Азаттық – бақыттың шамшырағы

0
1,169

Тәуелсіздік. Азаттық. Бостандық. Қазақ  халқы  үшін  осы  сөздерден  асқан қасиетті қастерлі  ұғым  болған емес, болмайды да. Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлық асыл арманы. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара  жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс.  Осы уақыт ішінде Қазақстан етек-жеңін жинап, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес, зайырлы ел болды. Адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудің, даму мен болашаққа ұмтылудың қадамын бастадық.

Талай жылғы ұлы дүбір, дүрбелеңнен кейін жарқын болашақтың таңы атып, еркіндік есігін айқара ашты. Еліміздің арыстары талай жылдар тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы, келер ұрпақтың бақытты ғұмыры үшін аянбай күресіп, табандылық пен асқан қайсарлық, шыдамдылық пен беріктік танытты.

Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа қол созды. Атап айтқанда, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы дамыған, көп елдерге танымал ел. Қайсар төзім мен келешекке деген пәк сезімнің арқасында бүгінде біздің төбемізде қыран құс қанатын кеңге жайып, бақытты күннің шұғыласына бөлеуде.

Иә, бүгін біз еркінбіз.  Аяулы ата-бабаларымыз қол жеткізген Тәуелсіздіктің әрбір арайлап атқан таңы біз үшін бақыт, әрбір мерекесі – ұмытылмас ұлы күн.

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.

Түйіндей айтсақ, Тәуелсіздік біздің биік тұғырымыз.Тәуекелдің кемесіне мініп, төрт құбыламызды түгендеп, тек алға ұмтылудамыз. Бабалар қанының құнына келген  қасиетті атажұрт, қастерлі бостандық, киелі елдік, егемендік, бағалы бірлік – бәрі болашақ ұрпаққа қалған ұлағат. Ұлылардан қалған ұлағатты ұлы дүниелердің мұрагері – бүгінгі ұрпақ бізбіз. Біздің қоғамымыз уықтарын жаңа шаншып, шаңырақ көтерген отау үй тәрізді.  Осы уықтарды қадаған қолдар иесі жігерлі, намысты, білімді жандар болуы тиіс. Сондықтан Тәуелсіздіктің желбіреп тұрған туын болашақта желкілдететін, әнін әуеге әуелететін – сіз бен біз! Тәуелсіздік бізге, біз Тәуелсіздікке қызмет етейік!

Ғазиза ҚЫДЫРБАЕВА,

Ақтам орта мектебі қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…