Басты бет Саясат Елдің көкейінде көп мәселе

Елдің көкейінде көп мәселе

0
2,573

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасы депутаттары алдында Қазақстан Халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғырту жолы» атты Жолдауында көрсетілген 10 басым бағыттың 2-ші  бағыты «Өкілді билік тармағын қайта құру» болды. Осылайша халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелді. Мемлекет басшысы артқан сенім жүгін абыройлы атқару үшін жергілікті жерлерде халық қалаулылары сайлаушылар арасында жиі болып, олармен кері байланыс орнатудамыз. Ол бұрын да солай болған. Аудандық мәслихат депутаттары ел арасында жиі болуды үрдіске айналдырған. Олар қай ауылдың немен тыныстап отырғандығын да жақсы біледі деуге болады. Дегенмен елдің көкейіндегі мәселелерді көріп, біліп, мұң, наздары болса құлақ түріп, оларды тиісті орындарға жеткізу үшін ауылдық округтерде болып қайттық.

(Шарында)

Осы мақсаттағы сапарымыз Шарын ауылындағы «Иван» шаруа қожалығының жүгері тұқымын өсіру мақсатында егілген 30 гектар алқабынан басталды. Шаруа қожалығының төрағасы Остапенко Иван Иванович жергілікті шаруалар үшін қолжетімді 120 күндік «Молдавский-456» және 90 күндік «Будан-237» сорттарын өсірген екен. Шаруаның айтуынша биылғы жылы табиғат ананың қамқорлығында су мол. Дегенмен «КазСуШар» мекемесімен келісімшарттың 15 күнге кешігуі біраз қолбайлау болыпты. Алған өнімді төкпей-шашпай қырманға жеткізу кез келген диқанның негізгі мақсаты болған соң айналма жолды қысқартып, Қарасуға өткел салуға ықпал жасалса деген аманаттарын арқалатты. Ауылдағы үлкен проблема ауыз су екендігін айтқан ауыл әкімі оның шұғыл түрде құзырлы мекеме балансына алынса деген өтінішін жеткізді. Жағымды жаңалықтың бірі – ауыл көшелерін асфальттау жұмыстарына 150 млн.теңгенің бөлінуі. Мердігер «Прогресс» компаниясы болғандықтан осы мекеменің өкілі Досан Аскановқа жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттілігі ескертілді.

«Балалар жылы» аясында ауыл тұрғыны Шаира Асимова өз кәсібін ашып, тұтынушыларға пицца өнімін ұсыныпты. «Мир радости» және «Бәйтерек» балабақшаларының жұмысымен таныстық. Ауылдық округ әкімі ғимаратында жұмыс барысы қорытындыланды. Мал өлексесін тастайтын жер, спорт алаңы, М.Хамраев атындағы орта мектебінің жабылған бөлігі туралы мәселелері назарға алынса деген сұраныстар түсті.

(Тасқарасуда)

Іссапар Тасқарасу ауылында жалғасын тапты. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер ауылға балалар алаңын жасап беріпті, әлі де кем-кетігі көп, дегенмен азаматтардың өз ауылына деген қамқорлығы қуантты.

«Белалов» шаруа қожалығының төрағасы Рахаев Абдижамал 50 бас «Алатау» асылтұқымды сиырларын әкеліп, одан күніне 400 литр сүт алынып, оның 100 литрі ауыл ішінде, қалғаны Шонжы ауылы тұрғындарының қажеттігін қамтып тұр екен.

2022 жылдың өзінде ауылдағы шаруа қожалықтары лизингке жаңадан    4-МТЗ тракторы соқасы, престеп жинастыру құралдарымен алынған.                Бұрындары көрші ауылдардың техникасына көз сатып отыратын шаруалар үшін өте тиімді жағдай. Тағы бір айта кететін жаңалық – қандасымыз Заманбек Сағаттың шылаушын құрты арқылы тыңайтқыш жасауды қолға алғандығы. Алғаш 1 шаршы метрден бастаған, бүгін 100 шаршы метрге жеткізген. Табысы мол еңбекпен көпшілік айналысса деген ойын жеткізіп, адам денсаулығына еш зияны жоқтығын түсіндірді. Ауылдағы кәсіпкерлердің өздеріне тиісті қиындықтары да, көлемін ұлғайтқысы келгендердің қаржы жағы қолбайлау боп тұрғандығы да сөз болды.

Проблемалары деп біріншіден, ауылдағы дренаж құбырының жұмыс істемеуінен көше ортасынан қазылған тоғанның тұрғындарға отын-су, шөп әкелу үшін қиындық туғызуы, электр мен телеграф бағаналарына зақым келуі десек, екіншіден ауыл жастары үшін спорт алаңының жоқтығы. Үшіншіден, мәдениет үйін күрделі жөндеу қажеттілігінен жабық тұруы. Ауыл тұрғындарының көбі егіс алқаптарында екен. Күз бен қыс мезгілінде жастардың бас қосатын орындары болса деген ауыл азаматтарының өтінішін қаперімізге ілдік.

(Қырғызсайда)

Қырғызсай ауылында ауыз су мәселесі «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері болды. Тұрғындардың осы мәселеге қатысты өтініштерін тыңдаумен кездесу басталды. Мұқият тыңдалымнан соң «Ұйғыр аудандық су құбыры» мекемесі басшыларымен істің мән-жайын бірге анықтау сұралып, оның нәтижесін жеткізу аудандық мәслихат депутаты Ж.Керімқұловқа тапсырылды.

«Горный» тау лагеріне баратын жолдағы өткелдің жағдайымен танысқан халық қалаулыларына ауыл әкімі бірнеше проблемалық мәселелерді атап көрсетті. Тоспа мәселесі, әкімшілік ғимараттың бүгінгі күн талабына сай еместігі, ауылда мәдениет үйінің мүлде жоқтығы, кітапхананың аядай бөлмеде орналасқандығы да халық қалаулыларының құлағына алтын сырға деп ілінді.

(Сүмбеде)

Сүмбе ауылындағы кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы А.Аширов пен мектеп директоры Қ.Доғалова қатысты. Мектеп интернетпен толық қамтылған. Су ағар, мектепке насос қою мәселесінің де түйіні шешіліп қалыпты. Мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектердің 8 млн теңгеге әкелген спорт құралдары мен күрес кілемі және бокс шаршы алаңы мектепке сән беріп тұр. Саламатты өмір салтын насихаттау және спортпен шұғылдануға толық мүмкіндік жасалған. Мектеп жанынан салынған футбол алаңы кез келген дәрежедегі жарыстарды өткізуге жарамды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да жұмыстар жолға қойылған. Ауыл тұрғыны Санат Қоқымбаев бөдене өсіріп, жанұясын асырап қана қоймай оны дамытудың жолдарын ұсынды. Жаңа тұқымдармен қатар инкубатор мәселесін де шешкен.

Шошанай ауылының тұрғыны Саят Атамбаев шылаушын құртын өсіріп, минералды тыңайтқыш өндіруді қолға алыпты. Ендігі мақсаты –жылжымалы егіс суғару агрегатына қол жеткізіп, сағатына 8 га алқапты суғарып, өзі ғана емес ауылдастарын да су тапшылығынан құтқару.

Жарты ғасырға жуық жас өрендерді білім нәрімен сусындатқан, тек ауданға ғана емес есімі облысқа танымал математик Майраш Ыбышева  зейнеткерлік жасқа жеткен соң ауласына ақ шаңқан киіз үй тігіп, қымызхана ұйымдастырған. Ауыл тұрғындары үшін керемет дүние.

Біздің мақсат – кемшілік іздеу емес, проблемалық мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру. Жеткен жетістіктерді паш ету арқылы аудан тұрғындарын еңбекке, бірлікке шақыру. Билік пен халықтың арасына алтын көпір бола білу. Елдің көкейіндегі көп мәселенің дұрыс шешім табуына мұрындық болу. Кері байланыс жасау арқылы істің нәтижесін көрсету.

Нұрәкім ЕСЖАН,

аудандық мәслихаттың хатшысы                                  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…