Биылғы жыл көптеген танымал тұлғаларымыздың мерейлі тойлары. Солардың ішіндегі көзге жылы ұшырайтын, келбетінен сұлулық емес, мейірім төгіліп тұратын Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығы. Қазақтың ең мықты актері, ұлттық кәсіпқой театр өнерінің негізін салушылардың бірі Сераға Қостанай облысының Қарабалық ауданында 1896 жылы туып, Алматы қаласында 1979 жылы дүние салған. Қазақстанның халық артисі. КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері, екі рет Ленин орденімен марапатталған.
Әкеден жастай жетім қалған Серағаның өнерге деген құштарлығын оятуға туған жездесі Жүсіп Темірбеков пен қазақтың әйгілі жазушысы Бейімбет Майлиннің шапағаты тиген. Сераға 1913-1916 жылдары Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, 1920-1922 жылдары Орынбордағы татардың халық ағарту институтында оқып білім алған. Осында оқып жүріп «Қызыл керуен» труппасының жұмысына белсене араласып, өзінің сахна өнеріне деген қабілет-қарымын байқатады. Орынборда С.Сейфуллин, С. Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Бадыров сияқты қазақ әдебиеті мен өнерінің белгілі тұлғаларымен танысып, өнерге деген ықыласы арта түседі. 1922 жылы М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылып, осында Сераға алғаш рет Еспембет рөлін сомдайды. Кейін 1925 жылы Қызылордада кәсіпқой Қазақ драма театры ұйымдастырылғанда Сераға арнайы шақырылып, театрдың тұңғыш режиссері болып тағайындалды. Сераға өзінің актерлік ұзақ өмірінде театр мен кинода ондаған рөлдерді сомдап, қайталанбас шеберлігімен жұртшылық ықыласына бөлене білді. Қазақ киносының көркем жанр тарихының алғашқы қадамдары актерлік мектеп тәжірибесімен тікелей байланысты. Ұлттық театр тарихы 1926 жылдан басталса, қазақ театр сахнасының алғашқы актерлік құрамы көркем кино тарихын да қалыптастырды. Қазақстан тақырыбына түсірілген ең алғашқы көркемсуретті фильмдердің барлығына дерлік театр сахнасының актерлары қамтылды. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышпаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсеитов, Шәкен Айманов, Қапан Бадыров, Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римовалардың алғашқы көркемсуретті фильмдердегі рольдерінен ұлттық актерлық кино тарихы бстау алады.
Серке Кожамқұлов – ұлттық кәсіби театр және кино өнерінің негізін қалаған хас шеберлердің бірі. Ашаршылық пен соғысты өз көзімен көрген дарын иесі ешбір қиындықтарға қарамастан өмірінің соңына дейін өнерге адал қызмет еткен қайталанбас тұлға. Оның сомдаған рөлдері ешкімге ұқсамайтын ерекше. Комедия жанрының атасы деуге болады. Қызы Рената Қожамқұлова: «Он бір баладан қазір бесеуіміз ғана қалдық. Әкеміз білімге қатты көңіл бөлетін, соның арқасында бүгінде әрқайсысымыз аяғымызға нық тұрып, өз орнымызды таптық. Менен басқасының барлығы да ата-анамыздың жолын қуып, өнер әлемінде қызмет етіп келеді, –деп өздерінің көп балалы екендіктерін мақтанышпен жеткізсе, Мәриям қызы әкесі жайлы: «Әкеміз біздер үшін алып бәйтерек еді. Біз — балалары сол алып бәйтеректің шексіз сүйіспеншілігіне бөленген бұтақтары екендігімізді әрқайсысымыз өз орнымызды тапқанда білдік. Ата-анамызбен бақытты күндерді бірге өткізген, олардың иістері сіңген, талай тұлғалар бас сұғып, тізе бүккен қарашаңырақтың құдіреттілігіне күндер сырғып, жылдар жылжыған сайын көзіміз жете түсуде. Алып талант алып бейнелер жасайды деген рас-ау. Әкемнің образ сомдаудағы ерекшелігі шынайылылығында болған. Яғни, ол өз кейіпкерінің іші мен сыртын бірдей аша білетін. Бүгінде ол ойнаған фильмдерді көре отырып, әкемді тағы да тани түскендей болам. Оның актерлік қасиетінің құпиясын енді… жаңадан көргендей болатынымды да жасыра алмаймын. Жалпы әкем қазақтың төл шығармаларынан бастап, Батыс және орыс драматургиясында 170-тен астам кейіпкердің характерін жасапты»– деп әкесін есіне алады. Әкелері жайлы қыздарының берген бағсынан артық не айтуға болады.
Сахна саңлағы Серке Қожамқұлов жайындағы сөзді қазақ халқының жаңа тарихына көз жүгіртуден бастау керек. Өйткені қазіргі ең үлкен сахна шебері еліміздің ағасы Қожамқұлов — тарихымыздың куәгері ғана емес, қайта түлеген көркемөнеріміздің кеш бастаушыларының бірі, шоқтығы биік ірі тұлғасы. Қарашаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Серке Қожамқұловтың есімдері егіз. Әрине, көп жасаған, көпті көрген көненің көзін халқымыз қашанда сыйлай білген, ал Сер-ағаң болса көненің көзі, куәгері ғана емес, арбаның бел ағашындай сахна өнеріміздің бар салмағын көтерген, оны өгіздей өрге сүйреген бейнетқоры, тек ерінбес еңбегімен ғана емес жарқыраған талантымен, оқшау өнерімен қазақ сахнасының шоқтығын көтерген озық шебері. Шынында да осы бір ғана актердің өмір жолы, өнер жолы арқылы бүкіл қазақ театрының тұңғыш қадамынан бастап бүгінгі шыққан биігіне дейінгі бар өсу жолын, ізденіс бағдарларын түгел көрсетуге болар еді. Серке Қожамқұлов халықтың қалың ортасынан шықты. Сондықтан да ол халқына жақын. Шынайы таланттың ілгерілерден ерек, кейінгілер қайталай алмас өз сипаты, табиғат тарту еткен дара бітімі болады. «Кішкентай роль жоқ, кішкентай актер бар», — деген Станиславский сөзі театр қауымына мәтел боп кетті. Осы сөзді Сер-ағаң өз өнерімен мықтап дәлелдеген адам. Серке Қожамқұлов халқымыздың рухани байлығы. Ол біздің ұлттық мәдениетімізді байытқан кесек тұлға. Қазақтың ұлттық театрын жасауда, оны дамытуда Серке Қожамқұловтың орны ерекше. Шынайы шыншыл, асқан шебер суреткер өзінің саф таза өнерімен, өнеріне сай саф таза адамгершілігімен кейінгі ұрпаққа, бүкіл театр қауымына шапағатын тигізген ірі тұлға. Биылғы мерейлі күнінде ұлы шебердің алдында басымызды иіп, руханиятымызға қосқан зор үлесі үшін рақмет айту парыз болар.
Баян МАМЫРБАЕВА