Жалпы жақсылық жасап жарысу, ізгі амалдар істеуге ұмтылу, пайдасы мол жұмыстармен айналысып айналаңды ізгілік пен ілтипатқа толтыру нағыз адами болмыстың көрінісі екендігі айқын. Бүгінгі күнде жақсылыққа жол сілтеу, қайырымдылыққа қарай қадам басу, адамгершіліктен, ардан аттамай адал болу деген сияқты жанға жағымды, көңілге қонымды қасиеттерді басқалардан бұрын жас буынның бойынан көптеп байқайтын болып жүрміз. Бұл әрине барлығымызды қуантуы тиіс. Бұл бүгінгі қоғамның рухани ауа-райының жастарға тікелей әсер етуі деп түсінуіміз керек. Кешегі кеңестік дәуірдің қоғамдық бесігінде тербелген аға буынның легі тәуелсіз елдің ұрпақтарымен салыстырғанда олардың бойындағы Ислам дінінің талап-міндеттеріне деген көзқарас пен шариғат заңдарына деген сенімнің салыстырмалы көрсеткіші жер мен көктей деп айтуымызға болады. Бұл пікірім алдымыздағы ақылшы аға буынды айыптау емес. Ол заманның қоғамдық тәртібі мен солақай саясаты арқылы сананы улау және адамдардың ойы мен жүрегінен дінді түп-тамырымен жойып жіберу сол кезеңдегі биліктің негізгі мақсаттарының бірі болғандығы айқын. Ал аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы діни көзқарасты салыстырып айтуымыздың өзіндік себебі бар. Оны ары қарай өрбитін әңгіменің төркінінен түсініп алуыңызға болады.
Асыл дінімізде ізгі амалдар мен қайырымды істер жасай отырып өзіңе және өзгелерге пайдаңды тигізу, сол амалдарды жасандылықпен емес шынайылықпен жасай отырып сауап жинау, мол сауапқа кенелу ең басты мақсаттардың бірі. Жер бетіндегі ізгі амалдардың ең қайырлысы барша мұсылман қауым кіріп құлшылығын жасайтын, шынайы дұға тілеп, парызын өтейтін Алланың үйін тұрғызу екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Бүгінгі таңда мешіт салу мемлекет тарапынан басқа да әлеуметтік нысандар салу секілді белсенді түрде жиі әрі жоспарлы жүргізіліп отыр деп айта алмаймыз. Сондықтан шалғай ауылдар мен елдімекендерде тұратын тұрғындар құдайға құлшылық жасап, жұма намаздарын жамағат болып өтейтін, діни мейрамдарда бас қосатын мешіттерді өз күштерімен салып, қолданысқа енгізуді соңғы уақыттарда жаппай қолға алып келеді. Мұндай көпшілік бірігіп басын қайырған жұмыстар кімнің болсада көңіліне жылулық сыйлап, жүрегін елжірететіндігі сөзсіз. Осындай ауқымды ізгі шаралар арқылы елдің бірлігі мен ынтымағы артып, жасы үлкендер мен өскелең ұрпақтың арасында жақсы байланыс орнап, тығыз қарым-қатынас өрбитіндігін түсіндік. Мешіт салып барша жамағатты қуанту, ауыл дүкендерінің сөрелерінен арақ-шарап секілді масайтатын ащы сусындарды түбегейлі алғызып тастап, өзіміздің тілмен алғанда «Арақсыз ауыл» акциясын бастап, оны біртіндеп жүзеге асыру алысқа бармай-ақ өзіміздің ауданда да қолға алынып жатыр. Сонымен қатар бұл бастамалардың басы-қасында көбінесе жастар жүргендігі қуантады. Ал жас буынның осындай игі бастамаларын бетінен қағып, балақтан тартпай, керісінше қолдап қуаттап, қолынан келген рухани болсын, материалдық болсын көмектерін көрсетіп жатқан аға буынға қарап кешегі кеңестік дәуірдің теріс саясатының отын сөндіріп тастамаса да, біртіндеп су себілгендігін аңғарғандай боласың. Ынтымағы жарасқан ағайынның білек біріктіріп тұрғызған күмбезі жарқыраған су жаңа мешіттердің қатары аудан бойынша көбейіп келеді. Сұңқар ауылының жастары өз күштерімен ауыл ортасына Алланың үйін жасап елді қуантса, Шарында да жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Жомарт азаматтардың демеушілігімен Дардамты, Кіші Ақсу, Шырын, Қалжат секілді ауылдарда жаңа мешіттер жамағаттың маңдайын сәждеге тигізіп жатса, күні кеше Ават ауылының да мешіті бір жаңарып халықтың қолданысына берілді. Енді аз уақыт ішінде Шошанай ауылында да ауыл азаматтарының күш біріктіруімен бой көтерген мешіттің жаңа ғимараты барша мұсылманға құшағын айқара ашайын деп тұр. Айта берсең аз емес. Сәйкесінше көптігіне көпшіліктің көңілі тоқ. Біз жоғарыда дін мәселесіне байланысты тәрбие мен болмысты екіге бөліп қараған бүгінгі аға буын мен жас ұрпақтың арасын осындай ізгі амалдар біріктіреді және иман мен парасатқа толы байланыс орнатады.
Мемлекетімізде мешіттердің саны көбейіп, жетімдер үйі жабылып, бес уақыт азан шақырылатын ауылдар мен құлшылығы қаза болмаған қарттарымыздың қатары көбейсе екен. Асыл дініміздің діңгегі берік болғай!
Ақжол Нұрдәулетұлы