Басқа түскен қиындық біреулерді қайта тұрмастай етіп, мұқалтып тастаса, келесі біреулерді шыңдап, өмірге деген құштарлығын еселеп арттырады. Қарасайлық қайсар жігіт Асылбек Жалдыбаевты сынаққа қасқая қарсы тұра білетін жандардың қатарына ойланбастан қоса аламыз. Жол-көлік апатында ауыр жарақат алғанына қарамастан, қалыпты тірлік үшін күресе білудің үлгісін көрсетті. Өзі аяғына тұрып қана қоймай, Қаскелең қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Күш-қуат» атты спорттық оңалту орталығын ашып, басқаларға көмектесіп жүр.
Асылбек Шамалған ауылында 1984 жылы дүниеге келген. Әкесі — құрылысшы, анасы невропатолог-дәрігер. Отбасының үлкені ретінде соңынан ерген іні-қарындастарына өз ісімен өнеге болған ол Қаскелеңде орта мектепті бітірді. Алматыдағы Абай атындағы университеттен заңгер мамандығын меңгеріп шықты. Жол-көлік оқиғасына тап болғанға дейін аудандық прокуратурада, қаржы полициясында мамандығы бойынша еңбек етті. 2010 жылы аяқ астынан тап болған қайғылы жағдай оның беймарал өмірін күрт өзгертті.
— Жап-жас, денсаулығың мықты кезде бір сәтте дәрменсіздікке душар болудан, ауыр жарақаттан соң денең икемге келмей қалудан асқан қорлық жоқ екен. Дәл сондай айналадан түңілгенде отбасыңның қолдауы көп көмектеседі. Әсіресе, қиналғанымда қасымнан шықпай, барлық ауыртпалықты бөліскен анам мен қарындасыма алғысым шексіз. Отбасым құлазуыма, түңілуіме жол бермеді. Сөзбен де, іспен де демеді. Өзіме деген сенімді оята білді, — дейді өткен күндерге ойша саяхаттаған Асылбек.
Дәрігерлерге қаралып, олардың ақыл-кеңесін тыңдағаннан кейін мұның жағдайында қайдағы бір керемет дәрі-дәрмекке сенудің қажеті шамалы екендігін, тек қана ұзаққа созылатын оңалту ғана орнынан тұрғызатынын жадына түйді. Алматы қаласында, Ресейде және тағы басқа елдердегі оңалту орталықтарындағы шаралардан өткеннен кейін жағдайы жақсарды. Өзін аяғынан тұрғызған осындай оңалту орталығын Қаскелең қаласынан неге ашпасқа деген ой келді. Алдына мақсат қойып, оны орындауға кірісті.
Бастамасын бірінші кезекте отбасы қолдады. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы желісі бойынша қатысқан мемлекеттік бағдарламалардың да көмегі тиді. Алғашқы талпынысы кезінде қолдау білдірген аудандық филиалдың менеджер-кеңесшісі, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Елена Константинова әлі күнге қолтығынан демеп келеді. Дәл осы Елена кәсіпкерлікке оқуға, ғимаратты жалға алуға, бизнес-жоспарын қорғап, грантқа қол жеткізуіне мүмкіндігінше жәрдемдесті.
— Алғашында оңалту орталығын басқалар сияқты жақын жандардың, оның ішінде, інімнің немесе қарындасымның есімімен атағым келді. Кейіннен анаммен ақылдаса келе, орталықтың аты мен заты сай болуға тиісті деген шешімге келдік. Адамдар жолыққанда өзара амандық-саулық сұрасқанда, бір-біріне: «Құдай саған күш-қуат берсін!» деп жатады емес пе!? Соған тоқталып, мүгедек жандарға күш-қуат бітіп, сенімдері оянсын деген оймен «Күш-қуат» деген атауға тоқталдық, — дейді кейіпкеріміз.
Орталықтың жұмыс істегеніне 5 жыл болды. Негізгі жұмысы – жарақат алған, инсультке ұшыраған адамдарға көмектесу, оңалту қызметтерін көрсету. Өзінің тұрақты келушілері қалыптасқан. Асылбекке өзі де аса ауыр сынақтан өткен Рүстем Нұрманұлы, емдік дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушы Аида Толықбаева және тағы басқа мамандар көмектеседі. Барлығы 12 адам еңбек етеді.
Мұндағылар психологиялық көмекті қоса алғанда оңалту шараларын жүзеге асырумен шектелмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, қолжетімді бағада жаттықтырғыштар дайындайды. Өнімдерін сатып алушылар қатарында басқа ел азаматтары да бар. Орталық үйдің жертөлесінде орналасқандықтан, өздері үшін электрлі пандус дайындау туралы ой келіп, оны да кешіктірмей жүзеге асырыпты. Қазіргі кезде электрлі пандустары Қаскелеңдегі дүкендерде, Нұр Сұлтан, Қарағанды қалаларындағы медициналық орталықтарға орнатылған. Сонымен бірге, автокөліктерді мүмкіндігі шектеулі адамдарға лайықтап, қайта жабдықтаумен де айналысады.
Асылбектің алға қойып отырған жоспары үлкен. Оңалту орталығына арнап үлкен залы, бассейні, иппотерапиямен шұғылдануға мүмкіндігі бар үлкен ғимарат салуды армандайды. Өз күшімен мақсатына қол жеткізе алмайтындықтан, мемлекет пен демеушілер тарапынан қолдау күтеді.
Болат ҚАБДЕШҰЛЫ
Қарасай ауданы
Алматы облысы