Жылдағы дәстүр
бойынша мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындық барысы, жалпы ұстаздар қауымының
жұмысына баға беретін тамыз кеңесіне Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып,
сөз сөйледі. Ыстық ықыласын білдіріп, мұғалімдердің еңбегіне алғысын жеткізді.
Жақсылық хабарлары мен атқарылар жұмыстардың ауқымын айтты. Сегіз бағытқа
тоқталды. Солардың бірі үш ауысымдағы және азкомплектілі мекетептердің жайы.
Бүгінгі таңда 128 мектеп үш ауысымда болса,
31 мектеп апатты жағдайда екендігін жасырмады. Тәуелсіздік жылдары
1 198 мектеп салынғанын айтып, кейбір шалғай жатқан ауылдардың тек мектептер
болғаны үшін ғана тұрғандығын тілге тиек етті. Әрбір шағын
комплектілі мектептің ахуалы ауыл тағдырымен тікелей байланысты.
Ал, ауыл – біздің алтын бесігіміз.
Ата-бабамыздың мекені, терең тарихымыздың куәсі. Сондықтан, оны сақтап қалуымыз
керек, – деген сөзі жүрекке жылы тиді. Үштілді білімге қатысты айтқаны тіптен
қуантты. Ағылшын тілін оқытуды
2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды
әрі тиімді болады деп санайтындығын жеткізді. «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңның
толықтырылуын, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге көбейтуді
тапсырғаны көңіл қуантты. Ең мәртебелі саналатын мұғалімнің жалақысы көп болып,
жұмысына құлшынысы артса балаларымыздың да білім сапасы артары сөзсіз.
Ләззәт ҚАЙЫҢБАЕВА,
Қырғызсай орта
мектебі директорының орынбасары