Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Сондықтан ұлтаралық мәселеге де терең мән беріп қарауымыз қажет. Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы – халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім екені айдан анық. Бірлік болған жерде тірлік те, береке де болады. Оны өмірдің өзі дәлелдеп берді. Жастар арасында кейде ұлтаралық араздық, түсінісбеушіліктер туындап жатады. Бұл тәрбиенің, үйдегі, дастарқан басындағы әңгіменің дұрыс жүргізілмеуінен, әрине. Қазақстан деген бір ғана Отанымыз бар екендігі, оны бөлшектеуге, арандатушылық әрекеттерге апаруға ешкімнің қақысы жоқ деген ұғымды дүние есігін ашқан сәби кезден санаға құйылуы тиістігін өмірдің өзі дәлелдеп келеді.
Қазіргі біздің қоғамымызда келісім мен тұрақтылықты сақтаудың тұжырымдамалық жаңа механизмін қалыптастыру керек. Өйткені Қазақстан конфессияаралық келісімнің үлгісі, діндер үнқатысуының әлемдік орталығы болып табылады. Адамдарды күштеп емес, саяси мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамдық келісімнің биік
шыңына жетуге болады. «Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз болып табылады» деп атап көрсеткен Елбасымыз, партия төрағасы.
Нұротандықтардың жастарды тәрбиелеудегі рөліне жеке тоқталып өткім келеді. Өйткені өзім партияның аудандық филиалында біраз жыл еңбек еттім. Аз болса да тәжірибем бар. Басшыларынан құқай көрген немесе заңдылықты белшеден басқандардың талай теріс әрекеттерінен құтқаруды сұрап келген адамдардың тағдырына араша түстік. Жастар арасында жұмыссыз жүрген немесе мамандығы бойынша бос лауазымды орынға қолы жете алмай жүргендерге қол ұшын берген «Nur Otan» партиясы.Үлкендер де, жалғызылікті, көп балалы, тұрмыс деңгейлері төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасылары да шарасыздықтан көмек сұрап келетін. Солардың жағдайын шешіп, ақыл-кеңесімізді беріп, тиісті орындармен хабарласып, талай адамның көз жасын сүртуге себепкер болдық десек артық айтқандығымыз емес. Бүгін тұрғындардың үштен бір бөлігін жастар құрайды. Қазіргі жастар ақпаратпен толық қамтылған, креативті. Олармен өз тілінде сөйлесу қажет. Сондықтан партия «Электронды партия» жобасын ұсынды,
әлеуметтік желілерде жұмысын бастады. Бұл – өте позитивті сәт. Бұл партияның қоғаммен бірге жаңғырту сатысында, заманауи трендтермен қатар дамитындығын көрсетті. Патриоттық сезімі терең, рухани байлығы мол жаңа форматтағы қазақстандықтарды тәрбиелеу – Елбасы алға қойып отырған негізгі міндеттердің бірі. Ендеше, біздің партияластардың жастар ортасында да беделді қызмет атқаруы заман талабы.
Партияның ісі алға басуы үшін жастарға көбірек сенім жүктеліп отыр. Жастарға қолдау білдіру – партия міндеттерінің бірі. «Жас Отан жастар қанаты», «Жас ұлан» ұйымдары Қазақстанның жастарын ортақ елдік мақсат жолына бастай білуі тиіс. Елдің экономикасын алға бастыру үшін білім, жаңа технология, инновациялық жобаларды іске асыру жолында, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жастардың рөлі көрініп тұрғаны жөн. Жастар – болашағымыз. Болашақтың тұтқасы солардың қолында. Алдағы сайлауға атсалысатындар да – жастар. Сондықтан бұл сайлауда жастар мен әйелдерге бұрынғылармен салыстырғанда пайыздық мөлшер көбірек бөлініп отыр. Жастар дәуірдің ағысымен, технологияның өркендеуімен, цифрландыру, электронды заманның қадамынан қалыспай келеді. Бұл сайлауда да олар өздеріне бөлінген квотаға ие болып, ел мұқтажынан лайықты шығады деген сенім мол.
Сумбат ТУҒЛУҚОВА,
партияның жас белсендісі