Басты бет Иман Азан шақыру да – өнер

Азан шақыру да – өнер

0
517

Ислам дінін ұстанған исі мұсылман үшін діни дәстүрлер өміріміздің ажырамас бір бөлігі. Әрине дінсіз атеизм тәрбиесінде 70 жыл өмір сүрдік. Дінмен бірге дәстүрімізді де ұмыта жаздап, тәуелсіздігіміздің арқасында оны қайта жаңғырттық. Егемендігімізбен бірге дініміз, діліміз, тіліміз қайта оралды. Дін, ең алдымен, білім мен ғылымға негізделуі тиіс. Сондықтан, білім мен дін қатар жүруі керек. Осы заманғы алмағайыптар жағдайында имани білімді насихаттау жұртшылықпен арақатынастың жаңа үлгілеріне негізделуі тиіс. Мұның ең тамашасы – діни сананы тәрбиелеу. Мемлекет дәстүрлі рухани құндылықтарды паш ететін бағдарламалар жасаудан еш ұтылмайды.

Күні кеше ауданымызда бұрын-соңды болып көрмеген «Ең әуезді азан» тақырыбында байқау өтті. Азанды да кез келген адам шақыра алмасы анық. Оны ауданның теологы мен ауылдағы имамдар бірлесе отырып ұйымдастырды. Онлайн форматта өткен «Ең әуезді азан»  байқауына талап білдірушілер көптеп шыққандығы дін жолына түскен жастардың да көптігін ұқтырса керек. Ерекше айта кетерлігі, азаншылар байқауы өңірімізде алғаш рет өткізілсе де 20-дан астам азаншы қатысып, бақтарын сынасты.

Бұл шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастардың ислам діні туралы ғылыми көзқарастарын қалыптастырып, Отанымызды сүю, ата-бабаларымыздың рухани сенімін құрметтеу, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу және өңірдегі дауыс үні әсем азаншыларды анықтау.

Іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық мәреге жолдама алған үміткерлер арасындағы жеңімпаздарды аудандық орталық мешітте әділқазылар алқасы анықтап, лайықтыларға арнайы жүлде тағайындады. Дауысы мен оқылу мәнері ең жоғары деп бағаланған Тасқарасу ауылының тұрғыны Қанапия Қалимурат бірінші орынға ие болды. Үлкен Ақсу ауылынан келген Лачинбек Акбаров 2-ші, шарындық Сухраб Рустамжанов 3-ші орынды қанжығаларына байлады. Ұйымдастырушылар тарапынан жылы лебіздер айтылып, бұл бастаманың болашақта да өз жалғасын табатындығына сенім білдірілді.

Ұлттық құндылық деп отырғанымыз, ол – дін екен. Расында да, кеңес кезінде дінімізді сақтап қалған нәрсе – дәстүріміз. Өйткені, ораза ұстау, айт намазына бару, ауыз аштыру сияқты құлшылық амалдар дәстүрге айналды. Біз оны дәстүр екен деп түсіндік. Сөйтсек, дініміздің жүгін дәстүріміз көтерген екен. Дәстүр дегеннің өзі құдіретті күшке ие. Қазақ балаға ат қойса да, азан ша­қыру үшін де имамды шақырады. Құдайы ас берсе де имамға Құран оқы­тады. Жақсылыққа кенеліп жатса да, шүкіршілігін білдіріп, құрбандық шалып, Құран оқытып жібереді. Барлық қайғы мен қуанышта имамдар қызметте жүреді. Сондықтан азаншылардың байқауы үйреншікті болмаса да қажетті дүние деп қабылданды. Әртүрлі әуезді азанның үні жүрекке жетіп, бойыңды алып жатса онда оның нәтижелі болғандығы. Жастардың діни сауаттылықтарын арттырып, олардың бойына имандылық шуағын шашуға осындай шаралардың көптеп ұйымдастырылуы керек шығар.

Ақжол ТҰРАХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…