Көп балалы аналардың жанайқайы жетпеген құлақ қалмаған шығар. Әлеуметтік мәселелерде әлі де кемшін тұстар орын алып отырғаны жасырын емес. Оның болуы заңдылық. Дей тұрғанмен егемендік алған жылдардан бергі қол жеткізген табыстарымызды мақтанып айта алатын деңгейге жеткенімізді ешкім жоққа шығара қоймас. Экономикамызды тіктедік, мәдениетімізді дамыттық, ұрпақтар сабастығын жалғастыра отырып, рухани жаңғыру жолына бет бұрдық. Мұның өзі қаншама қиындықтармен, үлкен тер төгумен келген жетістіктер. Елбасының соңғы Жолдауы халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге арналды. Яғни тұрғындардың әлеуметтік хал ахуалының жақсаруы жолдарын ұсынды. Өзім мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін әркез көтеріп жүретіндіктен, әлеуметтік сала маған бір табан жақын. Аудандағы көп балалы аналар, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының мемлекет тарапынан жәрдемақылар, басқалай көмектер алатындығын да білемін. Әрине бүгінгі бағамен салыстырар болсақ оның мөлшері аздау. Азық-түлік қымбаттап жатқан мезгілде әрине жәрдемақылардың көбейгендігін қалаймын. Тағы бір назар аударар нәрсе көп балалы аналардың жер телімін алуға, пәтер алуға тұратын кезектеріне жеңілдіктер берілсе деген ойымды айтқым келеді. Шүкір дәрі-дәрмек, мүмкіндігі шектеулі жандардың ай сайын алатын памперстері, басқа да қажеттіліктері, санаторийлерге арзан бағаға баратын мүмкіндіктері бар. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақсылықтарға шүкіршілік етіп, масылдық пиғылдан арылып, қолынан келетін кәсіп тетігін табуға ұмтылатын уақыт жетті. Сондықтан әр адам өз өміріне өзі төрелік етіп, шамасы келгенше өз тіршілігін жасауға тырысса, өміріміз бүгінгіден де жарқын болмақ.
Жамал ОҚАЕВА,
аудандағы қимыл-қозғалысы кем мүгедектер қоғамының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты