Басты бет Саясат Бәрі де жайлы өмір үшін

Бәрі де жайлы өмір үшін

0
923

Жуырда ғана Алматы облысының Ұйғыр ауданына, яғни қасиетті Қарадала өлкесіне ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, келелі кездесулер өткізіп кетті. Расымен, бұл күнгі жиындардың салмағы да, маңызы да зор болды. Аудан тұрғындарының түйіні тарқатылмаған өзекті проблемаларын тыңдап қана қоймай, салиқалы ой айта білген Президент кеңесшісіне бәріміз дән риза болдық.

Президент кеңесшісі келеді деген хабарды естіген соң «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» дегенді қағида еткен ауданның ақсақалдары бас қостық. Жүздесуде Мемлекет басшысының ішкі, сыртқы саясаты турасында тұщымды ақпарат алдық. Тәуелсіздік деген қастерлі ұғымға терең түсінік берілді. Біздің басты да бағалы байлығымыз дәл осы тәуелсіздік екенін, оны сақтап қалу ең негізгі мақсатымыз болуы тиістігін қадап айтты. Бүгінгі жаһандық құбылыстардың құрбаны болып,  жұтылып кетпеу үшін Мемлекет басшысы тарапынан жасалған батыл қадамдар турасында да ашық әңгіме өрбіді. Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.Расымен кейде ел ішін даудан, сыртын жаудан қорғаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін мемлекет басшысы туралы қаңқу сөзге құлақ асып, еріп кете беретініміз де бар. Бұл кездесу осындай негізсіз пікірлердің көпшілігіне нүкте қойғандай да болды. Өйткені біз біле бермейтін, көре бермейтін көп дүние бар. Жасалған жұмыс, атқарылған ауқат көп. Міне, осындай бірқатар жұмыстар жайында нақты айтқан Президент кеңесшісінің салиқалы да салмақты әңгімесі көп көңілінен шықты бастысы. Біздің аудан ақсақалдары тарапынан сан сауал жолданды. Ешқайсысы да жауапсыз қалмады.

Сонымен қатар жиында бүгінгі таңдағы билік өкілдерінің жалтақтығы да айтылды. «Тәртіпке бағынған құл болмас» деген ер Бауыржан. Десе де тәртіп деген осы деп аудан облыс айтты, облыс республика айтты деп әр істе жалтақтық танытамыз. Осыдан келіп, өтірік ақпар да, қала берді жемқорлық та туындайды, қабылданған заңымыз да орындалмайды. Ақты ақ деп, қараны қара деп айтар жергілікті билікте қауқар жоқ. Ел сенімін жоғалтпаймыз десек билікті күшейту керек. Өз өзімізді алдап, өтірік мәлімет беріп, жалған сөйлейтін күндер өткен. Жаңа Қазақстан жаңа бастама, жақсы ниетпен бастау алуы қажет.

Мемлекет басшысының ауылды дамыту турасындағы бастамалары бәрімізді қуантты. Рас, бүгінде мектебі қаңырап қалған, жері аңызақ болған ауыл көп. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін ауылдарға жол салып, су тартып жатыр. Шын ризамыз. Бірақ алдағы уақытта сол ауылдарға ауылшаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жоспар берілсе еш сөгеттігі жоқ деп есептейміз.  Мұны да сөз еттік кездесуде.

Міне, Мәлік Нұржанұлымен осындай салмақты мәселелер турасында толғақты әңгіме өрбіді. Жайдары кездесуде айтылмаған ой, қозғалмаған пікір қалмағандай. Мемлекет басшысының айналасында осындай білгір, жігерлі азаматтардың жүргеніне марқайдық. Расымен, кездесуден біз де жігер-күшіміз тасып, желпініп қайттық. Болашағымыздың жарқын болатынына да сеніміміз күшейді.

Ызғарбек Бектұрсынов,

Алматы облысының құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…