Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын ұсынды. Президентіміз Жолдау барысында бірқатар өзекті де түйткілді мәселелер мен реформалық нақты бағдарларға тоқталып өтті.
Бүгінгі күнде мемлекет басшысының Жолдауына байланысты еліміздің барлық өңірлерінде түсіндіру және Жолдаудағы көтерілген бастамаларды іске асыру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде. Осы мақсатта әлеуметтік салаға байланысты облыс деңгейінде арнайы жұмыс тобы құрылып, бірқатар мамандар Қарадала өңіріне келіп, аудан тұрғындарымен бас қосты.
Жолдауға байланысты жиын тізгінін ұстаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Амирдинов Вахидин алғашқы сөз кезегін Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Махметова Жанар Әділбекқызына берді. Өз кезегінде сөз алған Жанар Әділбекқызы Жолдаудағы Мемлекет басшысының ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция жайында айтқан ойларына тоқталып өтті. Мәселен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтеру туралы шешімі 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер ететінін айта келе, зейнетақы жүйесінің қайта жаңғыратындығын тілге тиек етті. Президентіміздің Жолдауы бойынша зейнетақы мөлшері орташа есеппен 27 пайызға көбейеді. Сонымен қатар әлеуметтік талап-тілегі ескерілген әйел азаматшалардың зейнеттік жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып қалатындығын айтты.
Келесі кезекте сөз алған Алматы облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік міндетті сақтандыру қорының бас маманы Қуаныш Маратұлы жиналған көпшілікке мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры туралы қысқаша мәлеметтер беріп өтті. Айтар болсақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін атқарып келеді. Бұл қордың негізгі жұмысы халықтың жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеп беру мақсатында құрылған. Осы орайда мемлекет басшысының «Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз» дегенін аналарға көрсетілген үлкен қамқорлық деп ойлаймын. Ана мен бала болашағы, ертеңгі елдің болашағы екені даусыз. Сонымен қатар мемлекет басшысы «Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі» деді. Бұның өзі жұмыстан қысқартылып қалған адамдар үшін үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Мұнан соң Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әулеуметтік көмек және мүгедектермен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Жаксерік Сабырханұлы биылғы Жолдаудың Қазақстан халқы үшін өте маңызды екенін жиналған көпшіліктің тағы бір естеріне сала отырып, Мемлекет басшысының «2023 жылдан бастап, отбасының цифрлық картасы және әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспары» туралы бастаманың маңыздылығын айтып, жиынды қортындылады.
Санжар КЕЛЕКЕ