Басты бет Спорт СПОРТТЫ СҮЙГЕН ЖАНҰЯ

СПОРТТЫ СҮЙГЕН ЖАНҰЯ

0
1,229

Адамның өмір жолында артына қалдыратын жақсы аты мен өшпес ізі, ерекше еңбегі болуы керек. Онысымен ұрпағы мақтанып, елі есіне алып жүрсе бір сәт ағып түскен жұлдыздай емес мәңгі жасағандай болатындығы ақиқат. Бүтіндей бір әулетті ұстап отырған отағасының ел ішіндегі еткен еселі еңбегі артындағы бала-шағасы мен немере, шөбересіне сарқылмас рухани азық, оң бағыт-бағдар екендігі айқын. Осындай атасы бар отбасылардың қатары көп.

Алайда бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған отбасының ерекшеліктері мен ол әулеттің иесінің жетістіктері және еңбектері өз алдына бір төбе. Ауданымыздың берекелі де біртұтас ауылдарының бірі Әулиешоқының баурайындағы Диірмен ауылында кезінде Кеңестер елін дүркіреткен, сол кезде атағы айға жеткен жанның өз отбасымен, үрім-бұтағымен тұратындығын бірі білсе бірі білмейді. «Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту» үшін бүгін жеңіл атлетик, Кеңестер одағының спорт шебері, рекордсмен Ушуров Армия ақсақалдың өмір жолы мен отбасын аудан жұртшылығының назарына ұсындық. Алдымен кезінде аты аңызға айналған бүгінгі Армия ақсақалдың өмірі мен атын аңызға айналдырған спорттағы еңбегі жайлы шағын дерек. Ушуров Армия 1932 жылы 7 қарашада Диірмен ауылында дүниеге келген. 1954 жылы кезіндегі «ҚазИФК», бүгінгі спорт және туризм академиясын тамамдап шыққан. Сол жылы спорттағы жетістікке деген алғашқы қадам жасалып, Қазақстанда 110 метр кедергімен жүгіруден жарыста бақ сынап, 1 орынға ие болған. 1957 жылдары орта Азия және Қазақстанда көптеген спорттық сайыстарда жүлделі орындарды бермей жүрді. 1965 жылғы Кеңес халықтарының бірінші спартакиадасының қатысушысы болып аты тарихта қалды. Монғолия мен Қытай елдерінде де халықаралық жарыстарда төбе көрсетіп, талантын әлем алдында паш ете білген спортшы. Өзі 1959 жылдан бастап еңбек жолын ұстаздыққа арнап, туған ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді. Спортта ғана емес ортамен тіл табысу шеберлігі жоғары болған соң, ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, бірнеше сыныптың сынып жетекшісі де болып үлгерген. Сол кездегі Кеңестер одағының «Спорт шеберінің кандидаты», «Чемпион» және «Рекордсмен» атағын алған. Бірнеше республикалар біріктірілген сол кезеңдегі алып құрлықта атыңды Мәскеу біліп, рекорд жаңартып, спорт шебері болып әлемге танылу екінің біріне бұйырмайтын бақ болатын. Ал біздің елден, тіпті біздің ауданнан шыққан бозбала өзінің бойындағы ерекше талантын спортпен ұштастырып, алдына қойған мақсатына жете білген.

Армия ақсақал – 1959 жылы отау құрып, Ушурова Валентина Александровнамен ұзақ жылдар бойы бақытты ғұмыр кешіп, 2 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп, олардан немере, шөбере сүйген бақытты ата. Валентинадай өмірлік серігімен спортшыны табыстырған ең бірінші тағдыр болса, одан кейін еңбек жолы. Аудан аумағында, оның ішінде Тиірмен ауылында ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында қызмет еткен отанасы мен әйгілі спортшыны тағдыр таңдап қосқандай. Екеуі де денсаулық пен спорттың жанашыры, салауатты өмір сүрудің символдары іспеттес болды. Олардан дүниеге келген балашаға да осындай белсенді өмір салтын ұстанып, спортқа ден қойып, үлкен ұлы, тіпті келіні ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді.

Армия ақсақал әңгіме арасында жас күнінен қалған ыстық естеліктерге тоқталып: «Мен кішкентай кезімнен бастап, дәлірек айтқанда үшінші сыныпта оқып жүрген шағымнан бастап, бүкіл әлем көз тігіп теледидардан тамашалайтын футболға, жеңіл атлетикаға, күреске, баскетболға, волейболға, боксқа, биіктікке секіруге ғашық болдым. Аудан орталығы Шонжы ауылындағы дүңгіршектен «Спорт», «Советский спорт», «Футбол-хоккей», «Красный звезда», «Лениншіл жастар» газеттерін сатып алып, асыға оқуды әдетке айналдырып, оны оныншы сыныпқа дейін жалғастырдым», – деп спортқа деген қызығушылығы қаршадайынан дамыл таппағандығын айтып жеткізді. Бүгінгі күні жасы тоқсаннан асып жүзге қарай адым басса да бойындағы қалыптасқан спорт пен салауатты өмір салтын сақтауға деген ұмтылысы мен талпынысын тоқтатқан емес.

Бүгінгі әңгіменің себепкері болған спортшы ақсақалдың кез келген жас ұрпақ үшін өмірі де, жетістігі де, ерінбей еткен еңбегі де, ұйыған отбасы да нағыз үлгі. Зиянды әдеттерге әуестікті емес, салауатты өмір салтын насихаттайтын, спортқа құмар болып, ұзақ жасайтын осындай өнегелі қарттар көп болсын!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

    Мемлекеттің ең басты құндылығы адам ресурсы десек, ал адам денсаулығы – қоғамның өлшеу…