, бейбітшіліктің ордасындай болған қаламыздың ғұмыры мәңгі болғай…

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…