АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ АУДАНДАҒЫ БӨЛІМ, МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫНЫҢ, АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ НАЗАРБАЕВТЫҢ «ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАСЫ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АРНАЛҒАН ҮНДЕУІНЕ ОРАЙ АКТИВ ЖИЫНЫ ӨТТІ. ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІНГІ ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ БЕН БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕРІМІЗ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫНЫҢ САРАБДАЛ САЯСАТЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ӨРКЕНДЕГЕН ЕЛІМІЗ ЖАЙЫНДА СӨЗ БАСТАҒАН АУДАН ӘКІМІ ШУХРАТ НУРАХУНОВ АУДАНДА АТҚАРЫЛУҒА ТИІС ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ.
Ол баяндамасында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеудегі бірінші бастама «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бойынша аудан халқын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жоспарланған жұмыстар жайын сөз етті. Ал екінші бастама «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» негізінде аудан басшысы көлік жүргізушілерінің, техникалық және әлеуметтік қызмет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысынан бір пайыз салық алынатындығын жеткізді. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы негізінде білім сапасын көтеріп, білікті мамандарды тәрбиелеу керектігін ескерткен аудан басшысы Шонжы политехникалық колледжінде білім алушылардың жатақханамен қамтамасыз етілгендігін айтып, оны алдағы уақытта ұлғайту жолын қарастыруды көздеді. Ал төртінші бастама «Шағын несие беруді көбейту» негізінде еңбекпен өзін-өзі қамтыған және жұмыссыз азаматтардың арасынан жаппай кәсіпкерліктің дамуына шағын несие едәуір үлес қосып жатқандығын айтып, өткен жылы «Бастау бизнес» бойынша арнайы білім алып, кәсіпкер атанғандар мен несие ала алмағандар жайында ақпарат берді. Осы жылы оларға шағын несие беру қарастырылып жатқандығын да айтты. Соңғы бастама «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бойынша аудан орталығы Шонжы ауылында газ құрылысының жұмысы қарқынды жүріп жатқандығын ескерте келе, ағымдағы жылдың соңына дейін ауыл тұрғындарына газ берілетіндігіне сендірді. Елбасының жоғарыда аталған бес бастамасындағы тапсырмаларды толықтай орындап, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бар күш-жігерді жұмсаймыз деп сендірді аудан басшысы. Баяндамадан кейін сөзге шыққан аудандық №5 коррекциялық кабинет директоры Мамытхан Құдайбергенов, Шонжы политехникалық колледжі директорының орынбасары Рахилям Даутова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Ақжол Ташкенов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Курбанбүби Алимжановалар Елбасының Үндеуіндегі көтерілген мәселелер халықтың негізгі ойы екендігін айтып, алдағы уақытта аудан тұрғындарының жағдайы бірқатар жақсарады деген сенім білдірді. Сонымен қатар әр уақытта ел Президентінің көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің дамып, алға қарай қарқынмен келе жатқандығын мақтанышпен айтты. Жиын барысында ұсыныс-пікірлер де аз болған жоқ. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров шағын несие беруде кепілдік көлемін азайту туралы ұсынысын білдірсе, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов болашақ педагогтардың жағдайы алаңдататындығын айтып, математика мамандығы бойынша мектеп қабырғасынан болашақ маман тәрбиеленіп, оларға грант бөлінсе деген пікірін ортаға салды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан білім сапасын көтеруде бәсекелестікті нығайтып, оларды белгілі бір мамандық иесі атану жолында және жұмыспен қамтамасыз етуде қызығушылықты арттыру керектігін айтты. Кез келген жас маманды баспанамен қамтамасыз ету күрделі мәселенің шешімін табар еді деген ойын білдірді. Ұсыныс- пікірлер назарға алынып, бірқатар бөлім басшыларына тапсырма берілгеннен кейін актив жиыны аяқталды.
Думан
САРТБАЕВ