«Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін».
Жалынды жыр жолдары сөз өнерінің сөнбес шамшырағы Қасым Аманжоловқа тән. Оның поэзиялары жылдар қанатымен бірге самғап, келешек күндердің кеңістігіне көтеріліп келеді.
Халқымыздың дауылпаз ақыны, эстетикалық деңгей сипаты жоғары, аударма шебері Қасым Аманжоловтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына тұспа-тұс келген бұл мерейтой үлкен мағынаға ие.
Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүние есігін ашқан. Көк дауылдай кеуделі жігітті, өмірге көзін ашпай жатып «жетімдік тағдыр» желкелеген өрімдей балдырғанды ағасы өз бауырына басып, қамқор-лығына алады. Жоқшы-лық пен ауырт-пашылық-қа қабыр-ғасы қайыспай төтеп бере білген ақын бірнеше жыл ағасының қолында тәрбиеленіп, ауыл мектебінен тәлім алады. Кейіннен бозбала шаққа қадам басқан ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Одан әрмен қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Кейіннен, Ленинградтағы орман шаруашылық институтын тамамдап «Лениншіл жас» газетіне орналасып, білімін шыңдау мақсатында көптеген газет-журналдарға сын-мақалалар жариялап, жас таланттардың қабілет-қарымына әсер еткен ақын ретінде қалыптаса түсті. Аталмыш ақын, тек поэзия жанрында шектеліп қана қоймай, бірсыпыра музыкалық аспаптарға бейім екенін көрсете білді. Ұлттық рухты асқақтата түскен дарабоз ақын 1941 жылы армия қатарына шақыруға алынып, Қиыр Шығысқа аттанады. Сұрапыл соғыс, қанды қырғын, қызыл өрттің ішінде жүріп өз мақсат-міндетін асқан жауапкершілікпен жан аямай атқара білді. Соның нәтижесінде, «Орал», «Сарыарқа», «Елге хат» сынды ұлт рухының жетістігі болып саналатын бірсыпыра өлеңдері дүниеге келді. Қасымның майдан шебінде шын мәнінде тума талант, рухты ақын, өр мінезді болғандығын оның еңбектерінен сараптап, бағамдап келеміз.
Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы қазақ поэзиясының ірі жетістігі дегенде, Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы айрықша аталатыны хақ. Бұл шығарманы үлкен ақындық дарын қуаттылығының нәтижесі деп бағалаған орынды. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы қазақтың ұлттық тіршілігінің Кеңес заманының шындығы тұйыққа тірелгенін бейнелеп көрсетеді. Ғасыр шындығын көркем бейнелеуге арналған поэманың үзік-үзік оқиғалардан құралуы дәуірге, оның сырын ашуға қажет материалдарды іріктеп алу ниетінен туғаны анық байқалады. Жеке күйінде сол оқиғалардың әрқайсысы суреткерлікпен ашылып, көз алдыңнан өтеді. Қасымның суреткерлігінің өскені, көркем тілі, ондағы адамдарға тән мінез-құлықты, психологиялық күйініш-сүйінішті шебер аша білуінен дәл-медәл көрінеді. Табиғат сурет-тері де жарқын. Табиғат ылғи да адамды тануға ғана қызмет етіп қоймайды, сонымен қатар ғасыр дертіне айналған экологиялық жүдеушілікті мойындауға да септігін тигізеді. Сол кезеңде-ақ қазақтың кең даласын жүнше түткен, орман шашын талдап жұлып, жар құлатқан снаряд күштері, шиеленіске толы кезеңнің себеп-салдарын «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында сұрапыл соғыста туған жалынды толғаныс, тебіреністерін аша түскендей…
Аманжол – Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың! Көп қырлы, терең мағыналы өлең, ақынның кемелденген тұсында жазылған. Өлеңдегі басты тұлға – Қасым Аманжолов өзі. Өзіндік ақындық тұлғасы мен адамгершілігі, мінез-құлқы өлеңде әр қырынан толық шешімін тапқан.
«Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе осы жағында. Қасымның мейлінше жағымды, лепті, күйлі, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұңаяды… Қасым поэзиясы домбыраның сағағынан күмбірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Сезіміңді тереңдетіп, мейіріміңді молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмірге әржақты жараса бермек. Сондықтан да өлімнің құшағына симайтын ақындардың бірі өзіміздің Қасым деп білеміз», – деп әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұлов өз бағасын берген.
Қазақтың тарихы, әдебиет-мәдениеті, фольклоры туралы көптеген мақалалар жазып, орыстың көрнекті ақындары атап айтқанда, А.Пушкин, М.Лермонтов, В.Маяковский сынды тұлғалардан шебер аудармалар жасай отырып, олардың үлкен поэзия жанрына терең үңіліп, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. Қасым Аманжолов шығармалары жайлы орыс және шетел әдебиетшілерінің басқа да туысқан халықтар жазушыларының пікірлері әр кезде газет-журнал беттерінде басылып тұрған.
Белгілі қазақ жазушысы М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың Қасым Аманжолов туралы көлемді «Екінші өмір» атты роман жазғанын айта кетсек құба-құп.. Аталмыш роман ұлы ақын өмір сүрген заман мен шығармашылық тұлғаның қайшылықты шындығын батыл да өткір көтеруімен бағалы. Сондықтан да ол орыс тіліне аударылып, біршама отандық және ресейлік әдебиет жұртшылығының жылы лебіздерін туғызды. Қасымның ақындық жолдағы басты бір ерекшелігі-оның екі тілде бірдей жазатындығы. Мейлі қазақ тілінде жазсын, мейлі орыс тілінде жазсын, оның еңбектерінің негізгі нысаны-ұлттық фольклортану, әдебиеттану және өнертану мәселелері, ұлттық, халықтық мұраттар. Өмірінің соңғы жылдары жазған еңбектерінде ол зерттеу объектісін бірсыпыра кеңітіп, Махамбет, Абай, Жамбыл туралы жаңа соны ойларымен көзге түсті, қазақ сөз өнерін фольклор, авторлық ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп зерттеу қажеттігі туралы жаңа пікірлер ұсынған болатын.
Әдебиет — белгілі бір қатып қалған стандартқа жүгінбейтін өзгеше әлем. Әр ақын сол әлемді өз ұғымына, түсінігіне, өмірді тану өзгешелігіне қарай ашады. Қасым да ақындық өнерімен ешкімге ұқсамайтын, жаңа тың бейне ашуға құқылы. Оның шығармаларының түрі, құрылысы да басқаға ұқсауға міндетті емес. Қасым шығармашылығы да осындай, әдебиеттегі көп түрлілікті байыта түсуге ұмтылысымен ерекшеленеді. Аталған поэзия-романдардың қазақ халқының бір ғасырлық өмірін тұтастай панорамалық суретке сыйғызып, әр оқиғаны бөлек-бөлек жазылған хикаядай әдебиеттің таныс үлгісімен суреттеуі де көңілге қонады.
Дауылпаз ақынның «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» дейтін өлең жолдары еске еріксіз түседі.
«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап,
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап» деп жырлаған ақиық ақын елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. Дарындылық түйсік дейміз бе, əлде ақындық оптимизмнің асқақ рухы дейміз бе, əйтеуір бүгінгі ұрпақтың көркем əдебиет пен сында еркін қалам тартуын көрегендікпен болжай алғаны шындық.
Шұғыла АБДИБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
журналистика факультетінің І курс студенті