Әр адамның өз тағдыры, өз өмір жолы болады. Жаратушы иемнің маңдайға жазғанынан артық ештеңе болмайды дегеннің өзінде әр адам сана-сезімі, білім-біліктілігі, қабілет-қарымына қарай өз жолын салатындығы тағы рас. Аудан көлемінде жүргендіктен көптеген адамдармен көзтаныс, дос, сырлас болып жатасың. Оның ішінде әріптес, рухани бауырлар да бар. Басшылық қызметте жүргендердің барлығын дерлік танимыз. Жақын қарым-қатынаста болмасақ да сәлеміміз түзу, қабағымыз жылы.
Аудандық деңгейде әртүрлі салаларда ұзақ жыл еңбек еткен Әбіләкім Есуянов қаңтардың 4-і күні 70 жасқа толады екен дегенді естігенде біраз ойланып қалдым. Түріне қарасаң жап-жас сияқты. Алпысты еңсеріп, жетпістің желкесіне шыққалы тұрғаны байқалмайды. Мерейлі мерекесі қарсаңында бір ауыз сөз жазуым керек шығар деп шештім. Жетпіс жасқа жеткенше біраз белестерді бағындырып, бірталай шаруалардың басын қайырып, өз деңгейінде қызмет атқарды. Оған куәміз.
Қарасазда дүние есігін ашқан азамат білім қуып Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде оқиды. Сол замандарда бұл мектептің атағы да, білім беру деңгейі де өте биік болатын. Кіл атақтылар мен ақын-жазушылардың балалары оқитын. Оны аяқтаған соң Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түседі. 1979 жылы ауданымыздағы ХХІІІ партсъезд атындағы колхозда зоотехник, ферма меңгерушісі, Свердлов атындағы колхозда партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ауылшаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары, статистика басқармасының басшысы лауазымдарында болды. Бұл айтуға оңай болғанымен, бір адамның саналы ғұмырының тынымсыз өмір бөлшегі деуге келер. Тіпті бүтіндей өмірі десек те болар. Біреуден асып түспесе де екіншілерден кейін қалмай сол заманның ағысына ілесе алды. Ағыстан жағаға шығып қалған жоқ. Таңдаған мамандығы зоотехник бола жүріп, әкімшілік-басқару ісіне ерте араласты. Партия комитетінің жұмысына, идеология саласына жоғары жауапкершілікпен қарады. Әбіләкім Қозбағарұлы аса қатал немесе талапшыл болды дей алмаймын. Бұл менің жеке пікірім. Қай кезде де сыпайы, сабырлы қалпынан танбай жүріп басшы болды. Өзіндік ұстанымынан ауытқыған емес. Өтпелі кезеңнің өте ауыр тұстарында тығырықтан шыға білді. Нарық экономикасы, қайта құру, аумалы-төкпелі дәуірде қызмет атқарған азаматтардың мойнына үлкен жүк артылды шындап келгенде. Шыдағандар, төзгендер қайсарлық танытып қалды да, көптеген мамандар базар жағалап кеттті. Олардың ішінде мықты мұғалімдер мен білгір дәрігерлер де кездесті. Сондай сәтте қоғамның талабына сай биліктің тапсырмасын орындап, үкіметтің берген жоспарын дәл және уақытында атқарып, салық төлемдері ақсап тұрған кезеңде одан шығатын жолдарды қарастырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгері басуына өзіндік үлесін қосқан азаматтардың бірі – Әбіләкім Қозбағарұлы.
Жан жары Гүлбаршын апай екеуі дүниеге үш қыз, бір ұл әкелді. Оларды өте тәртіпті, білімді етіп тәрбиеледі. Ұл-қыздары үріп ауызға салардай сұлу әрі мәдениетті болып өскендігіне өзім куәмін. Қазақтың маңдайалды арқалы ақыны Мейірхан Ақдәулетұлымен құда. Қызын сол шаңыраққа берді. Бүгінде төрт баладан немере, жиеншар көріп отыр. Әрине шаңырақ шаттығына бөлену үшін бір адамның еңбегі немесе табысы жеткіліксіз. Үйдің берекесін кіргізетін, еркектің тапқанын ұқсататын әйелге де көп дүние байланысты. Гүлбаршын апай ұзақ жыл Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебінде ұстаздық етті. Сыртқы сұлулығы мен жан дүниесінің тазалығы үйлесім тапқан жанның бірі дер едім. Адамның ең үлкен бақыты оның атқарған қызметі немесе лауазымында емес, отбасылық құндылығында. Бұл жағынан да кейіпкеріміздің бағы жанды дей аламыз. Ұлағатты ұл өсірді, өте биязы қыздар тәрбиеледі. Олар өмірден өз жолдарын адаспай тапты. Одан артық қандай бақыт керек адамға.
Мемлекеттік қызметке бүкіл ғұмырын арнап, зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей жетпіс деген жетілген жасқа жетті. Өмір ағысында толқулар, кедергілер, сынақтар болары хақ. Кейіпкеріміздің де басынан біраз дүниелер өтті. Денсаулығы сәл сыр беріп, біраз әбігерге салды. Бірақ ішкі жігер мен тайталастың арқасында қазір шүкір бала-шағасының ортасында. 70 жасты ақсақалдықтың шыңы демесек те, біраз уақытты еңсерген, ақылмандық кезеңге теңеуге болар. Осындай жасқа ентікпей жетіп, отбасы мүшелерін, туған-туыс, бауырларын қуанышқа бөлеген күнімен редакция атынан құттықтаймыз. Газетіміздің тұрақты оқырманы ретінде ол кісіге айтар алғысымыз шексіз. Ауруды артқа тастап, алдағы күндері тек жақсылықтар жар болсын дейміз. Зейнет жасының жемісін ұзағынан көріңіз.
Баян МАМЫРБАЕВА