Басты бет Тағзым МЕРЕЙЛІ ЖАСҚА ТОЛҒАН ӘБЕКЕҢ

МЕРЕЙЛІ ЖАСҚА ТОЛҒАН ӘБЕКЕҢ

0
1,966

Абдуманап Амитахуновты ауданда танымайтын адам жоқ. Оның есімі аталса аудандық аурухана көз алдыңызға еріксіз келе қалады. Өз жұмысын жоғары деңгейде жүргізген, дәрігерлік парызын адалдықпен атқарған бір жан болса, ол – Әбекең деуге толық құқымыз бар. Әр саладағы басшылармен араластық, сыйластық, дастарқандас болдық. Дей тұрғанмен Абдуманап Амитахунұлының басшылық еткен кезіндегі дәуірді ерекше әңгімелеуге болады. Ең алдымен өз жұмысына деген адалдық пен шынайы берілгендік деген ұғым осы жанға арналғандай.

Әбекең бас дәрігер болған кезінде ауруханаға түсіп қалдым. Өте жаман диагнозбен. Дәрігерлер әбден әбігерге түсті. Дау-дамай туды. Өмірхан ағам барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Бас дәрігер ретінде әрине Әбекеңнің үлкен тәуекелге барғандығын да түсінем қазір. Алла жар болып бәрі сәтімен өтті. Сондағы Әбдуманап Амитахунұлының қуанышын көрсеңіз. Одан кейінгі уақыттарда біз аға, қарындас болып сыйластық. Әбекеңнің жұмысы таңсәріден басталатын. Асханадан бастайтын жұмыс күнін. Сырқаттарға дайындалып жатқан тамақтың дәмін, тұзын, етін, майын түгел тексеретін. Тазалықты басты тақырып етіп қоятын. Өзім куә болған нәрселерді айтып отырмын. Сосын «обход» жасайтын. Сол кездегі дәрігерлер мен медбикелердің әскери қызметкерлер сияқты тап-тұйнақтай боп тұратын көрінісі көз алдымнан кетпейді. Темірдей тәртіпті де осы жерде көрдім. Тәртіп болған жерде жұмыстың өнімді жүретіндігі даусыз. Артық сөз немесе қыбыр-сыбыр жоқ. Сырқат қана жағдайын айтатын және өзінің арыз, шағымын да жасырмайтын. Әр бөлімдегі әр сырқатпен тілдесіп шығу дегеніңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Әбекең осындай басшы, білгір маман болды. Қырық жыл бас дәрігер лауазымында болып облыс деңгейінде тек алдыңғы орындардан көріне білген бас дәрігер аурухананың айналасын көк желекке орандырып, адамдардың бір сәт демалып отыратын орнына айналдырғанын да білеміз

Құдайдың сыйы болар, 1 қыркүйек күні Абдуманап Амитахунұлы 85 жасқа толды. Осы айтулы күнімен оны әріптестері құттықтап шаңырағына бас сұқты. Денсаулығы болыңқырамай тұрса да, құрақ ұшып қарсы алып, мәз-мейрам болған ағамның қуанышына ортақтастық. Бас дәрігердің міндетін уақытша атқарып жүрген Қаныш Кәдірбекұлы бастаған дәрігерлер ақылшы ағаларын мерейлі күнімен құттықтап, иығына шапан жауып, мәре-сәре күйге түсірді. Басшы ретінде, дәрігер ретінде, жалпы азамат ретінде өзіндік қолтаңбасын, ізін қалдырған ағамыздың мерейін аспандатқан жас буын әріптестеріне айтары көп екен. Аталық батасын берді. Жұмыстың сапалы, тиімді жолдарын ұсынды. Материалдық-техникалық жағынан заманауи жабдықталған аурухананың мүмкіндігі мол екендігін түсіндіріп, адамдардың алғысына бөленіңдер деген тілегін жеткізді. Жастарға ризашылық сезімін ақтарды. Бұрынғының адамдары дегендей, осындай еңбегі сіңген, айтары бар, ақылман ақсақалдарымыздың қатары сиремесе екен деген тілекпен ағаның шаңырағынан шаттанып шықтық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …