Басты бет Мәдениет және руханият КЕМЕЛДІҢ КЕЛЕШЕККЕ ҚАЛДЫРҒАН ІЗІ

КЕМЕЛДІҢ КЕЛЕШЕККЕ ҚАЛДЫРҒАН ІЗІ

0
241

Қазақ даласы – қаламгерлікке, әдебиетке, өнерге, білімге, ғылымға бай дала. Оның ішінде поэзия мен прозаның орны өз алдына бөлек. Қазақтың поэзиясы мен прозасын әлемге танытып, мәңгілік сөнбейтін жұлдыздай етіп жарқыратқан ақын-жазушылары аз емес. Біз олармен мақтанамыз. Кітапхана сөрелерін толтырған құнды шығармалар мен ғасырлар бойы жинақталған көркем әдебиет әлемі махаббат пен сағыныш, қауышу мен қоштасу, достық пен қастық, жалпы адамзат тағдыры мен өмірді суреттейді. Ал одан өзге ерекше бағытта оқырманға шығарма ұсынған жазушылар жөнінде сөз қозғасақ, саусақпен санарлық тұлғалар ойымызға оралады. Күллі қазаққа және әлемге әдебиеттегі ерекше жанрда таныла білген Кемел Тоқаевты детектив, шытырман оқиғалар бағытында қалам сермеген қазақтың тұңғыш жазушысы деп сеніммен айта аламыз. Қазақтың төл әдебиетіндегі детектив жанрының іргетасын қалаушы Кемел Тоқаевтай тұлғаның «Солдат соғысқа кетті» романын білмейтін жан кемде-кем шығар. Ал «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарбағанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» атты шығармалар жинағы – әр оқырманның жүрегінен орын алған шоқтығы биік туындылар. Кемел Тоқаевтың шығармашылық өміріндегі ерекшеліктердің бірі ол шығармаларын ойдан құрап, кейіпкерін қиял әлемінен алып жазбайтындығында. Әр кейіпкері мен оның басынан өтетін оқиғалары өмірдегі ащы шындық пен қылмыс әлеміндегі сан қатпарлы шытырман сәттері, қоғамның жұмбақ қырларына терең үңіліп, көңіл тартқан тақырыбын шынайы өмірмен ұштастырып отырып жазатындығына қалың оқырман лайықты бағасын беріп қойған. Ал оның ұрпаққа ұран болар батырлығы өз алдына бір төбе.

Сұм соғыстың өлім мен өмір айқасын көзбен көрген Кемел Тоқаевтың майдандағы кезекті «Ерлігі үшін» медаліне ұсынған 7 гвардиялық танк полкінің командирі, гвардия подполковнигі Корбуттың бұйрығы мынадай болған екен: «Автоматшылар бөлімінің командирі Кемел Тоқаев 1943 жылдың 17 шілдесі мен 1 тамызы аралығында танктерді күзетуде ерекше батыл әрі ержүректік әрекет жасады. Толассыз артиллериялық атқылау ке­зінде танктермен байланысты үзбей ұстады. Тоқтаусыз пулемет-автомат оғы­ның астында істен шыққан танк тер мен экипаждар барлауын жүргізіп, танк­терге ұтымды өткел жолын жасады. Өз автоматымен 20 гитлершілдің көзін жойды». Жүрек жұтқан жауынгерлік. Ата-бабамыздан бойына дарыған ерлігі.

Ұлы Отан соғысының батыры, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың туғанына биыл 100 жыл толды. Мерейлі дата тұлғаны туған топырағында К.Тоқаев атындағы қордың ұйымдастыруымен дүркіретіп аталып өтілді. Пейілі даласындай дархан, көңілі баласындай пәк, құшағы дастарқанындай кең киелі Жетісудың қойнауындағы Қараталдың Жаңаталап ауылына аяқ басып, көпшілікпен бірге тарихи сәттің куәсі болып қайттық.  Ерекше күннен айтылар естеліктер мен пікірлерді осы тақырыптың аясында тарқатқанды жөн көрдік.

Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Жаңаталап ауылында биылғы күз ұлан-асыр тоймен басталды. Жомарт күздің екінші күнінде Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы республика, тіпті халықаралық көлемде аталып өтілді. Жазушының кіндік қаны тамған Үштөбенің маңдайындағы Жаңаталаптың қасиетті топырағында қазан қайнатылып, ақ нардың басы шалынып, ақ түйенің қарны жарылып, ат шаптырып, балуандар боз кілемде белдесіп, ақ үйлер қаз қатар сап түзеп, дүйім жұрт тұлғаның тойын дүркіретіп өткізді. Жер жаннаты Жетісудың бесігінде тербелген Кемел Тоқаевтай тұлғаның есімі ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып тұруы үшін, тұлғаның есімі мен шығармалары тарихта өшпей қалуы үшін Талдықорған және Үштөбе қалаларынан көшелерге жазушының есімі берілді.

Ұлы даладағы үлкен тойға еліміздің әр өңірінен жиналған халықтың қарасында есеп жоқ. Үштөбеден әрі жамбастаған Жаңаталаптың жазығы келген қонақтардың мыңдаған автокөліктерімен толды. Бұл да болса қараша халықтың қазақтың дара перзентіне деген асқан құрметі деп бағаладық.  Шараның басы арнайы үлкен сахнада салтанатты түрде ашылып, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық тәмсіліне сүйеніп, әруаққа құран бағыштаумен бастау алды. Елімізге танымал актер Азамат Сатыбалды ашылу рәсімінің тізгінін өз қолына алып, қалың көрерменге шараның маңыздылығын түсіндіріп, келген қонақтарға кезегімен сөз берді. Әуелі өңір басшысы Исабаев Бейбіт Өксікбайұлының құттықтау сөзіне кезек берілді. Облыс әкімі өз сөзімен қоса елге жеткізуді аманаттаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құттықтау лебізі мен елге арнаған жылы тілегін жеткізе кетті. Артынша К.Тоқаев атындағы қоғамдық қордың ұйымдастыруымен тұлғаның 100 жылдығы қарсаңында жарияланған қаламгерлер сайысының қорытындысы бойынша жүлделі орынға ие болған жас жазушылар марапатталды. Еліміздегі детектив жанрындағы және құқық тақырыбында қалам тартып жүрген отандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау мақсатында «Кемел қаламгер» атты республикалық шығармашылық байқауы жарияланған. Қазақстан бойынша жарияланған эссе, шығарма, детектив жанрындағы көркем шығармалар байқауының қорытындысымен бірқатар жас буынға қомақты қаражаттар мен марапаттар ұсынылды. Аталмыш проза бәйгелерінің кіл мықтыларын марапаттау Қазақстанды 4 өңірге бөле отырып, әр өңірдің жеңімпаздарына 3 орын бойынша ақшалай жүлде тағайындалды. Осы сахнада біздің қасиетті Қарадаланың да аты аталып, жерлесіміз Самал Зікірияның да қанжығасы жүлдемен майланғанын естіп шын қуандық.

Марапаттау рәсімінен кейін жиылған жұртқа елімізге танымал эстрада әншілерінің өнері тарту етілді. Әуелі сахнаны халықтың сүйікті әнші қызы Роза Рымбаева әнге бөлесе, еңбектеген баладан  еңкейген қартқа дейін әніне құмар қазақтың «Музарты» көпшілікке өнерін паш етті. Ерке Есмахан, Алашұлының жігіттері де Алмақаладан арқалап келген әндерімен Жетісудың аспанын әуелетті. Түскі уақытта Жаңаталаптың жусан аңқыған даласына, Кемел Тоқаевтай тұлғаны  жөргегіне ораған қасиетті мекенге қаз-қатар тігілген киіз үйлердің төрінде келген әр қонақты құшақ жая қарсы алып, ас суынан ауыз тигізіп, аста төк берекелі дастарқанымен күтіп алды. Үйге сыймаған көпшілікке ұзынынан орналастырылған шатырлардың астында тойдың асы деп арнайы әзірленген тағам таратылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген әр қонақ шетте қалған жоқ. Әрқайсысына ерекше көңіл бөлініп, шөлдегеніне қымыз-қымыран, шұбат, айран ағыл-тегіл құйылып, жүрек жалғаймын дегеніне қазан-қазан ет асылып, алдына адал ас ұсынылды.

Түс ауған соң атшабарда аламан бәйге өтті. Бағзыдан бері қазақтың тойы ат шаптырмай өтпегендігін тарихтан білеміз. Бәйге десе делебесі қозатын әр қазақтың арманындағы аламан бәйге болды. Бірінен бірі өтетін, ауыздығын қарш-құрш шайнаған нағыз дүл-дүлдер сайысқа түсіп, мәреге Алматы облысының «Талхиз» атты арғымағы мен Жетісудың «Жұмыртұяқ» атты жүйрігі үзеңгі қағысып қатар келді. Ұйымдастырушы тарап екі тұлпардың да жеңісін қатар бағалап, қор атынан бас жүлдеге қойылған қымбат автокөліктің кілтін екеуіне де қатар табыстады. Ат спортымен қатар басқа да ұлттық ойындардан сайыстар да бір мезгілде өткізіліп жатты. Қошқар көтеру, асық ату, жебе ату, тоғызқұмалақ ойындарында бақ сынасқан қыз-жігіттерге де қор тарапынан қомақты қаражат тағайындалып, ақшалай  жүлделер табыс етілді.  Жауырыны жер иіскемеген балуандар да боз кілемде күш сынасып, қазақ даласындағы ұлттық спорттың әлемдік дәрежеде жаңғырып қалуына септігі тиген ауқымды спорттық сайыс та дәл осы күні өткізілді. Дәл осы тарихи күнде К.Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының қолдауымен Жетісудың төрінде қазақ күресінен әлем кубогы да жоғары деңгейде өткізілді. Бұл сайыста бой көрсетіп, қарсыласын тізе бүктіріп, жеңіске жеткен спортшыларға да айтарлықтай жүлделі қоржын тағайындалды.

Спорттық сайыстардан кейін шараға жиналған жас буынға да көңіл бөлініп, қазақ эстрадасында енді жанып келе жатқан шоқ жұлдыздардың концерті тарту етілді. Айри, Argonya, Yenlik атты лақап аттарымен жастар арасында танымал жас әншілер мен  Ringo тобы, Садраддин, Ғазизхан Шекербек сынды әншілер жастардың көңілін көтеріп, кешкі концерт алаңын ұйымдастырды.  Кешке іс-шара қорытындыланып, жиылған көпшілікке  от шашудың көз тартар тамаша көрінісін тамашалау назарға ұсынылды. Осылайша бір күннің атысынан ұясына құлап батысына дейін әйгілі Жетісудың төріндегі нар тұлғаны дүниеге алып келген Жаңаталаптың жазығында елдің тарихында, қазақ әдебиетінің, қазақ прозасының тарихында қалатын дүбірлі той аталып өтілді.

Абай айтпақшы «Өшпейтұғын артынан із қалдырған» ерекше тұлғаның қазақ әдебиеті үшін, қазақ даласы үшін, бүгінгі ұрпақ үшін орны да жөні де бөлек. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Кемел Тоқаевты «детектив жанрының атасы» деп азаматтың нағыз лайықты бағасын беріп кеткен екен. Ал халық қаһарманы Қасым Қайсенов жазушы Кемел Тоқаевты «Көркем сөздің шебері» деп атап кеткен. Батыр Бауыржан бабамыз бағалаған, қаһарман Қасым Қайсенов құрметтей білген тұлғаны тарихтың төріне қондыру, 100 жылдығында ғана емес әр кез еске алып, шығармаларын жаңғырту, ұрпақтың санасына сіңдіруді қолға алу біздің ұрпақтық парызымыз болуы шарт! Өйткені Кемел келешегімізге өшпес із қалдырды.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…