Басты бет Тағзым Бейнеттің зейнетін көру бір бақыт

Бейнеттің зейнетін көру бір бақыт

0
2,770

Бейнеттің зейнетін көру бір бақыт

Ата-ананың қамқорлығы мен тәлім-тәрбиесінен өмірлік азығын алып, есейіп ержетіп, бойжеткен соң өз алдына жеке тұлға болып қалыптасқан адам еңбектің ауыр да күрделі соқпағымен аяңдап жүріп, бала-шағаның несібесін теруге білек сыбанып кірісіп кететіндігі өмірдің алма-кезек құбылысы. Тыным таппай тіршілік етіп, таңдаған мамандығы мен игерген саласында телегей тер төгіп жүріп қасына қарттықтың қалай келіп қалғандығын да аңғармай қалады екен пенде. Осылайша өмірінің тең жартысын ерінбей еңбек етуге арнаған кез келген адам жасы ұлғайып, қажыр-қайраты сарқылғанда бейнетінің зейнетін көріп, қартаюдың ғибратын сезініп, кәріліктің өзіне тән бақыты мен дәмін татқысы келетіндігі заңдылық.

Айтпақ әңгімеміздің арқауы алақанында адал еңбектің табы бар, табанында тынымсыз тіршіліктің тілімдері қалған, самайын ұрпақтың тәрбиесі салған әппақ қырау шалған, өмір көрген бір әкенің еңбек жолы мен жүріп өткен ғұмыр соқпағы болмақ. Аталмыш кейіпкер Рысдаулет Мақсұтұлы 1953 жылы дүниеге келген. Тиірмен орта мектебінен білім алып шыққан соң жастайынан атакәсіптің артында жүріп, бауырларымен бірге әке-шешенің жиған малын өсіріп, көбейтуге қызмет жасаған. Азаматтық борышын өтеп, 1973 жылы әскерден оралған соң колхозда ірілі-ұсақты жұмыстар атқарды. Есейіп, ержеткен соң тағдырдың таңдауымен, бойындағы қызығушылығының жетегімен автокөлікке деген, сол замандағы техникаларға деген еліктеушілік еңбек жолын жаңа бір бағытқа бұрып, жаңаша бір мамандықты игеруге жол ашып берді. 1980 жылдан бастап аудандық мәдениет бөліміне автоклуб жүргізушісі және киномеханик болып қызметке орналасады. Сол жылдары маңдайына бұйырған асыл жары Зияхан анамыз да автоклуб меңгерушісі қызметін атқарды. Бір сөзбен айтқанда отбасылық автоклуб киномеханика саласының мамандары болып халыққа қызмет етті.  Бүгінгі күнде  4 ұл, 1 қыздың әкесі атанған бақытты жан. Тәңір сыйға тартқан ұл-қыздан көрген 13 немеренің атасы. Ағайынның арасын алшақтатпай, бір атаның балаларын бес саусақтың саласындай тату ұстап, көрген-түйгенін өнеге қылып, ақылын айтып жүрген әулеттің үлкені.       Кешегі кеңестік дәуірдің жүйесінде жанын салып қызмет еткен қазақ халқы сол кезеңде мал шаруашылығын дамытуды шыңырау шегіне шығарды. Малдың санын көбейту, рекордтық көрсеткішпен төл алу сынды жоспарлардың соңында өмірлері өтіп жатқан шопандардың қонысына киномеханик ретінде арнайы барып, кинофильмдер көрсетіп, көңілдерін көтеріп, бір уақыт тынығып қалуларына себепкер болған күндерін сағына да күрсіне де еріксіз есіне ала баяндап берді. Өзі қызмет еткен саладағы шұбатылған ленталар іспеттес өмірдің өзі бір кино секілді көз алдында өтіп кеткендігін де жасыра алмады.

Өмір шындығында қас пен көздің арасындай ғана. Көк жиектен іңгәлаған жаңа өмір шуақ шашса, жастық ғұмыр күн болып көтеріліп, айналаға арайын таратып үлгерем дегенше қарттық келіп қасыңа түстенеді екен. Сол атқан күнің құбыладан құлағанша шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелеп, еңбек етем деп маңдай терің сорғалап, жетістіктерге жетсем, биіктерді бағындырсам, бала-шағаны жеткізсем, немеренің қолынан су ішсем деген әр пенденің таусылмайтын арманы алға қарай жетелей береді екен. Сол армандарға жетуді баршамызға нәсіп етсін. Әр ауылдың ақылгөй ақсақалы, әр шаңырақтың арқасүйер әкесі, ел ағалары аман болсын.

Ақжол Нұрдәулетұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …