Басты бет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Қарадаладан қанат қаққан қарлығаштар

Қарадаладан қанат қаққан қарлығаштар

0
554

Күні кеше ғана өнер ақын-жазушылардың нағыз ұстаханасына айналған Қазақстан Жазушылар Одағында үш бірдей ақын қызымыздың жаңа кітаптарының тұсаукесер кеші өтті. Қарадаладан ұшқан үш бірдей қарлығаштың әдебиет патшалығының қақпасын ашып, төріне шыққандары біз үшін зор мәртебе. Үлкен мақтаныш. Ақтамдық талантты қызымыз Самал Шәймерденова, тиірмендік лирик ақынымыз Айгүл Жұмәділ, таңдайына Алла тағалам сөздің құнарлысын салған Жазира Бақаевалардың жыр жинақтары Аспантау-Қарадала кітапханасының сөресіне қойылды. Керемет жаңалық. Ауданымыздан қанаттанып, үлкен өмір жолдарында өлең деген қасиетті ұғымды серік етіп, поэзия деген ғаламаттың биігіне нағыз дарындарымен жол тартқан үш ақынымыздың кешіне елімізге танымал ақын-жазушылар арнайы ат басын бұрды. Бұл да өлеңді мойындағандық, ақынды бағалағандық. Сұлу сөзден сарай салып, оның сәулетін ғажайып көрініспен өрнектеп, сөз құдіретіне көзі қарақты жандардың барлығын елітіп жүрген қыздарымыздың қуанышына ортақпыз. Ұзағынан сүйіндірсін.

Адамдарға өлең, жырдан, тамаша туындыдан гөрі қаржы, байлық жақындау боп кеткен қазір өзі бір қызықтау заман ғой. Нағыз таланттар кейде байқалмай, көлеңкеде қалып қойып, қолы ұзындар келсін-келмесін кітап шығаратын біртүрлі уақыт. Шығармашылық адамдары үшін өте қолайсыздау, бірақ қаржылары барларға ештеңеге шек қойылмаған қызық кезең. Осындай алмағайып шақта ізгілік танытып, кісілік білдіріп, азаматтық танытқан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев пен жазушы Сәуле Досжановалардың демеушілігі арқасында үш бірдей қарлығашымыздың жыр жинақтары жарық көрді. Самалдың «Іңкәр сезім», Айгүлдің «Ай-Қыз», Жазираның «Бақыттың кілті» деген кітаптарын Алматы қаласындағы «АСПАН» баспасы шығарған. Жазушылардың киелі орнында өткен бұл сұрапыл кештің тізгінін танымал тұлға, арқалы ақын Бақыт Беделхан өз қолына алып, үш қыздың Қарадала деген қасиетті жердің топырағында дүниеге келіп, поэзия деген ғаламат әлемнен өз орындарын тауып, өлеңнің құдіретіне бөленіп, сөздің киесін түсініп, оған тағзым етіп жүрген ақын арулар жайында мағлұмат беріп, олардың жырларына тоқталды. Елімізге есімдері танымал көптеген марқасқалар қатысқан бұл жиынды айрықша деп айту керек. Өйткені сөздің сойылын соққандардың алдында өз өлеңдерін тамылжыта оқып, оған нәр беріп, тыңдарманына жеткізу де жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бұл сынақтан олар еш сүрінбей өтті.  Оларды мойындады, өлеңдерін жоғары бағалады, адами қасиеттеріне сүйсінді. Аттары дардай, атақтары жардай аталарының баталарына көмілді. Бұдан артық не керек? Туған-туыстары, ауданның атпал азаматтары, аналары жыр кешінің құрметті қонақтары болды. Артынан қалың жұрты ілесті. Бұдан артық қандай бақыт сұрайсыз Жаратушыдан?

Аспантау-Қарадала кітапханасының сәулетшісі, мүсіншісі – Бақыт Беделхан. Идея авторы да өзі. Өңшең игі жақсылармен бірге жауһардай жырларын ұсынған сұлу қыздарымыздың кештерінің жақсы өтуіне атсалысқан, маңдай терлерін ағызған, жон терілерін сыпырған Бақыт Беделхан мен Ержан Алаштуған ақындарға мың алғыс. Самал Зікірияқызы өлеңін жалындатып, айбаттана оқыса, Айгүл нәзіктігімен, лирикасымен баурап алды, ал Жазираның жан жүрегі өз жырымен бірге тебіренді. Ақындық Алланың жіберген аманаты деп жатады. Егер солай болса онда біздің ақын қыздарымыз сол аманаттарына қиянат келтірмей, өлең сөздің қасиетін ұғынып, поэзия деген алып кеменің бағытын ұтымды ұстады дей аламыз. Бақыт Беделханың сөзіне жазылған «Қарадалам-ай» әнін жерлесіміз әнші, актер Әсет Есжан тамылжыта орындады. Кешті нұрландыра түсті. Кітаптарының тұсаукесеріне алғысөзін айтып, батасын берген Сәт Тоқпақбаевтың иығына шапан жабылды. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев аудан халқының жалынды сәлемін арқалап барып, ақын қыздарға сый-сияпатын ұсынды.

Өлең жырға сусындап жүргендердің шөлдері қанды, үш бірдей қарлығашымыздың шабыттарына шабыт қосылды, жаңа кітаппен кітапханамыз толықты. Бұдан артық қандай рухани азық керек? Қарадаланың қарлығаштарының қанаттары талмай, өлеңдері Аспантаудан биік асқақтап, жырдан маржан тағынып, оқырманын бақытқа бөлесін дейік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…