Басты бет Рухани жаңғыру Махаббатты өмірге айналдырған абыз

Махаббатты өмірге айналдырған абыз

0
594

Қазақ әдебиетінде кесек-кесек тұлғалар, сөз зергерлері атанған заңғар жазушылар көп. Әрқайсысы бір-бір тұлға. Сөз саптаулары мен өмірлік ұстанымдары әрқилы. Дей тұрғанмен оларды оқырмандары тамаша шығармалары, ондағы кейіпкерлері үшін бағалап жатады. Ал енді кез келген шығармасында махаббат, адами қасиеттер, отансүйгіштік, ұлтына деген сүйіспеншілігі мөлдіреп тұратын дара қаламгер бар, ол кім десеңіз өзіміздің сүйікті жазушымыз – Әзілхан Нұршайықов.

Кітап оқуға онша бас ұра қоймаған шағымызда «Махаббат, қызық мол жылдар» деген керемет кітап барын еститінбіз. Әлі балалығымыздан арыла алмай, сол бастауыш сыныпта жүрген кезіміз-ау. Мұрнымыздың сорасы кеппеген кезде қайдағы махаббат десек те ішкі дүниемізде әлгі кітапты қолға қалай түсірсек деген пиғылдың болғандығын жасыра алмаймын. Жазушының бағы жақсы кітап жазу ғана емес, оқырманның сарсылып іздеп жүруі десек, бұл жолда «Махаббат, қызық мол жылдардың» алдына түсетін шығарма жоқ-ау сірә. Әрине сонан соң «Ақиқат пен аңыз» шықты. Таудай алып тұлға, нағыз халық батыры Бауыржан Момышұлының адами бейнесін, оның әскери тактикаларын, шығармашылығы мен даналығын сол кітап арқылы таныдық десек қателесе қоймаспыз.  Диалог түрінде жазылған бұл шығарма Әзілхан Нұршайықовтың талантына, дарынына абырой қоса түспесе оны еш төмендетпеді. Бұл кітап та оқырманның бір-бірінен сұрап жүріп оқитын шығармасына айналды. Жазушының адалдығынан, жанының сұлулығынан, арының тазалығынан туған дүниенің өміршең болуы заңдылық. Жас буын мұндай кітап оқымайды деген жаңсақ пікір айтудан аулақпыз. Бірақ заманауи технологиямен қаруланған олардың өздері де бұл кітаптарды оқыды. Яғни Әзілхан Нұршайықов оқырманы ең көп жазушы деген түйін жасауға болады. Сол абыз ақсақалымыздың биыл 100 жылдық мерейтойы. Оқырмандары оны кезі келгенде атап өтері анық. Ал біз жазушының қысқаша өмірбаяны, шығармашылық жолымен таныстырайық.

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауы­лын­дағы орталау мектепті бітіріп, Ал­ма­тыдағы Тау-кен институтының жұмыс­шы факультетінде, Семейдегі Абай ат­ын­дағы Қазақ педагогикалық училищесінде, пе­дагогикалық институтында оқыған. 1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс басталған күннен соңына дейін ұрыс даласында болды. Соғыстан кейін Қа­зақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған. Әр жылдарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім мең­герушісі, «Социалистік Қазақстан» (қа­зір­гі «Егемен Қазақстан») газетінде әде­би қызметкер, бөлім меңгерушісі, ре­дак­тордың орынбасары, Павлодар облыс­тық «Қызыл ту» газетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, «Қазақ кеңес энциклопедиясында» тіл, әдебиет, фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғы­лыми қызметкер болып жемісті қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қазақстан Жа­зушылар Одағында проза кеңесі мен жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болып келді. Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Алыстағы ауданда” деген атпен 1956 жы­лы жарық көрген. 60-жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелі еңбек етті. Қаламгердің қаламынан туған «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Ма­хаб­бат, қызық мол жыл­дар», «Ақи­қат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің заман­даста­рым», «Қаламгер және он­ың достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты кі­таптары оқырман қауым мен сыншы­лар­дан жоғары бағасын алған. И.Буниннің, М.Шолоховтың, Т.Пав­лен­коның, А.Якобсонның шығармала­рын қа­зақ­шаға сәтті тәржімалаған.

­Халимадай ғашы­ғына қосылып, тату-тәтті өмір сүрген, екі ұл, екі қыз өсіріп, өрісі кеңейген, өзгесін айтпағанда орыстың үш батыры сынды шоқтығы биік, үш шығарма «Ақиқат пен аңыз» романын, «Халима» хикаясын жазған, ал­ғашқы романы он рет қайта басылған, «Махаббат, қызық мол жылдары» 50 жыл бойы оқушы қолынан түспей, сан ұрпаққа рухани азық бола білген.  Әзілхан сынды жазушы тым аз бүгінде. Халықтан «Ұлттың ұлағатты ұстазы», «Махаббат падишасы» деген атақ алып, аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған абыз аға. Жазушыны махаббат әміршісі атандырған «Ма­хаббат жыры», «Махаббат, қы­зық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» роман, повестері жастардың жастанып оқитын кі­таптарына айналса, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы бірқатар шетел тілдеріне аударылып ба­сылып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазу­шы­сы, Семей қаласының құрметті аза­ма­ты, бүкіл қазақ елінің, жұр­тының қадір тұтқан аза­маты, көркем сөздің хас шебері Әзілхан Нұр­шайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романын оқып өспеген ұр­пақ қазақ топырағында кемде-кем шығар. Ербол мен Меңтай бейнесі сол кітапты па­рақтағандардың кө­кейінде жыл құсындай сақталып қалғаны да рас. Бұдан кейінгі тағы бір елеулі дүниесі қазақтың хас батыры Бау­ыржан Момышұлы туралы жаз­ған «Ақиқат пен аңыз» еді. Осы роман арқылы біз Бау­ыржан ба­тырдың бүкіл болмысын, май­дандағы ерлігін, бейбіт күндегі адалдығын, азаматтығын, оның пайым-парасатының ерекше бол­ғанын, ой өлшемінің көп жұрттан көш ілгері тұрғанын танып, білдік. Сөйтіп, батыр тұлғасы көр­кем прозадан ойып тұрып орын алды. Қашан да жақсы шығарма автордың ғана емес, оқырманның да қазынасы ғой.  Бірақ, бір тәубе дерлігі, Әзілхан ағаның ар­тында қыруар шығар­малары қал­ды. Бұл жазушының екінші өмі­рін жалғастыратын өз­екті дүниесі. Әзағаңнан қандай мұра қалды десейші. Отансүйгіштік қасиет, ұлтын асқақтатқан өр мінез, ел болашағын ұлықтаған парасаттылық. Ақтарылып берген ақ батасы жас ұрпақтың шамшырағына айналды. Дү­ниені махаббат бесігіне бөлеп кеткен Әзілхан Нұршайықовтен әдебиетті әспеттеуді, махаббатқа адалдықты, туған жерге деген шексіз құрметті, жалпы адамзат баласын ардақтауды үйренуге болады. Істеген ісі қаншалықты ұлық болса, өзі өте кішік бола білді. Кеуде керіп, мен мықтымын деп төс қақпады. Халқы махаббат падишасы, махаббат маршалы деген атақтарды берді. Ол да жайдан-жай емес әрине. Өмірді сүйе білген адам барша адамзатты сүйеді. Ал бұл қасиет Әзілхан абыздың бойында асып-тасып жататын. Елдің бәріне мейірлене қарап, елжіреп тұратын бейнесі қандай еді. Соғыстың зардабын тартып, әдебиет деген дәрияның тереңіне сүңгіп, оның таза маржандарын теріп халқына таусылмас қазына сыйлады. Біреулер спорттағы жетістігімен, екіншілері сахнадағы таңғажайып өнерімен жұртты тамсандырса Әзілхан аға сұлу сөздерімен, жанды оқиғаларымен, шынайы кейіпкерлерімен халқына махаббатын сыйлады. Оның жазғандары өте қарапайым және өте күрделі. Олай дейтін себебіміз оның оқиғаларын өз басыңнан кешіріп отырғандай сезінетінің және жүрегің дір етпей қабылдай алмайтының. Сайып келгенде боямасыз өмірді әр жүрекке саф қалпында жеткізе білгендігінде. Сондай-ақ өз өмірінде таза махаббатпен өмір сүріп, пәк сезімнің шыңына шығып, оны бағалағандығынан да махаббат падишасы атанғаны. Абыздың өз сөзінен мысал келтірер болсақ.

Менің ойымша, махаббат үш түрлі болады, – дейді жазушы.

  1. Бала махаббат.
  2. Шала махаббат.
  3. Мәңгілік махаббат.

Бала махаббат әркімнің басында болады. Бала күнінде бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіт артынан ғашығынан көз жазып қалады. Балалық махаббатты мен де басымнан кешіргенмін.

Жұрттың көбі шала махаббатпен өмір сүреді. Алғашында бірін-бірі шын сүйдік деп қосылған екі жұп артынан аңғал қосылғандықтарын аңғарып, не ажырасып кетеді. Не, балалы-шағалы болғандықтан, жұптарын жазбай, тоқтап қалады.

Ал мәңгілік махаббат ілуде біреуде ғана болады. Сыңарынан айырылғаны қайтадан тұрмыс құрмай, өмір бойы жан жарын жоқтаумен өтеді.

Біз Халима екеуміз бір-бірімізге 9 жыл ғашық болып жүріп қосылдық.

Мәскеуде 4-5 жыл тұрған, Семейде өскен қала қызы 1947 жылы 5-маусымда электірі жоқ, радиосы жоқ, киносы жоқ, үйінде суы, көшеде дәретханасы жоқ алыстағы «Ақбұзау» колхозына келін боп түсті. Сол ауылда екеуміз бір жыл тұрдық. Халиманы жарқыраған қаладан қараңғы колхозға жетелеп әкелген махаббаттың күші еді.

Шындығында махаббаттың құдіретін жете түсінген адам ғана ол туралы шынайы жаза алады. Оның сезімін, оның бал дәмін шынайы татқан жан ғана махаббаттың не екенін жан дүниесімен түсінеді. Әзілхан Нұршайықов махаббат деген ұлы сезімнің әлдиімен ғұмыр кешкен жан. Сондықтан оған деген оқырманының махаббаты да күшті, ғаламат. «Махаббатсыз дүние бос» – деп Абай атам айтты. Ал Әзілхан атам оны бізге талдап жеткізді. Аталардан қалған махаббат мұрасын сол қалпында сақтауға бізге үлкен сезім берсін Жаратушы Ием.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…