ЖАҢА ӨНЕР ОРДАСЫ

0
2,362

Әңгімемнің әлқиссасын қасиетті Қарадала өңіріндегі қуанышты да сүйінші жаңалықтан бастауды жөн көрдім. Иә, ағайын, бөріктеріңізді аспанға лақтырып баладай қуансаңыздар болады. Ендігі жерде аудан орталығында елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын айтыскер ақындарды, таңды-таңға ұрып махаббат дастандарын, батырлар жырын жырлайтын жыршыларды, бабаларымыздың ұрпаққа деген ұлағаты мен өсиетін дәріптейтін термешілерді даярлайтын өнер орталығы ашылды. Жасөспірімдердің дарынын ашып, Алладан келген ақындықты, Бұхарлардан мұра болған жыршылықты, Майлықожадан жеткен термеге баулып, білмегенін үйретіп, оқытып, тоқытып отыратын өнер мектебіне Тиірмен ауылының тумасы, біртуар ақын Шарғын Алғазыұлының есімі берілді. Өнерлі де дарынды балаларға арнайы орталықты ашуға Алматы облыстық мәдениет басқармасы ұйытқы болды.

Өнер ордасының ашылуына орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтті. Шараға Алматы мен Қонаев қаласынан, Райымбек ауданынан арнайы қонақтар қатысты. Мәдениет үйінің кіре берісіне жиналған қонақтар мен аудан жұртшылығына ең алдымен Шарғын Алғазыұлының өмір жолымен, еңбектерімен, әсем әндерімен, өлең жауһарларымен танысып, болашақ балдырғандарға дәріс беретін ұстаздарының өнерлеріне тәнті болды. Жанар Ашимованың керемет әнімен қатар, шағын көрмені тамашалаған жұртшылық мәдениет үйінен дарынды балаларға арнайы бөлінген бөлмеге қарай ағылды. Өнерлі жеткіншектерге арналған мектептің ашылу салтанатына қатысып лентасын қию рәсімі Қонаев қаласынан келген жыршы, сазгер Әбдіберік Әділбеков пен Шарғын Алғазыұлы ұлы тікелей ұрпағы Тілеухан Алғазиев және Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсыновқа тапсырылды. Ашылу салтанаты барысында той шашусыз болмағанын айтып, ақ кимешекті әжелеріміз жөн-жоралғыларын жасап, шашуларын шашып жатса, қазақы нақышта киінген бір топ өнерлі жеткіншектер атақты күйші Қожеке Назарұлының «Раушан» күйін тарту етті. Күмбірлі күйге құлақ құрыштары қанған қонақтар мен тұрғындар ендігі жерде қойылым тамашалауға ыңғайланып өнер сахнасының алдына қарай ойысты.

Қос жүргізушінің «қош келдіңіздер» дегені сол-ақ екен, сахналық қойылым басталды да кетті. Қарадаланың киелі сахнасында ақ шекпенін жамылып, айыр қалпағын көтере киіп маңғаз отырған ақсақал атамыз құдды бір Абылайхан іспетті. Басқаларын қайдам өз көзіме солай көрінді. Ал кимешегі мен ақ жаулығын тартынған әжелерім мен аналарым Зере мен Ұлжандардай әсер берді. Шекпенін иығына ілген, түлкі тымақты баса киген сал-серілер мен басына бұл байлаған бозбалалар, бүрмелі көйлек киген  бойжеткендер жарық сахнаны одан әрі нұрландырып аша түсті. Бәрі шеттерінен күйші, жыршы, термеші, суырып салма ақындар, бәрі бірдей өнерлі, көрген жанды сүйсіндірмей, тәнті етпей қоймайды. Кенет қос ішекті домбырасын қолға алған Бақытхан күйші Жанжігіттің «Салкүрең» күйін шертіп, ортекені әрлі-берлі ойқастатып жібергені қандай керемет көрініс десеңші, айтарға сөз жоқ. Құлақ құрышын қандырған күйден соң домбыраға жармасқан Берікбол Бұхар жыраудың «Ел іргесі құт болса» деген жырын жырлай жөнелді, жырмен бірге баяғы заманға бір барып қайтқанымды жыр аяқталғанда ғана түсіндім. Оның артын іле-шала Бағжан мен Ерұлан есімді жас өрендер «Қобыланды батыр» жырын жырлайды-ай келіп, бұл сәтте көз алдыма малды ауылда атам мен апамның қасында, май шамның түбінде «Ақсауыт» кітабын оқып отырған балалығым келіп, жанарыма бір тамшы жас іркілді. Міне, жырдың құдіреті осындай болса керек-ті. Кезек дарынына дауысы сай Жанар әпкемізге де келді «Ал жігіттер, сал құлақ» деп Наурызбек бабамыздың термесін құйқылжыған үнімен құйқа терімізді шымырлатып орындап шықты. Бұл да болса әнші әпкеміздің жетер жеріне жеткізіп, жүрек қылын шертіп өткен аса бір шеберлігі деп ұғындым. Көдек Байшығанұлының  «Біссіміллә сөздің берені» термесін орындаған Ерұлан қандай өнерлі, таңдай қақтық, тамсандық. Кенет қаршадай ғана қаракөз қарындасымыз жыр алыбы Жамбылға өзінің арнау өлеңін мәнерлеп тұрып оқып шықты. Әсем ән, күмбірлеген күй, терең мағыналы терме, ақпа-төкпе жыр, бала ақындардың балауса өлеңдері жанымызды рухани байытып-ақ тастады. Қазақтың ұлан-асыр думанды да алаулы тойы осындай-ақ болса керек-ті.

Өнер мектебінің ашылу шарасында құттықтау сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев қадірлі де құрметті көпшілікпен амандасып, өнер сүйген жұртшылықты Шарғын Алғазыұлы атындағы ақындар, жыршылар, термешілер орталығының ашылуымен қатар өткен Президент сайлауымен шын жүректен құттықтап, ақын, жырауларымызбен осы күнге дейін мақтанатынымызды, баяғы заманнан-ақ жырауларымыздың ел билеген хандардың оң тізесінен орын алып, дау шешіп, төрелік айтқандығын жеткізіп,  Абылай хан мен Бұқар жыраудың достығын мысал етіп, өз заманының көрнекті ақыны Шарғын Алғазыұлы атамызды облысқа ұлы тұлғалардың есіміне енгізу үшін ұсыныс тасталғандығын, бұйырса қуанышты жаңалықтар көп болатындығын айтты.

Облыстық мәдениет басқармасынан келген Айдос Момынқұлов сөз алып, игі шараға жиналған көпшілікті өнер ордасының ашылуымен құттықтап, бұл жай ғана бастама емес екендігін, осы күнге дейін алты ауданда ақындар орталығының ашылғандығын, осы өнер ордасы соның жетіншісі екендігін, мектептің тұжырымдамасымен қатар жарғысы, ережесі сияқты құжаттары дайындалғанын, 2023 жылдан бастап заң жүзінде әр орталыққа 2 штат бөлініп, қаржы тартылатындығын жеткізіп, өнер көрсеткен өрендерге ақжарма тілегін білдірді.

Келесі сөз тізгіні ауданымызда біршама жыл қызмет жасаған жыршы, сазгер Әбдіберік Әділбековқа тиді. Әбдіберік ағамыз өз кезегінде « Құлан аяқ Құлманбеттің құлыны Оразалының» мына бір рухты өлеңімен бастады.

Жырлаған сайын ұлтымды,

Жолбарыс рухым сілкінді.

Қазағымды сүйгеннен,

Кеудеме күмбір күй тұнды.

Құрбан қылып жолына,

Дүние деген шіркінді.

Бір-бірден ұстап мініңдер,

Қара өлең деген жылқымды.

Көзімнен аққан қанды жас,

Егемендікпен сүртілді.

Күлдір – күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер күн туды. – Дей келе ақындық қасиет Алладан екендігін тілге тиек етіп, сондай дарындарды тауып, жол нұсқау баршамыздың азаматтық борышымыз екенін ескертіп, өнерпаз өрендердің осындай қуанышқа кенеліп отырғандығы Егемендік пен еркіндіктің арқасы екендігін алға тартып, өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгендігін айтып, Батыс пен Сыр өңірінің жыр мектебі біздің облыста да дамып, жетілетіндігіне сенімін білдіріп, жұртшылыққа жылы лебізі мен құттықтауын жеткізіп, «Жыраулар сөзі, Тарихтың көзі» атты туынды кітабымен қоса «Ерлік пен елдіктің шежіре жырлары» атты үнтаспасын жаңа ашылып отырған мектебімізге сыйға берді.

Шарғын Алғазыұлының ұрпағы Тілеухан Алғазиев болса аудан тұрғындары мен әкімшілік, мәдениет саласының қызметкерлеріне әкесінің атын беріп, ұлықтап жатқандығына алғысын білдіріп, 1992 жылы Заманбек Нұрқаділовтың бастамасымен Шарғын бабымыздың тоқсан жылдық мерейтойына орай жастар арасында дүбірлі айтыс өткендігін есіне алды. Сол айтысқа қатысқан жастардың көбі есімі ел аузында жүрген тұлғаларға айналғандығын да мақтанышпен сөз етті. Сол айтысқа Оразалы Досбосынов, Бақыт Жағыпаров, Жұматай Оспанұлы, Ақан Әбдуалиев, Есей Жеңісұлы қатысқандығын атап өтіп,  өнерлі өрендерге өз тілегін арнап, әкесінің үлкен портретімен қоса Шарғын ақынның «Көш Керуен», «Атамекен» атты жыр-жинақтарын өнер орталығына табыс етті.

Сонымен қатар Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сөз алып  өнер сүйер жұртшылықты салтанатты да айтулы күнмен шын жүректен құттықтап өтті. Өскелең ұрпаққа деген өзінің жылы лебізін білдіріп, қазақ ұлты сал-дәстүрімен, ақын-жырауымен, батыр-шешендерімен, тіл –дінімен, тасқа жазған тарихымен өзге ұлттардан ерекше екендігін мақтанышпен жеткізіп, болашақ өнерпаздардың қадамдарына ақ жол, өнерлеріне өріс тіледі.

Өнер ордасының ашылуына орай құттықтау сөз алғандардың қатарында ақын Мамытхан Құдайбергенов пен «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы болды. Мамытхан ағамыз өз құттықтауынан соң Шәлкөдеде өткен айтысты есіне алып, сол додаға төрт шәкіртін алып барғандығын, үміті ақталып екінші орынды иеленген шәкіртімен бір марқайса, Жәннет ағамыз қалың жұртшылықты, өнер сүйген өрендерді, бүгінгі қуаныштарымен құттықтап, жас ақын  — жыршыларға ақ тілегін ақтарып, қазақтың қасиетті домбырасын сыйға тартты.

Сөз соңында Райымбек ауданынан келген, Шарғын ақынның көзін көріп дәмдес әрі сырлас болған, жасы тоқсаннан асқан Ахметұлы Әлмұханбет қажы ақсақал түйдек-түйдек жырдан шашу шашып, Сәдіқожа мен Шарғынды тапқан қасиеттіҚарадала жұртшылығына жеріңе Қызыр қонып, бақ дарысын деп ақ батасын берді, ел-жұртым «әумин» деді. Біз де сол Қызырдай болған ақсақалдың ақ батасы қабыл болсын дейміз!!!

Санжар КЕЛЕКЕ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдар…