1945 жылдың 9 мамыры бұрынғы Кеңес одағы тарихындағы бөрікті аспанға атқан ерекше күн. Өйткені тұтқиылдан неміс басқыншылары тып-тыныш жатқан Кеңестер еліне шабуыл жасады. Жерді, елді басып алмақшы болды. Әсем қалалары қирап, жерін өрт шалып, ер-азаматы қаза тауып, балалары жетім қалып, әйелдерін жесір атандырған сұм соғыстың соңғы нүктесі қойылған бұл күнге жету үшін Кеңес Одағы 27 миллион адамынан айырылды. 1710 қала, 70 мыңға жуық ауыл, 32 мың өндіріс орны, мыңдаған колхоздар, совхоздар қирады.
Бұл соғысқа Қазақстаннан барлығы 1 196 164 жерлесіміз аттанды. Солардың ішінде сұлулығы бір төбе, қайсарлығы мен батылдығы бір төбе қаншама бұрымдыларымыз болды. Шығыстың қос шынары атанған Кеңестер Одағының батырлары Әлия мен Мәншүк, қазақтың жалғыз ұшқыш қызы «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова – еліміздің батыс аймағынан қанат қаққан қыздар. Әлия мен Мәншүктің есімдері мектептегі тарих кітабына еніп, санамызға сынадай қағылған болса, ал Хиуаз апамыздың ерлігін екінің бірі біле бермейді. Оған себеп ұшқыш қыздың уақытында Кеңес Одағының батыры деген атаққа қол жеткізе алмауы десек, екінші жағынан ұлтына да байланысты болуы бек мүмкін. Рақымжан Қошқарбаевтың да ерлігі көпе-көрнеу жоққа шығарылды емес пе? Құжаттармен дәлелденіп тұрса да Рейхстагқа ту тіккен татар жігіті Булатов екеуінің ерлігі ұзақ жыл әдейі жасырын ұсталды. Мұнда да Хиуаз Қайырқызының көзсіз батырлығы, жанын пида еткен ерліктері неге екені атаусыз қалып келді. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыздың айтып, жазуының арқасында қыранға теңелген ұшқыш қызымыздың есімі халқымен қайта қауышты.
Х.Қ.Доспанова 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы, Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының шаңырағында дүниеге келген. Мектепті Оралда бітірген. Сондықтан туған жеріне қатысты кейде даулы мәселелер туындап жататыны бар. Әрине жақсысын өзіне телитін қазақтың мінезі бар ғой. Не десек де ол қазақтың батыр қызы. Оқушы кезінен комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан Хиуаз апамыз мектеп қабырғасын аяқтарда ұшқыштарды даярлайтын арнайы курсқа жазылады. 1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мектепті «Алтын» медальмен бітірген ол, аттестатқа қоса жергілікті аэроклубтың запастағы ұшқышы куәлігін алады. Мәскеудің медициналық институтының 2-ші курсынан өз еркімен майданға аттанды. Жасынан ұшқыш болуды армандаған қазақ қызы Хиуаз Доспанова Мәскеуден Қиыр Шығысқа қонбай ұшқан Марина Расковаға еліктеп, ұшқыш болуға біржола бел байлайды. Атақты М. Раскованың ұсынысымен Саратов әскери-әуе училищесіне оқуға түсіп, оны әскери штурман мамандығы бойынша бітірген. 1942 жылдың көктемінде авиациялық түнгі шабуылшы әйелдер полкінің құрамында майданға аттанады. Аталмыш полктың қыздары Солтүстік Кавказ, Қырым, Украина, Польша, Германия аспандарында жаумен шайқасты. Ержүрек ұшқыш қыз 300 мәрте әуе соғыстарына қатысып, жаудың көптеген техникасы мен адам күштерін жойды. Марина Раскова басшылық жасап, Кеңес әскеріне көмек ретінде тек әйелдерден құралған түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкі кейіннен жасаған ерліктеріне сай Қызыл Ту орденді Таман гвардиялық, 3-дәрежелі Суворов орденді түнгі бомбалаушы әуе полкі деп аталған нәзік жандылардың қатарында жалғыз қазақ қызы болды. Бойы небәрі 150 сантиметр талдырмаш, нәзік Хиуаздың жасы ол уақытта 19-да еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әйгілі М.Раскованың қыздардан құрылған авиаполкінде 17 мен 22 жас аралығындағы өрімдей жас қыздар жиналды. Солардың ішінде біздің Хиуаз апамыз да бар еді. Кейін гвардиялық полкке айналған батыр қыздарды немістер «түнгі мыстандар» (ночные ведьмы) деп атап, қорқатын болған. «ПО-2» деп аталатын тақтай ұшақпен 300-ден астам түнгі шабуылға шыққан Хиуаз Доспанова шын мәніндегі ержүрек жауынгер еді. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағын тізгіндеген бомбалаушы ұшқыштардың негізгі міндеті – түн ішінде жаудың соғыс техникалары мен қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған қоймаларын бомбалау. №46 гвардия штурманы атанған Хиуаз Доспанова өз құрбыларының арасында «Катя» атанып кетеді. Соғыс кезеңінде 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ, қоймаларын талқандаған Хиуаз Доспанова алапат айқас аяқталысымен елге 2-топтағы мүгедек боп оралады.
Ұшқыш апамыз елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен «Медеу» мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» және тағы басқа ғимараттар тұрғызылды. 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шыққан қазақтың батыр қызы 1960 жылы «Под командованием Расковой», 1963 жылы «Халқым үшін» соғыс естеліктерін жазды. Онда басынан өткен қиын-қыстау күндерін, аспанда қалықтаған сәттерін шынайы баяндады. Жауынгер құрбыларының барлығы дерлік Кеңес Одағының батыры атағына ие болғанда қазақтың жалғыз қызының есімі марапаттау кезінде аталмағаны өкінішті. Нағыз адал адам ешқашан еңбегін көлденең тартып, басын кез келген жерге сұға бермейтін сұңғыла боп келеді. Хиуаз Доспанованың бойында да осы адалдығы, ар алдындағы тазалығы өле-өлгенше бойынан алыстамады. 1951 жылы Хиуаз апамыз Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы кезінде үш бөлмелі үй алды. Сол үйде өздерінен бөлек бірнеше отбасы тұрды. Дәл осы үйден 2008 жылы Хиуаз Доспанова мәңгілік сапарға аттандырылды. Ол өмір бойы сол үйде тұрып, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Батырлығын алдына салып, біреуден бірдеңе сұрағанды ар санады.
Өрімдей қыздың майдан даласына аттанып, ұшағымен жауды бомбалаған ерлігінде қаншама батылдық, қаншама тәуекел жатыр. Титімдей қыздың рухы мен намысы ерлердің бойынан да табыла бермейтін. Мектепті кіл беске тамамдап, Мәскеудің кез келгеннің қолынан келе бермейтін медицина институтына оқуға қабылданып, соғыс басталғанда өз еркімен сұранып, ұшқыш мамандығын игеруінің өзі үлкен қажырды, биік жігерді талап етсе керек. Сыртқы келбеті қаншалықты сүйкімді болса ішкі жан дүниесі де сондай көркем қыздың соғыстан кейінгі жанкешті еңбегі де түгелдей бір ұлтқа өнеге боларлықтай.
Осынау қилы ғұмырда жап-жас Доспанованың үмітін жалғап, жүректегі отын сөндірмеген ненің құдіреті деген сұрақ мазалай береді. Бөлек болмыс, қайтпас қайрат, әлде рух мықтылығы ма… Иә, Әлихан айтқандай, «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегені осы ма. Бала кезінен қай істе де белсенді болған Хиуаз Доспанованың әуеде оқ пен оттың ортасында қаймықпай, қажымай, өз міндетін орындап келіп, бейбіт күнде де партия жұмыстарына араласып, Алматының дамып, гүлденуіне үлес қосуы, ең алдымен, мінезінен болар. Кеңес Одағының Батыры атағын алған эскадриля командирі Марина Чечнева «Менің қарулас достарым» атты кітабында Хиуаз Доспановаға 15 бет арнапты. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры Раиса Аронованың «Ночные ведьмы» кітабында Хиуаздың жауынгерлік бейнесін тамаша суреттелген. Майдандас достарының арасында «Мересьев» атанған Хиуаз өз полкімен бірге Қырымды, Беларуссияны, Варшаваны азат етіп, Берлинге дейін барып майдандағы ерлігі үшін, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен Қызыл Жұлдыз ордені және «Кавказды азат еткені үшін» медалімен наградталған еді. Гвардия аға лейтенанты әскери атағы берілді.
Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш Хиуаз Доспанованың соғыстан соңғы өмір жолы да еліміздің тарихи дамуымен тығыз байланысты болды. Қайсарлық деген мінездің иесі атан түйенің жүгін көтерсе де қарапайым ғұмыр кешіп, адамгершілік деген асыл қасиеттен бір сәт те тайқып көрмеді. Байлық пен дүниеден әрі аса алмай жатқан мына қоғамда Хиуаз апамыздай аналарды қайдан тапсақ екен деген қиялға берілем. Батыр бола тұра батыр атағын алмаған, қолынан келіп тұрса да тар бөлмеде өмір бойы тұрып, қарынның құлына айналмаған жаны таза адамдарды қиял-ғажайып ертегілерінен ғана көретін күнге жетпесек болғаны деген бір үрей тұрады жүрек түкпірінде. Мамыр айында дүние есігін ашып, дәл мамыр айында бақи дүниеге аттанған Хиуаз Доспанова апамыздың 100 жылдық мерейтойын туған жері, ұрпағы, елі жақсылап атап өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай Атыраудағы халықаралық аэропортқа Халық Қаһарманы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың даңқты ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Батыр есімі осылайша ұлықталды.
Хиуаз Қайырқызының өмірі мен еңбек жолы туралы көптеген естеліктер жазылды,100 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Ендігі мақсат қазақтың қыран қызының ерлігін ұрпағына насихаттап, дәріптеу. Оның тек дұшпанды құрту жолындағы ерлігі ғана емес, адами бейнесін, ар алдындағы тазалығы мен намысшыл рухын, нағыз қазаққа тән болмысын жеткізу бізге міндет. Апамыздың нұры жанатта шалқысын.
Баян МАМЫРБАЕВА