Басты бет Мәдениет және руханият ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЖАСЫ – БЕРДІБЕГІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЖАСЫ – БЕРДІБЕГІ

0
2,102

    Бердібек Соқпақбаевтың жазушылық дарыны, тума таланты туралы айтудың өзі артық сияқты. Өйткені ол оны қажет етпейді. Бар болмысы, жан дүниесі жағымпаздықтан, мақтанудан ада жазушының жазғандарын үлкен де, кіші де түсіне береді. Ол сонысымен құнды. Кейде өте мықты жазылған дүние дегенді түсіне алмай, тісіміз батпай қиналатынымыз бар. Сосын білімсіздігімізге налимыз. Ал шын мәнінде жақсы жазылған шығарманы жас та, кәрі де бірдей деңгейде түсіне алуы тиіс. Ол сонысымен де биік және өміршең. Бердібек Соқпақбаевты еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сүйіп оқиды. Неге? Өйткені оның сөйлемдері қарапайым, ұғынықты, түсінікті. Айтар ойын да өте жеңіл тілмен жеткізе алады және еш қоспасыз, бүкпесіз өмір шындығын суреттейді. Нағыз классик жазушы.

    Биыл – қазақ балалар әдебиетінің шоқжұлдызы, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы. Мерейтойды ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы халықаралық шешім баршаны қуандырды. Мұны ұлт руханиятын әлемге танытудың бір қадамы деп түсінгеніміз жөн. Әсіресе, қаламгердің кіндік қаны тамған Алматы облысы жұртшылығына артылар жүк аз болмайды. Бір жағынан мақтануға тұрарлық, екінші жағынан жауапкершілігі мол деп ойлаймыз. Жыл ішінде өтетін әдеби-мәдени шаралардың арқасында бердібектанудың жаңа қырлары ашылуы тиіс. Бір ғана «Менің атым Қожасымен-ақ» бар қазақты мойындатты. Сүйсінтті. Емірентті. Көзіне жас алдыртты.

     Жақында ғана Қанат Әбілқайырдың «Менің Бердібегім» атты мақаласын оқыдым. Жазушының жан сырын десем де болады. Бердібекті тұсаулы арғымаққа балапты. Жазушы өмір кешкен заманның заңы, қайшылығы солай деуге мәжбүр еткенін көзі қарақты жан түсінеді деп ойлаймыз. Сосын жазушы кейіпкерлерінің аты-жөніне зерттеу жасапты. «Өлгендер қайтып келмейдідегі» Еркін Мамырбаев, «Менің атым Қожадағы» Қожа деген аттардың өзі еркіндік мен еліне қожалық ететін есімдерді әдейілеп, мазмұнын терең үңілу үшін қойылғандығын деректермен дәлелдеп жазыпты. Шын мәнінде кейде кейіпкерлердің есіміне мән бермей жататынымыз рас. Көзі тірісінде тиісті бағасын алмағанын да жақсы білеміз. Ол баға дегеніміз халықтыкі емес, билік тарапынан берілетін сыйлық, басқа да марапаттарды айтқанымыз ғой. Сөйте тұра билік мойындамаған дарынды халқы, жұрты әспеттеді. Кітап дүкендерінде оның кітаптары шаң басып тұрмайды, бірден сатылымға шығады. Өйткені оның сүйіп оқитын оқырманы, іздеуші ұрпағы, бағалар қалың қазағы бар.

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келді. Тағдыр жазушыға қиындықтың қамытын ерте кигізді. Жастайынан анасынан айырылды. Кеңес өкіметінің көшпенді жұртты зорлықпен ұжымдастыруы елді ашаршылыққа ұшыратты. Соқпақбаев сол нәубеттің бәрін көрді. Сондықтан қолына қалам алғанда жалған ұран мен жасампаздықтың болмысын ажыратып айтқысы келді. Талантының арқасында сезімі сергек жастың көкірек көзі ерте ашылды. Шығармаларындағы кейіпкерлер айналасына сын көзімен қарайды. Жазушының өтірік айта алмайтын балаларды, әдебиеттің осы жанрын жаңылыспай таңдағанына қайран қаласың. Қаламгер берік ұстанымынан ешқашан айныған жоқ. Алматыда жоғары білім алғаны, Мәскеуде халықаралық әдеби курсты бітіргені, республиканың беделді басылымдарында қызмет істегені, кеңестік насихаттың тапсырмасы мен талабы ол кісіге кедергі келтіре алмады. Мәселен, «Балалық шаққа саяхат» хикаятында өзі басынан кешірген, көзімен көрген сұрқай оқиғаларды боямасыз баяндаған. Егер оны үлкендердің деңгейінде әңгімелесе, кеңестік цензураның қайшысы шығарманы қиқалап, қоқысқа тастайтын еді. Жазушы бұл жерде балалық шақты айтқан болып, шеберлігінің арқасында, әсіресе, саяси сыншыларға ұстатпай, мезгіл көпірінен аман-есен өтіп кеткен. Жазушы, сонымен қатар, ұлттық менталитеттің бұзылғанын сездіреді. Елді асыраған кешегі ауқатты, іскер жандардың сағы сынғанын, қатары сирегенін ымдайды. Бұрын қазақ байлыққа ұмтылғанына, мал тапқанына қуанса, енді кедейлікті үлгі еткен сүреңсіз күйге түскеніне күйінеді. Өз әкесін мысалға алған болып қоғамды әжуалайды. «Мен бір жағдайда әкеме өте риза болатын едім. Ол – өмірбаян жазып, анкета толтырған кезде. Кез келген қарапайым анкетада әке-шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтардың ішіндегі ең маңыздысы. Жауапты құлшына жазамын. Әкем де, шешем де кедей болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей! Мен мұны мақтаныш етіп жазамын. Ата-тегімнің кедей болуы ол совет өкіметі үшін менен сенімді, менен бағалы адам жоқ екенін білдіретін бас бұрғызбас дәлел секілді» дейді Б.Соқпақбаев. Қоғамға деген запыранын, зілін осылайша шығарады.

Жазушы кітаптарының ішіндегі даңқтысы, әлем халықтарының көптеген тіліне аударылған – «Менің атым Қожа» хикаяты. Қызыл галстук байлаған пионер образы мұнда жаңаша көзқараспен сомдалады. Сол кездің қатып қалған ережесіне тоқталады. Мектептерде балалық еркіндікке тыйым салатын себептер көп. Ондай шеңберден шығып кеткеннің мәселесі талқыға түседі. Жүріс-тұрыстары қаулымен бекітіледі. Мемлекет баланы өзіне керек стандартпен оқытып, стандартпен тәрбиелеуді жолға қойған. Өзішілік басқарудың тізгіні пионер жиналысына берілген. Осындай тіршілікті ұнататын Жантас секілді балалар да өсіп жетілді. Олар коммунистік идеологияның өнімі еді. Ал, Қожа ше? Қожа – өзінің рухына жат сірескен қалыпты бойына сіңіре алмаған қазақтың қара баласы. Ойнауы да, ойлауы да табиғи. Сондықтан оның барлық қылықтарынан адамның жанына жақын, көзге көріне бермейтін сүйкімділікті сезесіз. Қожаның бетіне суық қарағанымен, былай шыға бере сынып жетекшісі Майқанованың, мектеп директоры Ахметовтің іштері оған үнемі жылып тұрады. Қожа – ақкөңіл бала. Ол үшін қатар-құрбыларының бәрі бірдей. Сабаққа қыры жоқ, ойы жылқы бағуда жүретін, өзін кең даланың ертедегі серісіндей сезінетін Сұлтанның өзін ол жақсы көреді. Сонысымен баршаға ұнайды. Ал ұрпақ мінезінің далаға тартуынан тіксінетіндер де аз болмаған. «Мектептегі барлық балаларды хулиган етіп шығарғыларыңыз келсе, бұл кітапты тезірек басыңыздар» депті рецензент. Сондықтан қазақ баспагерлері тәуекел етпеді, жүрексінді. Құдай оңдағанда «Қожаның» тұсауын Мәскеу кесті. Көп тиражбен бірінен соң бірін екі рет басты. Бірінен соң бірі: молдаван, латыш, литван, украин, өзбек, француз тілдерінде басылып шыға бастады. Кино түсірілді. 1967 жылы Канн фестивалінде бас бәйгені жеңіп алды» деп жазды Бердібек Соқпақбаев. «Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек», «Менің атым Қо­жа», «Қайдасың, Гауһар?» повес­тері, «Өлгендер қайтып кел­мейді», «Бурыл ат», «Әріпбай және көкжал қасқыр», «Бір қалта құрт», «Ұлтан оқиғасы», «Көйлек мәселесі», «Мен қалай үйлендім» атты әңгімелері. Бұ­лар – Бердібек Соқпақбаевтың таң­дамалы делінетін туындылары.

90-жылдары Дінмұхаммед Қонаевқа жақын жүретін жазушылар жолшыбай кездескен Бердібекті бой бермей қолқалап Дінмұхамед Ахметұлының туған күніне апарады. Сонда өзімен бұрын жүздеспеген қаламгерге Қонаевтың ерекше ықыласы ауады. Ол Рымғали Нұрғалиевтың естелігінде қызықты етіп баяндалған. «Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды. «Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа». Парижге барғанда Мұхтардың «Абай жолын» және сенің кітабыңды сыйлаған. Бүгін менің туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек» деген екен.

«Менің атым Қожадан» кейінгі жазушының сүбелі шығармасының бірі – «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Соғыс біреуді жетім, біреуді жесір етіп қан жылатса да, енді біреудің жонына май бітіретіні осы кітапта бүкпесіз айтылады. Әділетсіздік пен әпербақандықтың ел кіріптарлыққа тап болған кезеңде қалай құтыратыны көрсетіледі. Амал не, «Өлгендер қайтып келмейді». Егер өлгендер қайтып келсе, талай беттер ұяттан қарайып, қарғыстың қара батпағына көмілер еді. Жазушы заманға иленбей, биліктің қолайына жағатын өтіріктерді өрмей, 40-жылдардың шындығын көркем шежіреге айналдырған. Бұл кітап кезінде Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылыпты. Бірақ, әдеттегідей марапатсыз қалған. Осы кітаптан соң қаламгер шығармашылық ісін біржолата тоқтатқан. Шаршағаннан емес. Себебін тыңдап көріңіз. «Беке, не жазып жүрсіз?» деп сұрағандарға: «Не жазушы ем? Түк те жазып жүргем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы. Олар ең болмағанда бастарын жазады! Жазбаймын демеймін, әрине. Жазғым-ақ келеді. Бірақ ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді» деп жауап қайтарған. Бұл жауап – оңай жауап емес. Ыза мен өксікке толы зілді қайырымдар.

Соқпақбаев ешқандай да сый-құрмет көрмеді. Көрсете алмадық. Қаламгердің қадір-қасиетін, повестері мен әңгі­ме­лерінің, романының құндылық­тарын біле тұрып, білгіміз келмеді. Кеңестік кездің билігі, яки үкіметі мен партиясы ба­ға­ламады. Бағалағысы жоқ еді.

Бердібекті тірісінде не­лік­тен бағаламады? Себебі ол бірбеткейтұғын. Тайсалмайтын турашылдығы тота­литаризм талаптарына қай­шытұғын. Болмыс-бітімін­де жағымпаздық пен жан­дай­шаптықтың, жылпостықтың жұрнағы да жоқтұғын. Ол еш­кімнен ештеңе сұрамаған. Шындықтың тарих тереңінде қалып қоймайтыны ақиқат. Бердібектану да өз деңгейіне көтерілді. Тәубе. Шүкір. Ұлтым деп ұлы күнді аңсаған, азаттығым деп еркіндікті күткен, қожамын деп мақтаныш сезімі кернеген күніне жетті. Оның шығармалары қайта басылып, жас буынның рухани дүниесіне үлес қосатынына бек сенімдіміз.

БАЯН МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…