Бар қазаққа ана еді…

0
1,717

Қиындық көрмей өмірден,
Өмірдің құнын кім білген?
Махаббат таппай көңілден,
Көңілдің құнын кім білген?
Тегеурін таппай тeмiрден,
Темірдің құнын кім білген?
Қызулық таппай көмірден,
Көмірдің құнын кім білген?
Қайғылы болып қамықпай,
Шаттықтың құнын кім білген?
Ашығып асқа тарықпай,
Тоқтықтың құнын кім білген?
Жоқтықты көріп жұтамай,
Бардың құнын кім білген?
Жесірлік көріп жыламай,
Жардың құнын кім білген?
Қубастың зарын тартпаса,
Баланың құнын кім білген?
Қайратың кеміп қартаймай,
Жастықтың құнын кім білген?
Жауыздықты тойтармай,
Қаруын қарсы қайтармай,
Достықтың құнын кім білген?
Отан үшін аттанбай,
Ойран салмай жауына,
Ортақ болмай дауына,
Отанның құнын кім білген?

    Бұл халық жазушысы, ақын, шығармашылықта жүрген қыздардың анасына айналған бүкіл бір шығармашыл буынның қалыптасуына ықпалы жүрген, шарапаты тиген Мәриям Хакімжанованың өлеңі. Ақын анамыздың биыл 115 жылдық мерейтойы.

Мәриям Хакімжанова 1906 жылы 15 қарашада Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Қобыланды ауылында туған. Жұмысшы факультетінде оқыған. «Әйел теңдігі» журналында әдеби қызметкер, жауапты хатшы, кітапхана меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, аға редактор болып істеген. Тұңғыш өлеңі 1929 жылы, алғашқы өлеңдер жинағы 1935 жылы жарыққа шықты. 1945 жылы жеке кітап болып шыққан «Мәншүк» атты поэмасы 1947 жылы орыс тіліне аударылып басылды, поэма бойынша жазылған телесценарийі 1963 жылы теледидар арқылы көрсетілді. Екі рет «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1986 жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы берілді. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

Мәриям Хакімжанованың қадірін ел білді ме, жоқ па? Әйтеуір ақын қыздар ауыр тағдырлы ақын апаларының қа­ді­рін білді. Ақын қыздар жыр керуе­ні­нің басы етіп ұстады ол кісіні. Фариза Оңғарсынова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Әмина Шалабаева, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтхожина, Әдия Сексенбаева, Мағира Қожахметовалар үшін Мәриям ана ақылшы, арқасүйер, данышпан болды десек артық айтқандық болмас. Мәриям апайдың да олар дегенде шы­ғарға жаны бөлек-ті. Әрқайсысын бауы­рынан өскен ұрпақтай әспеттеп, аялап, сыртынан қамқор болып отыр­ға­ны, жарықтық. Тірісін ғана емес, қа­зақ­тың аты мәлім ақын, қайраткер қыздарының о дүниелік болып кеткен аяулы­ла­рын да еске алып, өлең жазып, естелік айтып, жи­нақтарын құрас­тырып әлек болып жү­ретін. Олар жайын­да жанының жары­мын берердей бәйек болып әңгімелейтін де қасиеті болыпты.

Мәриям апай 13-14 жасында қазақы жолмен көрші ауыл­дың бозба­ла­сына атас­ты­рыл­ған тұлым­ша­ғы желбіреген қыз бала. Он бес жасында көрші ауылдың түбітиек ба­ла­сына тұрмысқа шы­ғады. Араға жыл салып қошқардай ұл береді бесігіне. Ұзамай жар қосағы да, тар кемерін кеңітіп жарыққа шыққан аяулы перзенті де көз жұмады.

Ауыр тағдырды ой­ла­саң құйқа тамырың шымырлайды. 21 жасында күйеуі өліп жесір қалса, отыз бір жасында екінші отасқан жолдасы, сүйікті жары Серғали саяси қуғын-сүргіннің құр­баны болады. Өзі Бейімбеттің қамқорлығын көрсе, Мәриям апа­ның аналық мейірімін кімдер сезінбеді. 30-шы жылдары Серғалидан айырылғанымен қоймай, оны, балалары, бұрынғы әйелінің 90 жастағы әкесі, өзінің іні-сіңлілері барлығы жеті жетім Мәриям апаның қолына қарап қала­ды. Өзінің басында осынша қайғы тұра, жазықсыз атылып кеткен әде­биет­­тегі ағаларының отбасыларына да қарасады, жанын шүберекке түйіп жүріп, түнімен оларға шанамен сексеуіл тасыған күндерді бастан кешеді. Отыз жетінші жыл қазақ азаматтарына ғана емес, қазақ қыздарына да көтере алмас салмақ салды, тағдырдың ауыр жүгін арқалатты, сағын сындырды, қан жылатты. «Халық жауы» атанған ерінен теріс айналған әйелдер қаншама? Ал Мәриям апай болса қанқасап қоғамның шын келбетін қайғылы жүрекпен дар-дар айырып жыртты. 1937 жыл әңгіме болғанда қазақ жазу­шы­лары шындықты айта алмады деп жата­мыз. Шындықты осындай жағдайда ашу, арши айту оңай деймісің?! Қазақ ақын­да­ры арасынан 1937 жылдың қасіретін айта білген ақынымыз Мәриям Хакімжанова. Ол қиындық атаулының бәрін жеңіп 89 жасында бақилыққа аттанды. Ал ол көрген, ол төзген ауыртпашылық өлеңге айналып, өмірлік сабақ болып мынау тіршілікте қалды. Ұрпақты сатқын­дықтан, азғындықтан, қан-қасаптан сақтандырып саңқылдап тұр. Ол дүние жимай, байлық топтамай өтті. Бірақ айналасына аналық мейірімін молынан төкті.
Мәриям апаның соғыс жылдары қаржы тауып, Мұрын жырауды сонау Ақтаудан алдырып, «Қырымның қырық батыры туралы» жырды қағазға түсіріп алуын ерлік деп неге айтпаймыз? Қазірде бір экспедиция жасайтын істі апамыз бір өзі ғана тындырған. Осындай ірі тұлғаның әйел ретінде тағдыры қалай ауыр болды десеңші. Халық ауыз әдебиетінің жинақталуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бір ғана Қостанайға барған экспедиция нәтижесінде өзінің санауы бойынша Отан соғысы туралы – 9276, совет фольклорынан – 8471, халық фольклорынан – 10449, билер-шешендер сөзінен 4749 жол өлең жинаумен қатар Ы.Алтынсариннің 1884 жылы шыққан кітабы мен баспаға шықпаған 634 жол өлеңін, Алтынсаринмен жолдас болған 92 жастағы Хасен Сәбитов деген қарттың аузынан 2 бет қарасөзін жазып, фотосуретін қоса алған. Сондай-ақ, Нұржан Наушабаевтың 1903 жылғы өлеңдер жинағын, ешқашан жарияланбаған 1196 өлеңін, бұл кісі жайлы ел аузындағы аңыздан 19 бет қарасөзін, Кердері Әубәкірдің 2 түрлі өлеңдер жинағын, Ақылбек Сабалұлының 1907 жылғы өлеңдер жинағын, Қобыланды қиссасының 1914 жылғы (Семиозер ауданынан) нұсқасын, «Бозжігіт» қиссасының 1881 жылы татар тілінде басылған, басқа да бірнеше тарихи кітаптарды іздеп тапқан. Қазақстанның Халық жазушысы Мариям Хакімжанованың ақындығын, журналистігін барша жұрт білгенімен, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы екенін екінің бірі біле бермейді.

1939 жылы Қазақстан Жазушылары мен халық ақындарының екінші съезі болып, оған Мәскеу делегациясын басқарып жазушы Леонид Соболев келеді. Съезд қаулысына орай Қазақстан Жазушылар одағында сегіз бөлім ашылып, оған Соболевтің ұсынысымен Жамбыл бөлімі қосылады. Бұл бөлімге Иса Байзақов басшы, М.Хакімжанова көмекші болады. Кейін ол «Халық ақындары» бөлімі аталып, Қазақстанда тұратын ақын-жыраулардың аты-жөні тізімге алына бастайды. Мәриям ақынның ақын-жыраулар мұрасын іздестіріп, жинауы осы кезден бастау алады.  Мариям ақынның 91 жастағы Әбдірахман Жанаев қариядан жазып алып, Ғылым Академиясының сирек кездесетін кітап­тар мен қолжазбалар қорына тапсырған жазбасынан оның тапқырлығымен, өлеңмен тақпақтап жүйелі сөйлейтінінен хабардар етсе керек. «Тура биде туған жоқ» дегендей ақынның туралығын, шыншылдығын нені болса да батыл көзге айтатын, әділдігін де осы шешендік сөздерінен аңғару қиын емес. М. Хакімжанованың Мұрыннан жазып алған батырлар жыры «Мәдени  мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» томына енді. «Бабалар сөзінің» 50, 51 томында Мұрын жырауды, «Мұрын жыраудың айтуы бойынша жырды жазып алған – қазақтың көрнекті ақыны, әдебиетші Мәриям Хакімжанова» екені айтылады. Мариям ақын дүниежүзілік маңызы бар «Қырымның қырық батыры» эпосын өмір бойы жетілдіріп, жаңғырта, жаңарта жырлап бізге жеткізген. Мұрын жырау жырларын жазып ала отырып, оның мінез-құлқы, отырыс-тұрысы, жыраулық ерекшеліктері жайында да қағазға түртіп алып қояды екен. Жырау жеке отырғанда еркін көсіле алмай, жырдың кейбір тұстарын ұмытып қалады екен де, керісінше көпшілік жиналған шақта бауырын жазған тұлпардай самғап, үні ашылып, шабытына шабыт қосып, манағы есінен шығып қалған жыр шумақтарын да төгіп-төгіп тастайтын да қабілетке ие болған.

Тек ақын емес, ол жақсы әңгімеші, шебер очеркші, әдебиет зерттеушісі, белгілі қоғам қайраткері болған. Мәриям апасының қолынан ас ішіп, талай жас қан  майданға аттанды. Өзекті жарып шыққан  өлеңдерін аманат етіп апайларына тапсырды. Оны Мәриям апай қастерлеп сақтап, баспаға тапсырып, жарыққа шығуына жәрдемдескен. Аналық алақаны мол, кең пейілді, аса байсалды, кішіпейіл, жаны сұлу апайды ізін басқан  қыз-келіншек ақындарымыз өздеріне үлгі, ұстаз тұтты. Ақын 89 жасында қайтыс болса да 3 томдығының жарыққа шыққанын көре алмады. «Мен қазақтың қызымын асқақ үнді, өлеңдетіп қарсы алам шыққан күнді», – деп жырлап өткен ақын шығармалары тұтастай бір ғасырдың жинақталған шағын мазмұны  сияқты. Мәриям Хакімжанова қазақ поэзиясына қосқан үлесімен ғана емес, өзінің  азаматтық адалдығы, еңбектегі табандылығы, анаға жарасар байсалды мінезімен де бүкіл қазақ қыздарына үлгі де, өнеге де бола білді. Адалдықтың ақ туын желбіретіп өткен ақын апамыз өзінің шығармаларымен, өмір-өлеңімен әрқашан туған халқының ортасында, ұрпағының жадында.

Баспасөз беттерінен әзірлеген Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…