Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым. Ел тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайтыны ақиқатқа айналғаны анық. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90 жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдай жасалып, оң өзгерістер орын алды. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Тәуелсіздік жылдары ана тілімізді дамыту жолында едәуір оң өзгерістер орын алды.
Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымыздың біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Ел Президенті Қ.Тоқаев алдағы уақытта қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ең басты құндылыққа айналдыруды мақсат етіп отыр. Сондықтан үйлесімді тіл саясаты негізінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданысын қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Өткен жылдан бастап 16 желтоқсан мемлекеттік мереке болып қайта бекітілді. Мемлекет басшысы: «Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген еді. Шын мәнінде 16-17 желтоқсан 1986 жыл тарихымыздағы бейбіт өмірдегі ең ауыр күндер деуге болады. Жастарымыздың қаны төгілген, зиялыларымыздың басына қатер төнген, намысшыл ұл-қыздарымыздың өмірлері қыршыннан қиылған, халқымыздың басына нәубет болған кезеңдер деуге болады. Сондықтан бұл – шын мәнінде тағзым етер қастерлі күн. Қазақтың кең пейіліне келген Тәуелсіздіктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз, бабалар алдындағы мәңгілік қарызымыз. Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емеспе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін. Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген қазақ жастары қаншама. Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім. Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – кең байтақ жер, қастерлі тіл және береке-бірлік. Оның ішінде, еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл туралы Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы әрі міндеті» деп қазақ тілінің мәртебесін тағы бір рет айқындап берді. Осы орайда, «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында аймақ азаматтарына мемлекет тарапынан жасалып жатқан тіл үйрену мүмкіндіктерін ұсыну, тілге қатысты барлық іс-шараларды үйлестіру – аудандық тілдерді дамыту бөлімі мен біздің «Тіл» оқыту орталығының басты міндеті болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның ең басты бағыты – тілдерді оқыту шаралары. Алғашқы кезеңдерде тілдерді оқыту орталығына негізінен мемлекеттік қызметшілер қамтылса, ендігі кезекте халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерін тартуға, жалпы тіл үйренгісі келетін кез келген адамға есігіміз ашық. Сондай-ақ, оқыту үрдісіне жаңа технологияларды енгізе отырып, тіл үйрету әдістемелерін жетілдіру, оқыту сапасын арттыру басты міндеттердің бірі болып табылады. Ел Президенті Қ.Тоқаев алдағы уақытта қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді тапсырды. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына көмек ретінде өз қалтасынан 7 миллион теңге аударды. Осының өзінен-ақ тілдің қоғамға, елге, мемлекетке қаншалықты керектігін ұғуға болады. Мемлекеттік тіл бүкіл ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ең басты құндылық болатыны сөзсіз. Сондықтан, үйлесімді тіл саясаты негізінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданысын қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ мақсатымыз болып қала береді.
Әйгерім СЕЙІЛҚАНҚЫЗЫ,
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі