Басты бет Денсаулық Танымал хирургтер ауданымызда

Танымал хирургтер ауданымызда

0
800

2022 жылғы 11 маусым күні аудандық мәдениет үйінде «Қазақстандық хирургтер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  Алматы қаласы және Алматы облысы хирургтер қоғамының ғылыми-тәжірибелік кезекті көшпелі отырысы өтті. Осыған дейін де мұндай басқосулар болған. Дей тұрғанмен бүгінгідей технологияның қарыштап дамыған кезеңінде жаңашылдыққа толы заманда хирургия саласындағы өзгерістерден хабардар болу мақсатында ұйымдастырылған кездесуге аттары дардай, атақтары жер жаратындай танымал хирургтер қатысуы да үлкен жаңалық.

Медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, А.Н.Сызғанов атындағы «Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендіұлы, медицина ғылымының докторы, профессор «Қазақстандық хирургтер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Сейсембаев Манас Ахмеджарұлы, профессор, А.Н.Сызғанов атындағы «Ұлттық хирургия ғылыми орталығының» асқазан-ішек жолдары және эндокриндік органдар хирургиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жураев Шакир Шукурович, тағы біраз елімізге еңбегі сіңген дәрігерлер қатысты.

Жиын тізгінін өз қолына алған ауданның бас дәрігері Айдын Елікбаев жиылған қауыммен амандық-саулық сұрасқан соң алыстан ат арылтып келген қонақтармен таныстырды. Сонан соң ғылыми-тәжірибелік отырыстың мақсаты мен мәнін түсіндірді. Шараның алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімінің орынбасары Бағбаев Қадыржан Исаханұлына берді. Адам жанының арашашысы саналатын денсаулық сақшыларының жанкешті жұмыстарының қаншалықты жауапты екендігін, оған тек жүрек қалауымен келгенде ғана белгілі бір нәтиже шығатындығын айтып, бүгінгі отырыстың мәнді және сәтті өтуіне тілектес екендігін жеткізді.

Модератор Айдын Молдашұлы хирургтердің жаңашыл бастамалары үшін Алматы қаласы мен облысының мықты хирург-дәрігерлері бас қосып біздің өңірге келгеніне зор алғыс айтып, хирургияда ортақ стандартты жүйе жасап, шұғыл операция жасау ісін облыстық, қалалық талапқа сай ету үшін біздің аудандық аурухананың дәрігерлеріне көрсетілген үлкен тәжірибе екендігін мақтанышпен айтты. Жалпы адам өміріне қауіп төнген сәттің 80 пайызында шұғыл хирургиялық көмек көрсетіледі. Сондықтан жауапкершілігі аса жоғары істе қателікке жол бермеу керек дей келе, соңғы кездері инновация мен жаңа технологияға көп көңіл бөлініп жатқандығын, оған ілесу үшін хирургтерге табандылық, ізденіс және бүгінгідей білікті мамандардың кеңесін тыңдау аса қажет екендігін де жасырмады. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты өңірдегі хирургтердің басын біріктіру, нақты бір жүйе жасау, көмек көрсету деп түсінемін. Ауруды емдеуде бір тактика қолданып, асқыну, өлім-жітімнің пайызын азайту қажеттігінен туындап отырған келелі кездесу десем қателесе қоймаспын. Хирургиялық көмек сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін белгілі, танымал хирургтердің ауылдық жерлерге келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуі біз үшін шын мәнінде өте қуанышты жағдай. Сондықтан барлықтарыңызға ғылыми-тәжірибелік отырыстарыңыздың сәтті өтуіне және біздің аудандық аурухана дәрігерлерінің біліктілігі мен білімділігіне лайықты бағаларыңызды бересіздер деген сенімдемін, деген ойын ашық айтты.

Сонан соң «Асқазан-ішектен қан кету, эндоскопияның рөлі» деген тақырыпта А.Н.Сызғанов атындағы «Ұлттық хирургия ғылыми орталығы»  эндоскопия бөлімінің меңгерушісі, денсаулық сақтау магистрі Абдрашев Ерлан Байтөреұлы баяндама жасады. Онда құрғақ сөз, жалпы баяндау болмады. Өзі өткізген оталарының негізінде нақты мысалдармен эндоскопияның дәл қазіргі күндегі маңызы жайлы баяндады. «Қауіпсіз холецистэктомия. Холецистэктомия кезінде өт жолдарының зақымдалу тактикасы» атты тақырыпта  Айдар Скакбаев өз пайымдауымен бөлісті. Дәрігерлер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Оларды қарапайым адамдар түсінбейтін болуы керек, дей тұрғанмен хирургтер талас-тартыс тудыратын мәселелерді көтеріп, дискуссияға түсіп, оның нақты бір шешіміне тоқталды. Аудандық орталық ауруханасы жағдайында өт тас аурулары кезінде аз инвазивті жедел емдеу әдістерін енгізу туралы ауданымыздың білікті хирургі Бақытжан Тохтахунов баяндама жасады. Осы уақытқа дейін қанша адамға аталмыш ота жасалғандығын, олардың нәтижелері мен әрі қарайғы сырқаттың жағдайы толықтай айтылды.

Ғылыми-тәжірибелік отырыстың басты мақсаты хирургия саласындағы жаңашылдық, бұрын болмаған оталардың жасалуы, білікті мамандардың тәжірибелерінен хабардар болып, оған хирургтердің ғылыми дәлелденген жұмыстарының нәтижесін таныстыру, көрсету болды. Баяндамалар аяқталған соң аудандық аурухананың бас дәрігері Айдын Молдашұлы  аудандық аурухананың 125 адамға лайықталғанын, Сүмбе ауылында 15, Шарында 15, дәрігерлік амбулаториялар саны 9, фельдшерлік-акушерлік пунктердің 13 екендігінен хабардар етті. Алғашқы хирургиялық көмек барлық емдеу мекемелерінде көрсетілетіндігін де түсіндірді. Біздің ауданның екі үлкен халықаралық трасса бойында орналасқандығын тіліне тиек ете отырып, Қазақстан-Европа-Қытайға баратын Қалжат-Алматы-Қорғас-Алматы жолдарында апатты жағдайлардың жиі орын алатындығын да түсіндірді. Хирургия бөлімінде 20 орын, 5 жарақаттарды қабылдайтын бөлме бар екендігін, бүгінгі таңда 4 хирург, мекеме директоры мен оның орынбасары да ота жасап жүрген хирургтер екендігін айтты. 4 хирург жоғары санатты екен. Жоспарлы және шұғыл жағдайда биыл жасалған оталардың санын санап шықты. Лапароскопиялық оталардың саны екі есеге артқандығын да түсіндірді. Уролог маманды ота жасауға қайта оқытып жатқандығын  айтты. Осылайша аудандық ауруханада емдеудің аз инвазивті әдістері заманауи технологияларды қолданып, сырқаттардың емделу жағдайы жақсарыпты. Дәрігерлердің де рейтингісі өскендігін тіліне тиек етті. Сонымен қатар өзінің алға қойған алапат деуге болар, жоспарларын да тізбеледі. Кеген, Райымбек, Панфилов және біздің аудандарды қамтитын ауданаралық эндоваскулярлы хирургия орталығын ашу, Сызғанов атындағы ғылыми орталығы мен Жарбосынов атындағы урология институттарының жанынан біздің хирургтердің біліктіліктерін көтеру үшін операцияларға қатыстыру, аудандық аурухана жағдайында танымал хирургтердің кеңестерін ала отырып заманауи оталарды өткізу, пәтерін, басқа да тұрмыстық қажеттіліктерін өтей отырып, ауданға хирург-резиденттерді шақыру сияқты тұрғындар үшін аса қажетті деген келелі ойымен де бөлісті. Отырысқа қатысқан барлық хирургтерге алғысын айтты.

Отырыс діттеген мақсатына жетті. Өйткені сала бойынша сөз алған дәрігерлер өздерінің  жетістіктері мен жаңалықтарын ортаға салды. Көптеген сұрақтарға тұщымды жауап алынып, ғылыми тұрғыда дәлелденген жұмыстар сөз болды. Білікті деген хирургтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, аудан жағдайында жасауға болатын оталар сараланды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…