Басты бет Өңір тынысы Оңалтатын орталық бар

Оңалтатын орталық бар

0
756

Ауылымыз жыл сайын емес күн сайын көркейіп барады. Бұрындары бір дүкен ашылса бәріміз жақсыны көрмекке деп сабылушы едік, қазір тойхана мен ірі сауда нүктелері ашылса да мыңқ етпейтін болдық. Тұрмысымыздың жақсарғандығынан болар. Шүкір ауылымыз қаладағыдай сәнді ғимараттар мен тойханалар, балалар ойын-сауық орындарымен, сән салондарымен, басқа да дәмді тағамдар ұсынатын дүңгіршектермен ажарлана түскен. Әлеуметтік желідегі жазбадан тағы бір оңалту орталығы ашылғандығынан хабардар болдық. Медициналық орталық болғандықтан оған деген қызығушылығымыз арта түсті. Мекенжайын анықтап, көзбен көріп қайттық.

Бұрынғы «ДОССАФ» деп аталатын ғимаратқа орналасыпты. «Батыр» деп аталатын оңалту орталығына аяқ тірегенімізде алдымыздан жүзі жылы келіншек жылы ұшырай қарсы алды. Өзін Қымбат деп таныстырған оның басшы екендігін бірден түсіндік. Күлімсірей шыққан ұлдар мен қыздар әр бөлмені көрсетіп, бірден таныстыруға кірісті. Қабылдау бөлмесінен бастап, массаж жасайтын, ем-дом қабылдайтын, стационар бөлмесі, ультракөгілдір сәулесі, бөшкемен емдеу, қабырғалардағы суықты шығаратын аппараттар бәрі-бәрі рет-ретімен өз орындарын тапқан. Бөлмелер жарық, ағашпен қапталған, ерекше бір сезімге бөлейтінін де жасыра алмаймыз. Әдетте ауруханаға кіргенде бір ауыр сезім басып қалатыны бар ғой. Мұнда керісінше бір еркіндік, демалуға келгендей әсерде болады екенсің.

Оңалту орталығының басшысы Қымбат Айтжанқызы Кегенбаеваның мамандығы психолог-эрготерапевт екен. Кеген ауданының тумасы, ұзақ жыл Талғар ауданында қызмет етіпті. Тағдыр дейміз бе, жоқ сәті солай болған шығар біздің ауданнан осындай орталық ашуға мұрындық болғандығын түсіндірді. Үлкен ұлы Дастаны қаңтар оқиғасында қайтыс болыпты, небәрі 25 жасында. Көзінің жасына ие бола алмай қалды, ауыр қазаның жарасы әлі жазыла қоймағандығын ұқтық. Басу айттық. Сол ұлының Кегеннен немесе осындай шалғай аудандардың бірінен оңалту орталығын ашсам деген үлкен арманы болған екен. Ауыл адамдарының үлкен қалаларға сабылмауы үшін. Инсульттан кейін немесе ауыр жарақаттан соң қайта қалпына келу үшін адамға ұзақ уақыт ем қажет. Сондай жандарға көмек көрсете алсақ деген ұлының асыл арманының бір сәтте күлі көкке ұшқанда ананың жанын қоярға жер таппағанын жақсы түсіндік. Ботасынан айырылған боз інгеннің зарын естігендей күй кештік. Басу айтып бір ауыз жылы сөзден әріге бара алмадық. Сол Дастан баласының арманы анаға тыныштық бермеген. Енді ғана қанаттанып, үлкен өмірге құлаш сермеп, шаңырақ көтерген тұста одан айырылу қаншалықты қасірет екендігін жан дүниемізбен ұғындық. Тіпті медорталықтың атын кенже інісі Батырханның есімімен атауды да айтып кеткен. Осындай жан ауыртарлық жағдайлардан соң Қымбат Айтжанқызы бар мүлкін, үйін, көліктерін сатып баласының аруағы риза болуы үшін үлкен іске бел буған. Әрине айтуға оңай. Бірақ ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер бүгінгідей нәтиже берген. Шүкір деу керек болар. Мынандай ірі жобаны жүрегінің түгі бар адам ғана қолға алады. Тренажерлары өте заманауи, қондырғылары мен төсектері, ас ішетін бөлмелері мен бір уақ демалатын жерлері де талғамға сай жасалыпты. Аяқ-қол қимылдарын қалпына келтіруге, жүріс-тұрыстарын түзеуге, буындардың жұмысын жақсартуға, бөшкеге түсіп рахаттануға, қабырғалардың арасына кірген желден құтылуға барлық жағдай жасалыпты.

Ендігі тілек аудан жұртшылығының денсаулығын жақсартуға, түзеуге септігін тигізіп жатса игі. Ғимараттың ішіндегі аура өте жақсы, еркін тыныстап, терең демаласың. Төрт дәрігер, психолог, эрготерапевт, реабиотолог, иглотерапевт, төрт медбике, екі кіші медициналық қызметкер жұмыстарын бастапты. Жаңа дүниенің аты жаңа. Жаңа Қазақстанды осындай жаңа бастамалармен бастасақ нұр үстіне нұр болар. Қымбат Айтжанқызының жұмысына сәттілік тілеп, келген жандардың жанына желеу болып, алғыстарын арқалаңыздар деген үлкен тілекпен кері қайттық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…