Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарымыздың ұмыт бола бастаған тұстарын қайта қалпына келтіріп, оның мән-мазмұнын бүгінгі буынға түсіндіруге арналғандығын бәріміз жақсы білеміз. Қолдан жасалған бұйымдардың қашанда бағасы артық. Көз майын тауысып, бар ынта-жігерімен жасалған бұйымға қызықпайтын пенде жоқ шығар, сірә. Дегенмен қазір қолөнермен айналысатын адамдардың саны азайғаны жасырын емес. Бұрындары әжелеріміз үйде іс тігуді, тоқыма тоқып, кесте тігуді, жіп иіруді қыз балаға үйретіп отыратын жақсы үрдіс болғаны да рас. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәстүрлерді дәріптеу мақсатында аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығығында қолынан іс келетін ауыл әйелдері бас қосты. Олар кітап оқуға келген оқушыларға өздерінің өнерлерін паш етті.
«Өнерлінің қолы алтын» атты танымдық сабақ ретінде өткізілген қолынан өнер тамған К.Бокишева, С.Мамырбаева апайлар құрақ құраудың қыр-сырын түсіндірді. Құрақ қиындыларын әзірлеуді, мата түстерін таңдай білуді, дайын үлгілерді пайдалануды, сондай-ақ дұрыс біріктіруді де көрсетті.
Бес дұшпанның бірі ысырапшылдық болса, құрақ дегеніміз шығынсыз өнім жасаудың бір түрі екендігін де нақты дәлелдермен жеткізді. Ал тоқыма тоқу адамның қажеттілігін өтеумен бірге денсаулыққа да тиімді екендігін ұқтық. Өйткені жанына жақын кәсіппен айналысқан адам одан ләззат алса, оның көңіл-күйі көтеріледі, жүйкесі демалады. Ал қолөнер салт-дәстүрімізді жаңғыртумен бірге өзімізге ғана тән ұлттық құндылықтардың қайта жандануына мүмкіндік береді.
Кездесу соңында ізденімпаз жастарға қолөнер туралы аңыз, әңгімелер мен қызықты деректер айтылып, пайдалы ақпараттар берілді.
Әбзелқан МАЛДЫБЕКОВА,
кітапханашы