Басты бет Сайлау 2021 Көшбасшы партияның адал мүшесімін

Көшбасшы партияның адал мүшесімін

0
420

«Nur Otan» партиясының өткен тари­хына назар салатын болсақ, ең алдымен тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы демократиялық үдерістер еске түседі. Қай салада да олқылықтар, кемшіліктер орын алып жатты. Ел есін жия алмай есеңгіреп, қарынның қамымен кетті. Рухани байлық, мәдениет, оның ішінде білім саласы да біраз ақсады. Сол жылдары елімізде көптеген салаларда реформалар жүріп жатты, саяси  партиялар мен үкіметтік  емес ұйымдар құрылып, жұмыс істей бастады. Ал егемендікке қол жеткізгеніне онша көп уақыт өтпеген елімізге халық мүддесіне  қызмет ететін, күш алып келе жатқан реформаларға қолдау  білдіретін саяси ұйым қажет еді.  Бұл мәселені  өзгелерден гөрі ертерек әрі тереңнен ойлаған адам сол кездегі Президентіміздің  өзі болды. Ол бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын партия құру керектігін айтты.


«Отан» деп құрылған партияның бірінші съезі 1999 жылдың 1 наурызында өткен еді. Бұл күн нұротандықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін де тарихи күн, тарихи оқиға болып табылады. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші съезде сөйлеген сөзі сол жылдар үшін саяси партияның қызметінде бағдарламалық құжат болды. Білім саласында істегендіктен біз партияның белсенді мүшелері болдық. Оны алыпқашпа сөздермен, сан саққа жүгірткендер де табылды арамыздан. Биліктің айтқанынан шыға алмайтын партияға тек бюджеттік мекемелер ғана іріктеледі, басқа ешкім қолдамайды деген қауесеттер де тарады. Ал партияның шынайы мақсатын түсінген біз сияқты бюджеттік, мемлекеттік мекеме қызметкерлері болғандығы жасырын емес.
«Алау» бастауыш партия ұйымына жетекшілік еткеніме 8 жыл болды. Бір рет партияның съезіне делегат болып қайттым. Ол сәтті суреттеу мүмкін емес. Партияның күшін, бағыт, бағдарын сол кезде жан жүрегіммен түсіндім. Партия Төрағасының сөзін залда отырып есту дегеніңіз бір ғанибет. Кез келгеннің басына қона бермейтін бақ болар. Ол маған бұйырғанын өзімнің партияға деген адалдығымнан деп ойлаймын. «Жандайшап, биліктің тоқпағынан шыға алмай қалған партия» деп сынап, мінейтіндер де табылып жатыр. Осы уақытқа дейін партия белгілеген тапсырмаларды жүзеге асыру арқылы біз өзіміздің партия жұмысына үлесімізді қостық дей аламын. Облыстық бастауыш партия ұйымдары арасында жарыс өтті. Тапсырмалары күрделі болды. Сол сайыста топ жарып жүлделі үшінші орынды иеленіп қайттым. Менің партияға деген адал көзқарасымды осы байқау дәлелдей түсті. Қазан айында өткен партияішілік праймеризге өз кандидатурамды ұсынғандағы мақсатым – партия атынан ауданға пайда, табыс әкелетін шаруаларға атсалысу болатын. Онда көпшілік дауысқа ие болдым. Менің қолдаушыларым бар екендігіне көзім жетті. Тарихымызда алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілген додада өзіндік бағамды білдім. Сайлаудағы жеңіс партияның қоғам алдын­дағы беделін көтереді, партия мүше­лері­нің қатарын көбейтуге ықпал етеді. Өзіне жүк­телген міндеттер мен алға қойылған мақ­сатты орындауға адамға құлшыныс береді. Кезінде қоғамдық институттар тарапынан жіберілген кемшіліктерге байланысты босаңсып кеткен жастар тәрбиесі мәселесі қайта қолға алынды. Жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын және басқа да мәселелерін шешуге, оларға қолдау-көмектер көрсетуге ерекше назар аударыла бастады. «Жас Отан» жастар қанатының құрылуы соның нақты көрінісі болып табылады. Бүгінде осы жас­тар ұйымы «Nur Otan»партиясының сенімді ізбасары болып жүр. Осылайша, бастапқы кезде-ақ біздің партия­мыз мемлекеттің нығаюына, қоғамның бірігуіне және азаматтардың мүддесін қорғауға қызмет ететін саяси күш екенін дәлелдеп берді. Көпшілікті береке-бірлікке, ынтымаққа үндеп, бұл ұғымдардың көп этносты Қазақстан үшін қашан да қажеттілігіне барынша көңіл бөлді. Партияның басты мақсаты – Тәуелсіздігімізге сызат түсірмеу. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді. Бүгінде еліміз кең-байтақ аумаққа ие. Өткен ғасырларда ата-бабаларымыз осы жерлерді көз алартқан басқыншылардан ат үстінде жүріп, небір шайқастарда найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалғаны тарихтан белгілі. Енді сол аманатты көздің қарашығындай қорғау бүгінгі ұрпақ пен келешек ұрпаққа бұйырып отыр. Елбасымыз атап өткендей, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. «Мәңгілік Ел» болу идеясын, сондай-ақ, оған қатысты жүзеге асырылатын іс-шаралар ең алдымен халықтың санасынан берік орын алуы тиіс. Сонда әрбір қазақстандықтың ел алдындағы, өз халқы алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы барлығымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге, ауызбірлік пен ынтымаққа жұмылдыратын ұран болды десек, қателеспейміз. Қазақстандық патриотизм – ел азамат­тарының Отан намысы алдындағы зор жауапкершілігі. Жұмысым бала тәрбиесіне тікелей қатысты болғандықтан өр намысты ұл-қыздың болашақ иелері екендіктерін саналарына құю, жүректеріне мықтап орнықтыру – басты мақсатым. Ал партия бұл бағытта жол нұсқаушы, бағджаршам іспетті. Алдағы сайлауда партияластарымның жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне кәміл сенемін. Өйткені «Nur Otan» – елдің елдігін, халықтың бірлігін, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуге қауқары жететін партия.

Бибігүл АБДИЛОВА,
аудандық мәслихат депутаттығына үміткер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

САЯСИ НАУҚАН ЕРЕКШЕ

Ауылдық округ әкімдерін сайлау қарсаңында ел ішінде сайлауалды науқан басталды. Ауданымызд…