Басты бет Кәсіпкерлік Сурет өнерімен сусындаған ісмер

Сурет өнерімен сусындаған ісмер

0
391

Сурет салатын адамдарға ерекше қабілет береді-ау Жаратушы ием. Оған қоса қиял мен дарын. Сурет салуға машықтандырып, үйретуге болар. Дей тұрғанмен ол қаныңда жоқ болса, нағыз талант иесі атана алмасың тағы анық. Адамның жаны, жүрегі салмаған сурет бәрібір бағаланбайды деп түсінемін.

Үйімнің жанында «Аяла» деген балабақша бар. Өзімнің балаларым барған кездегі сұрғылттау, күңгірттеу түрі кейінгі бір сәтте құбылып шыға келді. Жан-жағындағы бақандарға, ғимараттың қабырғаларына, гүл отырғызылған баллондарға да жан біткендей болды. Көз тартарлықтай суреттер салынып кеткен. Бұл жай адамның қолынан шыққан дүние еместігін іштей түйдім. Әйел адамның әуестігі қоя ма, ұялмай балабақшаға бас сұғып сұрадым. Қылқалам шеберімен танысқым келді. Момақан ғана қазақтың Қарлығаш деген қызы екен. Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев атындағы  гимназиясының көркемсурет өнері бойынша түлегі болып шықты. Балалардың талғамына, көзіне де өте тартымды суреттерді салған қызбен таныстығым осылайша басталған еді. Жұмысы болмағандықтан бала күтімімен еңбек демалысында жүрген тәрбиешінің орнына уақытша істеп жүр екен. Балабақшаның алаңынан бастап, кіре берісі, ішін балаларға арналған ертегілер кейіпкерлерінің суретімен толтырған. Өзіндік енгізген жаңалығы көрінеді. Арада біраз уақыт өтті, ол қызды бұл балабақшадан көрмейтін болдым. Бірақ оның саусақтары салған суреттердің бояуы кетіп, ескіргенімен әлі тұр. Анда-санда іштей іздеп жүретінмін. Суретті жақсы салатын адам қайда кетті, нені кәсіп етті деген сұрақ санамда қылтиятын. Әйтеуір күйбең тіршілік жадыңдағы көптеген дүниелерді ұмыттырып кететіні бар. Есімнен шығарып алыппын.

Кәсіпкер, іскер әйелдер туралы мақала жазғым келді. Кейіпкер іздедім. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына хабарластым. Мемлекеттен грант алып, несиеге ие болып кәсіпкерлікке ұмтылғандардың қарасы соңғы кезде көбейгені өтірік емес. Олардың ішінде әйтеуір мемлекеттің қаржысын жымқырып қалсақ дегендер де, керісінше алғашқы қадамға сәл қаржы болса аяғымнан тұрып кетер едім деген ниеттегі адамдар да бар. Бұл бүгінгінің шындығы. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидия, гранттар үшін жобаларын жасап, жанталасқандарды да көрдік. Олардың барлығы кәсіптерін дөңгелетіп кетті дей алмаймыз. Дегенмен «Даму» бағдарламасы арқылы қосымша білім алып, өз тіршіліктерін бастап кеткендер аз емес. Солардың бірі деп телефон нөмірін алған келіншекке хабарластым. Әлгі өзім көптен бері жоғалтып алған Қарлығашым алдымнан шықты. Қуанғаным-ай. Шығармашылық адамдарының қиялдары ұшқыр болады ғой. Суреттен табыс таппайтынын, шиеттей бала-шағасын асырау үшін жолдасына қолғабыс жасамаса болмайтындығын түсінген келіншек өзінің бойында бар қасиетін әрі қарай ұштастыруды ойлайды. Қарлығаш Қарабалаева «Даму» арқылы оқиды. Тігіншілік өзінің қанында бар қасиет болғандықтан оның жаңашылдығын іздейді. Әртүрлі тренингтерге, жобаларға қатысады. Шеберлік, ісмерлік анасынан дарығандықтан құрақ құраудың жаңашыл тұстарын, қазақи ою-өрнектің бүгінгі күнге лайықты түрлерін ойластырады, қиялымен талай дүниені жасап тастайды. Әжемнің ескі машинкасымен анам құрақ құрауға отырғанда оның әр қимылын қалт жібермей қадағалап отыратынмын. Тіпті басқа түстерді қойғым келіп кететін, – деп әңгіме ауанын анасына қарай бұрды. Анамның әр қимылын кірпік қақпай бақылайтынмын. Өзім анамнан да күшті тігетіндей боп арқам қозатын, – деп күлді. Соның әсері, өзімнің қатты қызығушылығым қосылып, тігіншілікпен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ айналыстым, – деп әңгімесін сабақтаған сұхбаттасым 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алуға өтініш бергендегі әсерімен де бөлісті. Алда-жалда грантқа ие болсам әрі қарай жұмысым жүрмей қалса қайтем деген үрейдің басым болғандығын жасырмады. Конкурстың жеңімпазы болғандағы қуанышы мен қобалжуын қызықты етіп әңгімеледі. Заманауи машинкаға қол жеткізгендігін, ендігі жерде бес миллиондық конкурсқа қатысып, шеберханасын ұлғайтқысы келетіндігін айтты. Сурет салу өнер десек, тігіншілік те одан кем түспейтін өнердің түрі екендігін дәлелдей түсіп, ұлттық нақыштағы киімдер, қыз жасаулары оңтүстік өңірде жақсы дамып кеткенімен, бізде кенжелеп қалғандығына қынжылысын да білдірді. Сондықтан ұлттық оюлармен, құрақпен сөмке тігуді қолға алыпты. Шүберектен жасалған сөмкеге сұраныс артқан. Ол біріншіден өте жеңіл әрі ыңғайлы. Бүктеп ұстап алсаң да болады. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар ең алдымен туған-туыстары мен таныстарына  сатылады екен. Сонан соң қызыққандар өздері тапсырыс беретін көрінеді.

Төрт ұлдың анасы, бір шаңырақтың шырағын жағып отырған кейіпкеріміз отағасының денсаулығына да алаңдап, ер-азаматтарының өз мезгілінде ас-суларын дайындаудан қолы қалт еткенде тігін машинкасының жанынан табылады. Тапсырыс күнде болмаса да той мезгілдерінде көбейетіндігіне шүкіршілік етті. Алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Ұлдың үлкені ұлттық әскери бөлімде қызмет атқарса, кішісі әлі екі жаста ғана. Отағасы мен құлыншақтарының бабын тауып, арасында кәсібін де дөңгелетіп отырған Қарлығаштың несібелі болуын тіледік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАМ КӨҢІЛДЕРГЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСІРМЕГЕН

Төрт мүшесі сау болса да кейде пенделер өмірдің ұсақ-түйек кедергілеріне тосқауыл қоя алма…